Қазақстан • 30 Қыркүйек, 2018

Отандық өнімнің үлесі артпақ

360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақмола облысында Орта Азияда теңдесі жоқ Макинск құс фабрикасының салтанатты ашылуы болып өтті. 

Отандық өнімнің үлесі артпақ

Бұланды ауданында жылына 25 000 тонна құс етін өндіретін фабриканың  бірінші кезеңі іске қосылды. Құны 45,6 миллиард теңгені құрайтын жобаның қатысушылары қазақстандық және шетелдік инвесторлар, атап айтқанда, Aitas KZ Холдингі, Еуропа Қайта құру және даму банкі, «Вaiterek Venture Fund» АҚ және «Қазақстан даму банкі» АҚ-ның кредиттік желісі.

Фабриканың бірінші кезеңі тоғыз өндірістік алаңды қамтиды, соның ішінде: инкубатор; әрқайсысында он екі құс қорасы бар төрт бройлерлік, құс етін өңдеу зауыты, қалдықтарды қордаландыру желісі, қосалқы алаң, жемшөп өңдеу цехы. Бүгін фабрика ашылып, инкубатордың қақпағы жабылды. Алғашқы 300 000 жұмыртқа салынды. Фабриканың бірінші кезегіндегі қалған алаңдар үстіміздегі жылдың соңына дейін іске қосылатын болады. Екінші кезенің іске қосу 2020 жылдың екінші жартысына межеленіп отыр.

–Макинск құс фабрикасы тауық етін өндіру көлемдері бойынша Орталық Азия өңірінде ең ірі кәсіпорындардың бірі болмақ,–деді облыс әкімі Мәлік Мырзалин,–бұл шара ең алдымен Астана қаласының сауда сөрелерін сапалы құс етімен және жұмыртқамен қамтуға мүмкіндік береді. Әрі Макинск қаласындағы жұмыссыздықты жоюға да әсері болмақ. Біз өз тарапымыздан барлық қолдауды көрсетіп жатырмыз.  

Облыс әкімі импорттық азық-түлік тауарларын ығыстырып, отандық өнім мөлшерін көбейтуге тигізер фабрика септігін нақты талдап, қолмен қойғандай етіп айтып берді. Фабрика шығаратын негізгі өнім – тоңазытылған бройлер еті. Екінші кезекті іске қосқаннан кейін, кәсіпорынның қуаттылығы Қазақстанның құс етіне деген ішкі нарықтың қажеттілігін 15 процентке дейін қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сөз арасында 2017 жылы елдегі құс етін тұтыну 341 000 тоннаны құрағандығын айта кеткен ләзім. Жаңа фабрика өз кезегінде импорт үлесін қазіргі 50,4 проценттен 32,6 процентке дейін азайтуға мүмкіндік береді.

–Макинск құс фабрикасы – бұл әлемдік құс шаруашылығының озат үлгісі. Ең үздік жабдық, ең үздік тәжірибе осында,–деді Aitas KZ компаниясының бас директоры және құрылтайшысы Серік Толықпаев.

Сонымен қатар, ол стратегиялық жоспарда 2023 жылы қуаттылығы жылына 100 000 тонна құс етін өндіретін Макинск құс фабрикасының ІІІ-ші кезеңін іске қосу көзделгенін атап өтті. Бұл мақсатта қосымша 100 миллион доллар инвестиция салынады. Орта мерзімді перспективада компания ІPO-ға шығу мүмкіндігін қарастырып отыр. Макинск құс фабрикасы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарының нарықтарына бағдарланған, ең алдымен, Астана және Қарағанды қалаларына,мұнда өндірілетін тауық етінің 60% дейін өткізу жоспарланған.

Құс фабрикасының аумағында орналасатын барлық ғимараттардың жалпы ауданы 227 366,88 шаршы метрді құрайтын болады. Кәсіпорында биоқауіпсіздік пен өндірістің экологиялығы талаптарын сақтау мақсатында инкубациялық өндіріс, құс сою және ет-сүйек ұнын өндіру кезеңдерінде жоғары технологиялық энергия үнемдейтін жабдықтар пайдаланылады. «Aitas KZ» АҚ – бұл вертикальды-интеграцияланған Холдинг, өз құрамында өсімдік шаруашылығы, құс шаруашылығы және ет өңдеу саласындағы кәсіпорындарды біріктіреді. Холдинг құрамына 11 компания кіреді, оның ішінде жылына 25 000 мың тонна ет өндіру қуаттылығымен бройлер етін өндіру және қайта өңдеу бойынша табысты заманауи кәсіпорын – Өскемен құс фабрикасы және Макинск құс фабрикасы, оның қуаттылығы 2020 жылы жылына 50 мың тонна ет өндіруге дейін жетеді.

Осы күні құс етінен кәуап дайындау бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген айтулы шара өткізілді. Ұзындығы 222 метрлік құс етінен кәуап дайындалды. Сөз арасында бұған дейін осындай рекорд Ресейде жасалғандығын айта кетсек те болар. Олар 117 метрлік кәуап пісірген болатын. Осылайша Макинск құс етін өндіру фабрикасының ашылу салтанаты тарихи оқиға ретінде еліміздің шежіресінде жазылып қалатын болды.  

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы,

Бұланды ауданы