Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2018

«Қазмедиа» орталығында өңірлік БАҚ форумы өтіп жатыр

480 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін «Қазмедиа» орталығында өңірлік БАҚ альянсының ұйымдастыруымен медианың сандық трансформациясы: нарық, өндіріс және контент дистрибуциясы қандай болмақ деген тақырыпта БАҚ форумы өтуде.

«Қазмедиа» орталығында өңірлік БАҚ форумы өтіп жатыр

Өңірлік БАҚ форумы деп аталатын бүгінгі жиынды Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев ашты.

«Өңірлік масс-медиа өкілдерінің басын қосып отырған форум Astana Media Weeк апталығының  аясында өтіп жатқаны баршаңызға белгілі. Журналистер үшін, баспасөз қызметі мен ақпарат саласының басқа да мамандары үшін көптеген семинар-тренингтер өтті. Мемлекеттік мүддені халыққа жеткізіп, қоғамдағы өзгерістерге сай көзқарас қалыптастыруда аймақтық медианың маңызы зор. Осы орайда қазіргі күні өңірлік ақпарат құралдарының алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр. Ол - Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан саяси, экономикалық және рухани жаңғыру жөніндегі кешенді реформаларға жұртшылықты жұмылдыру»,  деді министр.

Медиа апталығының ұйымдастыруымен Өңірлік БАҚ форумы биыл үшінші жыл өтіп отыр. Аталмыш форумда жыл сайын өңірлік ақпарат құралдары тарапынан түрлі мәселелер айтылып келеді. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі форумда айтылған ұсыныс-пікірлерді зерделеп, өңірлік медиа сапасын арттыру бойынша шешім табуда. Соған сәйкес министрлік қазіргі эфирлік-цифрлық ақпарат, телерадиохабарларды таратуды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Алдағы уақытта аймақтық форум өзара пікір мен тәжірибе алмасудың тұрақты алаңына айналады деп сенемін. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өңірлік масс-медианың сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға әзір», деді Дәурен Абаев.

Бұдан соң еліміздің әр аймағынан келген қонақтар «Контент Маркет» - көрме холлындағы коворкинг-аймағын аралады. Сондай-ақ Astana Media Week апталығының аясында бүгін Өңірлік БАҚ альянсы ұйымдастырып жатқан медианың сандық трансформациясы: нарық, өндіріс және контент дистрибуциясы қандай болмақ деген тақырыпта БАҚ форумы өтіп жатыр.

Жиынға Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова, Өңірлік БАҚ альянсының президенті Ержан Сейтказинов, TNS Central Asia бас директоры Татьяна Старцева, Aiqyn газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Отырар телеарнасының басшысы Жанара Нұрсеитова, Nur.kz ақпарат порталының Бас директоры Қуат Бахридинов қатысты.

«Қазмедиа» орталығында өңірлік БАҚ форумы өтіп жатыр

Бәсекелестік жағдайында дәстүрлі БАҚ-тың жеңіске жетуі тақырыбында Aiqyn газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп жаңа медиа мен дәстүрлі баспасөзді қатар дамыту керек екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда 9 млн адам интернетті қолданады екен. Күніне 25-30 мың адам электронды үкімет қызметіне жүгінеді. Осының барлығы біздің ақпараттық жаһандандырудың жоғары қарқынмен жүріп жатқанын көрсетеді. 2002 жылы 1,4 млрд адам жаңалықты интернеттен оқып білсе, 2004 жылы оның саны 3,4 миллиардқа дейін  көбейді. Осындай жағдайда біздің дәстүрлі БАҚ нарық жағдайына төтеп бере ала ма, өмір сүре ала ма, болашағы қалай болады деген мәселе туралы әлемде де оның ішінде Қазақстанда да көптен бері әңгіме боп келе жатыр. Өмір, заман бір орында тоқтамайтынын көріп отырмыз, жылдам екенін көріп отырмыз. Сондай кезеңде сөз бәсекесінде қазақ баспасөзі жауапкершілік пен нақтылықты сезініп, көптеген жетпей жатқан нәрселерді жетілдіре отырып, жаңа медиа мен дәстүрлі баспасөздің арасын құстың қос қанатындай бірге ұстауымыз керек»,  деді ол.

Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше