Тарих • 01 Қазан, 2018

Тоғыз астананың тарихы «Ұлы Даланың киелі ордалары» жиынында талқыланды

658 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен аптада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Мемлекеттік архиві және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен елорданың 20 жылдығына орай «Ұлы даланың киелі ордалары» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Тоғыз астананың тарихы «Ұлы Даланың киелі ордалары» жиынында талқыланды

Конференцияның ашы­луында сөз алған Астана қа­ласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев конференция елорда тарихына үңілу арқылы Қазақ елінің XV ғасырдағы көне қалаларынан бастап қазіргі Астанасына дейінгі аралықтағы орталық ордалары тарихын архив құ­жаттарынан табуды көз­дейтінін айтты.

Ха­лықаралық ғылы­ми­танымдық конферен­ция­­ға Әзербайжан Респуб­ли­ка­сындағы Гейдар Алиев орталығының халықаралық жобалық қызметтер директоры Афран Мирзамаммадов, Гейдар Алиев орталығының бөлім басшысы Сеймур Мир­заев және тарих ғылым­дарының докторы, Қазақстан Президенті телерадио ке­шені директорлар кеңесінің мүшесі Марат Әбсеметов бастаған отандық ғылым са­ла­сының өкілдері, соның ішінде архив мекемелері басшылары мен қызметкерлері қатысып, баян­дама жасады. Майталман мамандардың қатысуымен пленарлық отырыс, дөңгелек үстел, панелдік дискуссиялар форматында жүргізілген жиын Қазақстанның жаңа астанасын қалыптастырудағы Н.Ә.Назарбаевтың рөлі, Архив құжаттарындағы қа­зақ ордаларының тарихы, архив арасындағы өз­ара серіктестікпен қатар бүгін­гі таңдағы архивтің өзек­ті мәселелері, шетелдік архив­тердің Ұлттық архив қорын толықтырудағы үлесі сынды мәселелерді талқылады. 

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Этнос­ара­лық қатынастар және ҚХА толеранттылығы орта­­лы­­ғының директоры Сатай Сыздықов өз баяндамасында: «Ұлытау төріндегі Елбасы зерделі сұхбатында «тарих­тың куәгері – Ұлытау» – деп қадап айтқан еді. Шын мәнісінде көпшілік Ұлы­таудың Жошы хан билеген тұсындағы үзік-үз­ік оқиғалары болмаса, оған дейінгі қазақтың ата-баба­ла­рының тарихына қатысты жерлерін біртұтастықта біле бермейді. Ал осы мәселе бойынша қалам тартушылар осы күнге дейін Алтын Орда тұсындағы Жошы хан билігі кезінен әрі тереңге қарай бара алмай жүргені шындық. Сондықтан осы бір олқылықтың орнын то­лық­тыруда өз үлесін қоса­ды деген ниетпен Қазақ хан­­дығына дейінгі дәуірде Ұлытаудың киелі орда бол­ғандығын айшықтауды мақ­сат тұттық» дей отырып, Ұлы­тау өңіріндегі біраз тарихи жерлерге тоқталып, тарихи деректер бойынша нақты мысал­дар келтірді. 

«Қазақстан астаналары архив деректерінде» атты тақырыпта баяндама жасаған Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архивінің қыз­меткері Ләйлә Рахипова: «Қа­зақ­стан астаналарының тарихын қазақ хандығының тарихынан таратар болсақ, онда біз 9 астана тарихын қамтимыз. Олардың кейбірі бірнеше жыл ғана астана болып табылса, кейбірі астана мәртебесін ұзақ жыл иеленген. Қазақ хандығының алғашқы астанасы Керей мен Жәнібек (1465-1469) негізін қалаған хан орда – ежелгі Созақ қаласы болған. Қазақ хандығының екінші астанасы – Сығанақ қаласы болып саналғанымен, нақты қай кезең екені туралы деректер жоқ. XVI ғасырдың аяғынан XVII ғасырдың 30-жылдарына дейін түркі тілдес халықтардың рухани, саяси, ірі сауда және қол­өнер орталығына айналған Түркістан (Яссы) қаласы қазақ хандығының сол кездегі астанасы болған. Шығыс дереккөздерінің мәліметтері бойынша Қытайдан Еуро­па­ға апаратын Ұлы Жі­бек жолындағы ежелгі қалалар­дың бірі – Ташкент. Қазақтар 1586 жылы Ташкентті жау­лап алып, 1630 жылы осы қала Қазақ хандығының астанасы болып бекітілген. Шамамен 100 жылдай Қа­зақ хандығының ордасы болған. Бірақ 1923-1927 жыл­­дарындағы Ақтабан шұбырынды кезінде қазақтар Ташкент қаласынан айырылып қалады...» деп әңгіме желісін сонау замандардан тарта келіп, бүгінгі Астанаға әкеліп тіреді. 

Қазақстан Пре­зи­дентінің телерадио кешені директорлар кеңесінің мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов болса­ бүгінгі жаңа Астана рухын қалыптастырудағы не­гізгі тәсілдер жөнінде сөз­ сөй­­леп, тарихи жадымыз­ды жаңғыртатын шынайы­ дүниелердің архивте шаң басып жатқандығына қын­жылыс білдірді. Кон­фе­рен­ция­ға Ұлттық архив­ ди­рек­торының орынбасары Әсет Несіпбаев, Халық­ара­лық «Қа­зақ тілі» қоғамы Астана қаласы бойынша филиа­лының төрайымы Нәсіп­­жан Абдрахманова, «Тіл және мәдениет» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Әнуарбек Ералы, «Тіл және мәдениет» қоғамдық бірлестігі төраға­сының орынбасары Алтынбай Мұса қатысып, ойларын орта­ға салды. 

Конференция аясында қатысушыларға архив қо­рын­дағы құжаттар не­гізінде ұйым­дас­тырылған «Ұлы Дала астаналары» атты көрме және университет қабырғасындағы мұражай экспонаттары көсетілді. Сон­дай-ақ конференцияда архив саласында талай жылдар еңбек етіп, зейнетке шыққан Дәметкен Омарова, Елена Кулакова, Рашида Ибраева, Көшкенбай Кенебаев сынды қызметкерлерге 1 қазан «Халықаралық қарттар күні» мерекесіне орай, естелік сыйлықтар табыс етілді. 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»