Әлем • 28 Қыркүйек, 2018

Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қалай тойланады?

649 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Душанбеде өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мемлекеттері басшыларының кезекті отырысында Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңісіне 75 жыл толу мерейтойына дайындық шаралары талқыланды.

Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қалай тойланады?

Жиында осы мәселе бойынша ТМД мүше мемлекеттері – мемлекет аралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының тең төрағасы Михаил Швыдкой баяндама жасап, атқарылатын шараларды таныстырды. Оның айтуынша, жеңістің 75 жылдығын тойлау бойынша 49 шара өткізу қарастырылған. Солардың басым бөлігі соғыс ардагерлеріне қамқорлық көрсетуге арналған.

«Қазіргі таңда ТМД көлемінде 100 мыңға жуық соғыс ардагері бар. Оларға ерекше назар аудару қажет екені белгілі. Жоба бойынша өткізілетін шаралардың басым бөлігі ардагерлерге материалдық, медициналық және басқа да қамқорлық көрсетуге бағытталған», дейді М.Швыдкой.

Атап айтар болсақ, жобаның басты бағыттарының бірі соғыс деректерін бұрмалау әрекеттерінің алдын алуға арналған. Сонымен қатар М.Швыдкой жастарға жеңістің маңызын түсіндіру қажеттігін жеткізді.

Бұдан бөлек, жеңістің 75 жылдығына ТМД елдерінің бәріне ортақ арнайы медаль жасау қажеттігін ұсынды.

Жиын қорытындысы бойынша, ТМД мемлекеттер басшылары жеңістің 75 жылдығын атап өту жөніндегі шараларды бірауыздан қолдады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Душанбеден