Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2018

Өңірдегі тұрақтылық – тәуелсіздікті нығайтудағы маңызды алғышарт

787 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

28 қыркүйек күні Тәжікстан астанасы Душанбеде Тәуелсіз мемлекеттер достастығына (ТМД) мүше мемлекеттер басшыларының кезекті саммиті өтеді. Оған Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей және Өзбекстан президенттері, Түрікменстанның вице-премьері қатысады деп жоспарланып отыр. Арадағы қалыптасқан байланыстарды одан әрі жетілдіруге бағытталған бірегей алаңда өзара саяси ықпалдастық, мәдени-гуманитарлық салаға қатысты ынтымақтастық, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланбақ.

Өңірдегі тұрақтылық – тәуелсіздікті нығайтудағы маңызды алғышарт

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін өз алдына дербестігін алған елдер арасында саяси, экономикалық және ұлтаралық қатынастарда терең қарама-қайшылықтар орын алған тұста ТМД қызметінің тиімділігін арттыруда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айрықша рөл атқарғаны белгілі. Елба­сы­ның байыпты бастамалары ТМД кеңіс­тігінде сенім мен өзара түсіністікті нығайту, тұрақтылық пен қауіп­сіздікті жолға қою ісіне елеулі ықпал етті. Бұл бағыт­тағы іс-қимылдың түп-төркі­нінде дербестігін енді ғана алған елімізді «соқтықпалы, соқпақсыз» жолдардан аман-есен алып шығып, тәуелсіздіктің тұғырын дер кезінде нығайту мақсаты тұрғандығы кәміл. Қоңсыңның құты қашып, іргеңде дау-жанжал өршіп жатса, ел ішіндегі іс те берекелі болмайтыны белгілі. Сондықтан Елбасы сонау 1991 жылы Алматы Декларациясы арқылы негізі қаланғаннан бері ТМД елдері арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту, интеграциялық процестерді дамыту шараларына үнемі бастамашы болып келеді. Бүгінде Достастық мемлекеттерімен көп­жақты интеграциялық іс-қи­мыл Қазақстан сыртқы саяса­ты­ның ең маңызды бағыттарының бірі саналады.

Қазақстанның бастамасымен ТМД қызметінің тиімділігін арттырудың, оның құрылымын уақыт талабына сай жетілдірудің, өзара ынтымақтастықтың барлық бағытын қамтыған тұжырымдама мен оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары, ТМД-ның Экономикалық дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиясы қазіргі күні аталған бірлестіктің негізгі басым бағыттарын айқындайды.

ТМД-ның арқасында мүше елдердің сауда-экономикалық қатынастары ілгерілеп келеді. Соның ішінде еркін сауда аймағын құру туралы келісім бас­ты алғышарт болып отыр. 

Душанбе саммитінде күн тәр­тібіне шығарылғалы отырған мә­се­лелердің бір бөлігі қауіпсіздік саласына арналатынын ескере сөй­лесек, бұл саммитте ең маңыз­ды құжаттардың бірі – қыл­мысқа қарсы күрестің 2019-2023 жылдарға арналған бірлес­кен шаралары жөніндегі мемле­кет­аралық бағдарламаның жобасы қаралады. 

ТМД-ға қатысушы мемлекеттер аумағында Ұйымдасқан қылмысқа және басқа да қауіпті қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі үйлестіру бюросы әзірлеген бұл құжатты осы жылдың сәуір айында Минскіде өткен Достастық елдерінің Сыртқы істер министрлері кеңесі бекіт­кен-ді. Негізінен бұл бағдарламада транс­шекара­лық қылмысқа қарсы әрекет етудің барлық бағыттары қамтылған. Атап айт­қан­да, олар: есірткі құралдарының, пси­хотроптық заттардың және олардың пр­е­курсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес, адам саудасы және заңсыз көші-қон, сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласында жасалынған қылмыстарға қарсы іс-қимылдар. Бұл іс-қимылдар қазір­гі уақытта ТМД-ға қатысушы мем­лекет­тердің жеке бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылуда. 

Аталған бағдарламаның негізгі мақ­саты – ТМД-ға мүше елдердің арасын­дағы ынтымақтастықтың халықаралық-құқықтық негіздерін әзірлеу, тиісті салаларда ұлттық заңнаманы жетілдіру және үйлестіру, кешенді түрде келісілген немесе бірлескен операциялық-профи­лак­тикалық іс-шараларды іске асыру, қылмыспен күрес және мемлекет қауіп­сіздігін қамтамасыз ету саласындағы мем­лекеттердің күш-жігерін біріктіру.

Сондай-ақ құжатқа сәйкес ақпараттық және ғылыми ынтымақтастыққа, пер­сонал­ды оқытудағы өзара іс-қимылды, ма­ман­­­дардың біліктілігін арттыруға, ха­лық­­ара­лық ұйымдармен серіктестікті дамыту­ға барынша көңіл бөлінетін болады.

Бұдан бөлек осы басқосу кезінде 2018 жылы ТМД-ға төрағалық еткен Тәжік­станның есебі тыңдалып, бірлестіктің осы жылғы атқарған қызметі сараланбақ.

Саммит барысында, сонымен қатар мемлекеттер басшылары шағын құрамда интеграциялық бірлестік аясындағы өзара іс-қимыл туралы пікір алмасады әрі Дос­тастыққа төрағалық ету мәселелерін тал­қылап, ТМД-ның кезекті отырысының өтетін күні мен орнын белгілейді деп күтілуде.

Соңғы ақпараттарға қарағанда, ұйымға 2019 жылы Түрікменстан тарапы төр­­аға­лық етпек. Осыған байланысты Түрік­менстан ТМД-ның алдағы жылға арналған даму тұжырымдамасын жариялауы тиіс. 

Тағы бір айта кетер жайт, жиында 2020 жылы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге қатысты дайындық және оларды өткізу шараларының жоспары тура­лы шешімнің жобасы, соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендерді әлеуметтік тұрғыда қолдау мәселелері қаралмақ. 

Бұған қоса, 1948 жылғы 10 желтоқсан­да қа­был­данған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 70 жылдығына байланысты мемлекеттер басшылары арнайы мәлімдеме қабылдайды деп күтілуде. Оның мәтінінде аталған Декларацияның адам құқықтары мен бос­тан­дықтарын көтермелеу және қорғау саласындағы әмбебап стандарттарды нақты­лайтын маңызды құжат екені атап көр­сетіледі. Сондай-ақ онда адам құқық­тары мен бостандықтарын қам­тама­сыз ету үшін ұлттық күш салу­дың ма­ңыз­дылығы, адам құқықтары саласындағы өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықты жандандырудың қажеттілігі айтылады.

Саммитте 2021 жылды ТМД аумағында сәулет және қала құрылысы жылы деп жариялау және Душанбе қаласына 2021 жылы Достастықтың мәдени астанасы мәртебесін беру туралы шешім қабыл­данады деп күтілуде. Сондай-ақ басқосуда Көшпенділердің дүниежүзілік ойын­дарына және Шыңғыс Айтматовтың 90 жыл­дығына қатысты тиісті жобалар қарас­тырылмақ.

Әріптестіктің кең өрісі

Бүгінде ТМД мемлекеттері өзара сауда-эко­но­микалық қатынастарды нығай­та түсуі қажеттігін, экономикалық өсімді қам­тамасыз ететін жаңа ресурстарды із­дес­тірудің маңыздылығын терең түсінеді. Осы орайда ТМД көлемінде қызмет көрсетудің еркін саудасы кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндіктер туғызуда. Бұл мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық байланысын жаңа сапаға көтереді.

ТМД-ның бұған дейінгі саммиттерінде талқыланған мәселелерде, қабылданған шешімдерде, соның нәтижесінде қолға алынған ауқымды шараларда ұйым қызметінің қауіпсіздік, қорғаныс, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлескен іс-қимыл, ғарышты бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бағыттары жан-жақты қарастырылып келді. Осы орайда мемлекеттер басшыларының кеңесі тиісті өкілеттіктерді үкімет басшыларының, тиісті министрліктердің, шекара әскерлері қолбасшыларының кеңестеріне, сонымен қатар Экономикалық кеңеске беру арқылы ТМД-ны дамытудың негізгі стратегияларының талаптарын орындау жүйелі түрле жүзеге асырылуда. 

Өткен саммитте 2020 жыл – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс­тің 75 жылдығы деп жарияланып әрі ұйымға қатысушы мемлекеттер бас­шы­ларының Отбасы институтын және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қол­дауы жөніндегі мәлімдемесі қабыл­данған болатын. Сондай-ақ мүше елдер ішкі істер министрлерінің кеңесі туралы ережеге өзгеріс енгізу, қылмыстық жолмен тапқан табыстарды заңдастыру­ға, тер­роризм­ді қаржыландыру мен жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл сала­сын­дағы ынтымақтастығының, Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ынты­мақ­тастығының тұжырымдамалары туралы шешімдер шыққан-ды.

 Осы арада айта кетер жайт, осыдан үш жыл бұрын, яғни 2015 Бурабайда өт­кен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшы­лары­ның кеңесінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ТМД-ны трансформациялау­ға бағытталған бірқатар бастама көтерген болатын. Араға бір жыл салып, дәлірегі, 2016 жылы қыркүйек айында Бішкек қала­сын­да ұйымдастырылған ТМД-ға мүше мем­лекет­тер басшыларының кеңесінде Н.Назар­баев ұсынған бастамалардың не­гізінде Дос­тастықты бүгінгі уақытқа бе­йім­деу ту­ралы шешім қабылданған бола­тын. Ал 2017 жылғы Сочи саммитінде Елба­сы көтер­ген мәселелер толық қолдау тапты. 

Айта кеткеніміз жөн, Қазақстан тарапы ТМД-ға 2015 жылы төрағалық етті. Төрағалық тұсында Қазақстан ТМД қыз­метін өзара түсіністік пен бірлескен іс-қимылды нығайтуға, халық тұрмысын жақ­сартуға, өзара қарым-қатынасты одан әрі дамытуға байланысты маңызды шараларды жүзеге асырды. 

Бүгінгі таңда халықаралық ұйымның күш-жігері ТМД-ны одан әрі дамыту, оның әлемдік қоғамдастықтағы абыройын көтеру, бірлестік аясында келісілген шара­ларды іске асыру, ТМД кеңістігіндегі ын­тымақтастық үдерістеріне саяси қол­дау көр­сету, терроризмге, экстремизмге, есірт­кі заттары мен психотропты зат­­тар­дың заңсыз айналымына, адам сауда­сы­­на ж­әне заңсыз көші-қонға қарсы күрес сала­сын­­дағы әріптестікті дамытуға бағыт­талып отыр.

Сонымен қатар сауда-экономика, көлік-транзит, отын-энергетика салаларын­дағы өзара іс-қимылдарды жетіл­діру шаралары да ұйымның басты наза­рындағы шаруалар. Осы орайда ТМД мем­лекет­терінің қаржы-экономика сала­сын­дағы өзекті мəселелерді шешу жөніндегі бірлес­кен іс-қимыл жоспары, халық­аралық бай­ланыс тасымалын жүзеге асыру барысын­дағы ТМД елдері аумағындағы көлік қауіп­­сіздігі стратегиясы, ТМД-ға мүше мем­лекет­­тер­дің 2020 жылға дейін­гі кезеңге арналған аймақаралық жəне шек­ара­­аралық ынтымақтастық тұжырымда­масы зор маңызға ие.

Қорыта айтқанда, ТМД – мүше елдердің экономикалық байланысын дамытып қана қоймай, олардың қауіпсіздігін сақтауға да өз ықпалын тигізіп отырған бірлестік. Оның мол тәжірибесі ЕАЭО және ШЫҰ сын­ды беделді ұйымдардың жұмысына да өзіндік оң әсерін тигізіп отырғанын ес­керуі­міз керек. Осы орайда ТМД-ның бе­делі мен бірегейлігі, халықаралық қарым-қа­тынастағы маңызды орны, эконо­м­и­к­а­лық ынтымақтастықты тереңдету ма­қ­са­тын­дағы қадамдары атап көрсетілуі тиіс.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»