Көрменің тақырыбы әлем жұртшылығы үшін аса маңызды әрі өте қызықты еді. Бұл тақырып тіпті, бізді келешекте күтіп тұрған «5.0. қоғамының» міндеттеріне жету мақсаттарымен ұштасып жатыр. Ал бұл қоғамның тұжырымдамасы қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша белсенді дамып келеді. Мәселен, Жапонияда мемлекеттік және жекеменшік секторлар осы ұлттық жоба бойынша бірлесіп жұмыс істеуде.
«5.0 қоғамы» дегеніміз – аң аулау, ауыл шаруашылығы, индустриялық және ақпараттық қоғамдардан кейінгі бесінші кезең болып табылатын озық ақпараттық қоғам. Ол физикалық кеңістікті (шынайы қауымдастық) кибер-кеңістіктпен (виртуалды қауымдастық) біріктіретін интернет заттары, жасанды интеллект, роботтар сондай-ақ үлкен деректер (Big Data) сияқты инновациялық технологиялардың барлығын қамтиды.
Бұл болашақтың қоғамы денсаулық сақтау және медициналық көмек, азық-түлік және ауыл шаруашылығы, қоршаған орта сонымен қатар климаттың өзгеруі, энергетика және басқа да табиғи ресурстар, қауіпсіздік пен табиғи апаттардың алдын-алу, адам құқықтары саласындағы теңдік және гендерлік теңдік сынды салалардағы жаһандық проблемаларды шешеді. Шын мәнінде ол Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізе алатын өркениеттер көкжиегіндегі кемел қоғам болмақ.
«5.0. қоғамының» мақсаттары озық ғылым мен техниканың нәтижелерін енгізу арқылы тұрақты даму жолына түскен Қазақстанның негізгі стратегиясына сәйкес келеді. Оның ішінде «Цифрлы Қазақстан» сияқты жоғары басымдыққа ие мемлекеттік бағдарламаның бағыттарымен сабақтасатыны қуантады. Мұның бәрі келешекте адам өмірін мейлінше жақсартуға үлкен мүмкіндіктер ашады. Ол қазақ қоғамындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен де ұштасып жатыр.
«5.0. қоғамын құру» идеясы Жапон үкіметінің инвестициялық стратегиясының басты мақсаты. Оны жүзеге асыру үшін мемлекеттік және жеке меншік секторлар арасындағы ынтымақтастық шеңберінде әлеуметтік жүйені толыққанды өзгерістерге әкелетін серпінді жобалар қолға алынуда. Ал ЭКСПО өтетін 2025 жыл – біздің стратегияның кемел кезеңіне сәйкес келіп отыр.
Жалпы, Жапония әлемді өзгертуге, жарқын болашаққа жол ашуға айтарлықтай үлес қосқысы келеді. Ал бұл ретте 2025 жылға жоспарланған Дүниежүзілік көрменің маңызы зор деп ойлаймын.
Өткен жылдың сәуір айында біздің Кансай облысының Осака қаласы 2025 жылы «Біздің өмірімізге арналған қоғамның болашағын жобалау» ұранымен Дүниежүзілік көрмені өткізуге өз кандидатурасын ұсынды. Яғни, Жапония биылғы жылдың 23 қарашасында өтетін Халықаралық көрме бюросының отырысында 2025 жылғы көрмені өткізу орны ретінде Осака қаласы таңдалғанын қалайды.
Бұл ЭКСПО-ны өткізуде басты мақсат ұлттың беделін көтеру ғана емес, оның негізінде бүкіл адамзатқа тән мәселелерді шешуге жұмыс істейтін идеяларды жүзеге асыруға ірі ғылыми-техникалық инновацияларды жүзеге асыру міндеті жатыр. Жапонияда өтетін Дүниежүзілік ЭКСПО сонымен бірге әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарға Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған орнықты дамуға, бақытты және салауатты өмірге жетуге жол сілтейді.
Меніңше бұл көрме болашақта жүзеге асырылатын «5.0. қоғамына» деген көзқарасты айқындауға тамаша мүмкіндік болады. Осака қаласында ЭКСПО-2025 көрмесін өткізу Жапонияның экономикалық өсуіне серпін беріп қана қоймай, жаһандық инновация деңгейін көтеруге де ықпалын тигізеді деп сенемін.
Көрменің өтетін орыны Осака қаласының жанындағы Юмэсима жасанды аралы болмақ. Ал 2025 жылғы мамырдан бастап қараша айына дейінгі 185 күнде оған келушілер саны 28 миллион адамға жетеді деп күтілуде. ЭКСПО-ны өткізу үшін Жапон үкіметінің және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының іскер топтардың араласуымен «ЭКСПО-2025 дүниежүзілік көрмесі комитеті» құрылды. Өткен жылдың наурыз айынан бастап мен осы комитеттің төрағасымын.
Өзім технолог маман ретінде инновацияларды бірлесе, жұдырықтай жұмыла жүріп жүзеге асыруға болатынын білемін. Оған өзімнің компаниямда (Toray Industries, Ind.) іске қосылған жобаларды мысал ете аламын. Мәселен, оның біріншісі – теңіз суын тұщытуға және сарқынды суды тазартып, қайта пайдалануға жарамды етуге арналған кері осмосты мембраналық технологиялардың дамуы. Бұл жоба бүкіл дүние жүзінің адамдарын біріктіру арқылы жүзеге асырылды, нәтижесінде бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша 370 миллионнан астам адам таза сумен қамтылды. Тағы бір жоба – әуе кемелері мен көлік құралдарының салмағын азайтатын көміртекті талшықтың дамуына қатысты инновация. Сондай-ақ отынды тұтынуды елеулі түрде азайту арқылы парниктік газдар шығарындыларын азайтуға көмектесетін технологияны айрықша айтуға болады.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, БҰҰ-ның орнықты даму стратегиясына осы бірігудің арқасында ғана қол жеткізуге болатынына сенемін. Ал оны жүзеге асыруға ең қолайлы алаң – «ЭКСПО Осака-2025» көрмесі болмақ.
ЭКСПО-2025 халықаралық көрмесі келешектегі өркендеу мен қолайлы өмірге арналған қоғамды құруға үлес қоса алатынына сенімдімін.
Мен осы жылдың мамыр айына дейін 4 жыл бойы Жапонияның Экономикалық ұйымдар федерациясының (КэйДанРэн) төрағасы болдым, оның құрамында жапон компанияларының 1500 өкілі бар. Ал Бүкіләлемдік көрмені өткізу кезінде адамзаттың ақыл-ойын біріктіру үшін әртүрлі саладағы осындай ірі компаниялардың белсенділік танытуы өте маңызды деп есептеймін.
«КэйДанРэн»-ның корпоративтік нормаларды анықтайтын «Ұжымдық тәртіп жарғысы» жасалған. Өткен жылдың қараша айында ол жарғыны қайта қарадық және әрбір компанияны инновациялық әрі креативті жетістіктерге басымдық беруге шақырдық. Жаңартылған «Ұжымдық тәртіп жарғысы» халықаралық қоғамдастық алдында тұрған мәселелерді шешуде жетекші рөл атқаруға ынталандырады. Онда ұжымдық этикаға және әлеуметтік жауапкершілікке, оның ішінде тұрақты қоғамға қол жеткізуге баса назар аударылған.
Сонымен қатар келешектің кемел қоғамын құруға бағытталған ғаламдық көрмеге жастардың белсенді қатысқанын қалаймын. Осакадағы ЭКСПО-2025 көрмесі бүкіл әлем жастарының асқақ армандары мен үп еткен үміттерін үкілейтін, жарқын болашақтарына сенім ұялататын шара болуға тиіс. Ол болашақтың қоғамын құрудағы көшбасшы болуы қажет. Сондай-ақ әйелдер жаңа нарықтар мен инновациялық шешімдерді құрудың басты қозғаушы күші болғандықтан, ЭКСПО-2025 көрмесіне әлемнің түкпір-түкпіренен көптеген қыз-келіншектер қатысып, жаңа идеяларды жүзеге асырады деген үміттемін.
Осылайша, Жапония әлемнің орнықты дамуына, өркендеуіне, қоғамның жетілуіне, кемел келешекке қадам басуына өз үлесін қосатын болады. «5.0. қоғамының» бастамасын алға жылжытып, БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына жету шараларын күшейту арқылы, сондай-ақ оны Қазақстанмен және бүкіл әлеммен жаһандастыру нәтижесінде іске асыра алады. Мен бәрімен бірге «ЭКСПО-2025, Осака, Кансай» жобасын жүзеге асыру арқылы болашақтың қоғамын құруға тырысамын.
Садаюки САКАКИБАРА,
Жапониядағы «ЭКСПО-2025» бүкіләлемдік әмбебап көрме комитетінің төрағасы, Жапонияның Экономикалық ұйымдар федерациясының (КейДанРэн) құрметті төрағасы, «Toray Industries, Inc.» компаниясының арнайы кеңесшісі