Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2018

Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ

729 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымдығымен Қазақстан Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. 

Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ

Отырысты ашқан Г.Әбді­қа­лы­қова сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет Қазақстанда мем­ле­кеттік саясаттың маңызды стра­те­гиялық басымдығы ретін­де қарастырылатынын атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев өзінің Қазақстан халқы­на ар­наған қаңтардағы Жолдауында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолындағы күресті жал­ғастыру қажеттігін айтқанына да тоқталды.

«Бүгінгі жиын селекторлық форматта өтеді. Іс-шараға Ал­маты, Астана, Шымкент қалалары­ның және облыстардың басшы­лары, сонымен қатар өңір­лік комиссиялардың мүшелері қа­тысып отыр. Өздеріңізге белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев барлық салаларда сы­байлас жемқорлықпен күрес­тің тиімділігін арттырудың маңыз­дылығына және тиісті алдын алу шараларын жүргізу қажеттігіне баса назар аударып отыр», деді Мемлекеттік хатшы. 

Отырыста жер қатынастары са­ласында заңдылықты сақтау мәселелері, білім беру ісіне бюд­жет қаражатын тиімді пайдала­нуды қамтамасыз етуі бағы­тында қабылданып жатқан шара­лар талқыланды. Жиын барысында Бас прокуратураның, Мем­ле­кеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Республикалық бюд­жеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктерінің баяндамалары тыңдалды. 

Жер қатынастары сыбайлас жемқорлық белең алған саланың бірі екені белгілі болып отыр. Тек соңғы 2,5 жылдың ішінде бұл сала бойынша сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет 457 қылмысты тіркеген. 78 адам сотталған. Прокурорлық тексе­ріс нәтижесі бойынша жерге қатыс­ты заңнаманы қолдану сала­сында 342 адам, оның 24-і мемле­кеттік қызметтің беделіне нұқ­сан келтіргені үшін түрлі жауап­кершілікке тартылған. 

Осы орайда отырыс барысында жер туралы заңнаманы, жеке баспана құрылысы үшін жер беру кезінде кезекті және мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімдерін сақтау, коммерциялық жерлерді бәссаудасыз иеленуге жол бермеу қажеттігіне мүдделі мемлекеттік органдардың назары аударылды. 

Білім саласында 2016 жылдан бері сыбайлас жемқорлық сипаттағы 510 қылмыс тірке­ліп, оларға қатысты 178 адам сот­талған. Әлеуметтік сауалнамалар жоғары оқу орындарындағы білім беруде, мектепке дейінгі мекемелермен балаларды қам­туда сыбайлас жемқорлық дең­гейі жоғары екенін көрсеткен. 

Талқылау нәтижесінде комиссия тарапынан өкілетті мемлекеттік органдарға анық­талған заң бұзу жайттарына қа­тыс­ты талдау жүргізіп, олар­дың ал­дын алу үшін тиісті тетік­тер әзір­леу арқылы шаралар қа­был­дау жөнінде тапсырма берілді. 

Жиын соңында Г.Әбді­қалы­қова сыбайлас жемқорлықсыз құқықтық мемлекет құру бағы­тында елде жүргізіліп жатқан р­е­формалар Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының басты міндеттері – жедел әрі сапалы экономикалық өсім мен елдегі халық тұрмысы деңгейінің жоғарылауына қол жет­кізуге бағытталуға тиіс еке­нін атап өтті.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»