Қазақстан • 01 Қазан, 2018

Әлеуметтанушылар конгресі өтті

664 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Қазақстанның жаңғырту стратегиясы әлеуметтанулық өлшемде: жаңа құндылықтар, жаңа жүйедегі бағыт-бағдар, жаңа заман» тақырыбымен өткен Қазақстан әлеуметтанушыларының VI конгресінде әлеуметтану ғылымының бүгіні мен болашағы сөз болды. 

Әлеуметтанушылар конгресі өтті

Фото: Майгүл СҰЛТАН

Қоғамдық даму министрлігі мен «Қазақстан­дағы әлеумет­тану­шылар қауымдастығы» қоғам­дық ұйымы ұйымдас­тырған іс-шара аясын­да жас әлеуметтанушылар форумы, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті БАҚ өкіл­деріне арналған тренингтер және  тәжірибелі семинар өткізілді.

Астана қаласының 20 жыл­дығына арналған пле­нар­лық отырысқа Прези­дент Әкімшілігі Басшысы­ның бірінші орынбасары, Қазақ­стандағы әлеу­­мет­танушылар қауым­даст­ығының президенті Марат Тәжин, Қоғамдық даму министрі, сая­саттану ғылым­­дарының докторы Дархан Кәлетаев, Халық­аралық әлеумет­танушылар қауымдастығының (ХӘҚ) вице-президенті, әлеуметтану докторы, Рио-де-Жанейро (Брази­лия) Федералды университеті­нің профессоры, ХӘҚ Current Sociology журналының редакторы Элоиза Мартин, Жапония, Түркия, Ресей, БАӘ, Германия өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, сараптамалық қызметтердің өкілдері қатысты.

Марат Тәжин түрлі ғы­лым­­дарды тоғыстырған сала­­ның көтерер жүгі ауыр еке­нін айта келіп, жаңғы­ру стра­­те­гия­сындағы әлеу­мет­­тану­шылардың рөліне тоқтал­ды. Жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бүкіл қоғамды қамтуындағы әлеуметтану ғылымының рөлі айтылып, Елбасы бағдарлама­сындағы қоғамдық сананы жаң­ғырту міндетіне әлеуметтану­шылардың да қосар үлесі зор екені атап өтілді.  Әлеуметтік ғылыми жұмыстар сапасының сын көтермеуі, зерттеу жұмыс­тарының аз жүргізілуі, кең кө­лем­де жүргізілгеннің өзін­де қоғамдық қолданысқа ен­беуі де осы саладағы өзекті мәсе­лелердің бірі. Сондықтан жиынға қатысушылар  шетелден келген сарапшы мамандармен өзара жиі тәжірибе алмасу мәселесін көтерді. Сондай-ақ еліміздегі урбандалу процесі сөз болып, оған аз уақыт ішінде еліміздің әр өңірінен жиналған халықтың тұтас бір елорданы құрағаны мысал болды. 

Жиында азаматтық қоғамды дамыту, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және БҰҰ Даму бағдарламасы аясындағы әлеуметтік зерттеу­лердің таныстырылымы жөнін­де панельдік сессиялар өтті.

Айта кетейік, конгресс жұмы­сы­ның қорытынды материалдары Қазақстандағы әлеумет­танушылар қауымдастығының «Әлеуметтану-Sociology» жур­налының арнайы басылымында жарияланады. 

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»