Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2018

Қостанай облысында ауылдағы ауыз су қуанышын академик бөлісті

807 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Амангелді ауданындағы Амантоғай және Жалдама ауылдарына орталықтандырылған таза ауыз су құбыры келді. Бұрын осындағы Кеңес Одағы кезінде салынған су құбырының әбден тозығы жеткен болатын. 

Қостанай облысында ауылдағы ауыз су қуанышын академик бөлісті

Су тартқышты Арқалық қаласындағы «Аллюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі барлығы жыл тәулігінде бітіріп, 22 шақырым су құбырын тартты. Амангелді ауданының құрылғанына 90 жыл толуы мерейлі мерекесі кезінде орталықтандырылған су құбыры салтанатты түрде ашылды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов  бұл жұмыстың, су тартқыш құрылғылардың өте сапалы жасалғанын атап өтті.

 «Елді мекендер үшін ауыз су мәселесі өте маңызды. Елбасы тапсырмасымен ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету ісі атқарылып келеді. Сапалы атқарылған жұмысы үшін мердігерлерге ризашылығымды білдіремін. Амангелді ауданының орталы, Есір, Амантоғай және Үрпек ауылдарына су құбырын тарту үшін 2 миллиард теңге бөліп отырмыз, олар біртіндеп, шетінен бітіп келеді. Жол салынып жатыр, ауыз су келді, жақын күндері Арқалықтан ет комбинаты ашылады. Мұның барлығы ауылдың әлеуетін арттырады, еңбек етуге қолайлылық тудырады» деді Архимед Бегеженұлы.

Бұрынғы ескі құбыр кезінде Амантоғай ауылының тұрғындары күніне 1–1,5 сағат ғана су алатын еді, енді үйге тәулік бойы мөлдір су келіп тұр.

«Судың сапасын айтсайшы. Бұрын құбыр өте ескі болған соң, су да мардымсыз әрі сапасы төмен болды, кейде сынып қалса сусыз да отыратынбыз. Енді жанымыз кіріп қалды» дейді ауыл тұрғыны Гүлназ Әбдіқадырова.

Амантоғай ауылының ауыз су қуанышына белгілі академик Кенжеғали Сағадиев де ортақтасты. Жангелдин және Амангелді аудандарының құрылғанына 90 жыл толу тойына қонақ болған ол жерлестерінің қуанышына ортақтасып, туған жердегі ілкімді істерді көру үшін осында әдейі ат басын бұрыпты.

«Адам денсаулығының дұрыс болуына судың маңызы зор, сусыз өмір жоқ. Сондықтан Елбасы да ауыз су мәселесіне байланысты мемлекеттік бағдарламаның болуын тапсырған болатын. Сонау жыдардан бері осы бағдарлама жұмыс істеп келеді. Қазақтың даласы кең, ауыл, аудандар арасы жақын емес, сондықтан ауыз су құбырын тарту да оңай емес, шығыны көп шаруа. Дегенмен соңғы жылдары елдегі көптеген мекендердің таза суға қолы жетті. Бұл ауылдың, халықтың жағдайы жақсара түсуінің бір ғана көрінісі. Елбасының экономикалық саясатына рахмет айту керек, барлығы да біртіндеп орнына келеді» деді Кенжеғали Әбенұлы.

Ауылда таза ауыз су қазір 230 үйді, 7 нысанды қамтып тұр.Ауылдан кеткендерден гөрі, көшіп келушілердің қатары көбейе бастады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы

Амангелді ауданы

Соңғы жаңалықтар