Қоғам • 27 Қыркүйек, 2018

Солтүстік Қазақстанда медициналық туризм жанданып келеді

490 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Солтүстік Қазақстанда медициналық туризм жанданып келеді

Шекаралас аймақтарда медициналық туризмді дамытудың маңызы зор екенін Қазақстан да, Ресей де жақсы түсінеді. Осындай ынтымақтастық Солтүстік Қазақстан және Түмен облыстары арасында жақсы жолға қойылған.

Теріскейге арнайы  сапармен келген түмендік ақ халатты абзал жандар жергілікті емдеу мекемелерін аралап, техникалық жабдықталу жайымен танысты. «Дөңгелек үстел» отырысында  медициналық туризм саласын дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Денсаулық сақтау саласында шешімін табатын өзекті проблемалар аз емес. Соның бірі өңірде өкпенің қатерлі ісігі ауруларына шалдығушылардың азаймай отырғаны. Дәрігерлер оның себебін дертті бастапқы кезеңінде анықтау мүмкіндігінің жеткіліксіздігімен, адамдар скринингтік тексеруден өтуге құлықсыздығымен түсіндіреді. Онкологиялық диспансер УЗИ, химиялық терапия, диагностика кабинеттерімен жақсы жабдықталған. Инновациялық технологиялар облыстық балалар ауруханасында да қолданылады. Мұндағы хирургия жұмысы 80-90 пайызға жаңарған.

 «Шетелдік фирмадан лизинг арқылы эндоскопиялық құрылғылар сатып алынды. Оталардың басым бөлігі озық әдістер арқылы жүзеге асырылады. Бүйрек ауруларына шалдыққан науқастар республикалық ауруханаларға жіберіліп келсе, ота енді өзімізде жасалмақ. Құлақ дерттерін де хирургиялық жолмен емдейміз», дейді  облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов.

Мұнда медициналық туризмді біртіндеп дамытудың бірқатар жобалары қарастырылған. Биыл Ресейдің бірнеше тұрғынына жаңа лор құрылғысы арқылы ота жасалыпты. Меймандар облыстық ересектер ауруханасында, кардиологиялық орталықта болып, техникалық жарақтандырылудың жоғары деңгейде екеніне, білікті мамандармен қамтылғанына көз жеткізді. Ресеймен қатар Қырғызстан мен Өзбекстаннан да адамдар емделуге келеді. Электрокардиограммалардың тікелей қабылдануы миокард инфарктының алдын алуға көмектеседі екен. Түмендік әріптестер жергілікті емдеу мекемелерінің шетелдегіден еш кем түспейтін техникалық жабдықталуына жоғары баға берді.

Түмен облысы медициналық туризм орталығының директоры Вадим Гадевичтің айтуынша, ең бастысы - медициналық құрал-жабдықтардың  мүмкіндігін толық пайдалану. Бұл жағынан алғанда үйренетін тәжірибелер аз емес. Түмендік  мамандар да ТМД елдерінің тұрғындарын көп қабылдайды. Олардың арасында Қазақстан азаматтарының саны басым.  Ол медициналық қалашық салынып жатқанын, мұның өзі медициналық туризм бойынша бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Қос тараптың кездесуінде сапалы медициналық қызмет көрсетумен қатар пациенттерді вокзал, аэропорттардан қарсы алу, қонақүйлерге орналастыру және тағы басқа туристік кызметтерді өрістетудің оңтайлы жолдары да әңгімеленді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы