Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2018

Қазақ тілінен диктант жазды

1197 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылған жалпықазақстандық ашық диктант шарасынан Қарағанды қаласы да тыс қалған жоқ. Облыс әкімдігі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйытқы болуымен өткен ашық диктант елорданың 20 жылдығына арналып, «Астана – бейбітшілік бесігі» тақырыбында өтті. Шараға облыс бойынша 40 мыңға жуық адам қатысты.

Қазақ тілінен диктант жазды

Қуантарлығы сол, «Достық үйінде» өткен шараға өзге ұлт өкілдері де қатысып, тәп-тәуір нәтиже көрсетті. Ашық диктантты ұйымдастырудағы басты мақсаттардың бірі де осы еді. Диктантты оқу-тексеру жұмыстарын жаңадан құрылған «Ресурстық тіл орталығы» мекемесінің білікті мамандары атқарды.

Аталған мекеменің әдіскері Жансая Мұхаметжанова диктант мәтінін оқып, тақырыппен таныстырса, меңгеруші Жұпар Жақанова қатысушылардың сауатты жазуын тексеріп, ашық диктантқа қазылық етті. 

«Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Ерлан Құсайын Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында бірнеше жылдан бері «Мың бала» республикалық мәдени-ағар­ту жобасының ұйымдастырылып келе жатқанын атап өтті. Мемлекеттік тіл­дің қолданыс аясын кеңейту мақ­сатында мұндай шаралардың көптеп ұйым­дас­тырылып жатқанын да тілге тиек етті.

Диктант жазу ісіне этномәдени бір­лес­­тік­терден бөлек мемлекеттік және аза­мат­­тық қыз­метшілер, студенттер, мектеп оқу­шы­лары, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ ниет білдірген тұрғындардың барлығы атсалысты.

Осы күні ашық диктант «Достық үйімен» қатар облысымыздың басқа да қала­лары мен аудандарындағы кітап­хана­ларда, оқу орындары мен мектептерде де ұйымдастырылды.

«Қоғамдық келісім» мекемесі алдағы уақытта латын әліпбиі бойынша да ашық диктант ұйымдастырылатынын жоспарлап отыр. 

Ерболат ҚУАТБЕК,

«Ресурстық тіл орталығы» мекемесінің инспекторы

ҚАРАҒАНДЫ