Өнер • 01 Қазан, 2018

Астанада дәстүрлі өнер фестивалі өтті

747 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қыркүйектің 26-28-і күндері Астана қаласының әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Өнер алды – қызыл тіл» атты фестиваль өтті. Үш күнге созылған шара жыр-терме, ән-күй, айтыс өнерін арқау етті. 

Астанада дәстүрлі өнер фестивалі өтті

Алғашқы күні Оқушылар сарайында фестивальдың ашылуы болып, бірінші кезек жыр-термеге берілді. Жыр­шы­лар ке­руенін түпсіз жырау, Қа­зақ­стан­ның еңбек сіңірген қай­­раткері, профессор Ал­мас Ал­матов бастап, кеш тіз­гінін өз қо­лына алды. Әрі қа­рай Маң­ғыс­таудың мақамын Сары­арқаға арқалап келген айтулы жыршы Амандық Көмеков жал­ғап, Елмұра Жаңабергенова, Айгүл Елшібаева, Елікбай Иса, Бақ­­дәулет Толыбекұлы, Ерке­бұлан Қайназаров, Қайыпназар Айт­пенов, Қоныс Жүсіпов, Қуан­бек Елбол сынды халыққа танымал жыршылар өнерлерін ортаға сал­ды. Оқу­шы­лар сарйының концерт залына лық толған жас­тар тапжылмай тыңдады.

Екінші күні Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінде жалғасын тапқан фестиваль ән мен күйге ұласты. Атал­ған кеште Абылғазы Ахм­а­­диев, Айтбек Нығызбаев, Жан­­ғали Жүзбай, Клара Төлен­бае­ва, Айгүл Қосанова, Сәр­сен­ғали Жүзбаев, Ерболат Шал­ды­беков, Батырлан Әбенов, Еділ Ба­сығараев, Жұмабек Қадыр­құлов сынды өнер саңлақтары ән салып, күй тартты. Кешті шертпе күйдің шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай жүргізді.

Үшінші күнгі кезек айтысқа келді. «Айтыс – бабалар мұрасы» деп аталған бұл кештегі айтыс бұ­рынғыдан өзгерек болды. Фестиваль болған соң да со­лай жасалған шығар, айтыс кә­дімгі бірі жеңіп, бірі жеңіліп жүл­де алып қайтатын айтыс емес, қай­та «айтыс» деген өнердің сан-салалы ерекшелігін айтатын айтыс болды. Алдымен көрер­менге «Қайым айтыс», «Жұм­бақ айтыс», «Өтірік өлең ай­тысы», «Салт айтыс», «Қыз бен жігіт айтысы» туралы бейне­сю­жеттер көрсетіліп, артынша Аян Ниязбек, Рай Дөңбай, Айбар Рағатов, Медет Жаманов, Мұха­меджан Мансұров, Нартай Тілеуқұл, Дәурен Ысқақ, Аруна Керімбек сынды танымал жас айтыскер ақындар көрсетілген үлгілермен айтысты.

«Бұл айтыскер ақындардың өрелі өнері, өрнекті сөздері арқылы рухани құндылықтарды және айтыстың түрлерін насихаттау, қазақтың төл өнері, құдіретті сөзі арқылы мемлекеттік тілдің мерейін арттыру, қолданыс ая­сын кеңейту. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының ма­ңыздылығын кеңінен дәріп­теу және өскелең ұрпақты ұлттық өнерді қадірлеп, отан­сүй­гіштікке тәрбиелеп, олар­дың та­ным-талғамын ұлт рухания­тына бағыттау», дейді ұйым­дастырушылар. Айтыс кешін танымал айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаров жүргізді.

Сонымен үш күнге созылған өнер керуенінің көрермені аз болған жоқ. Астанадағы зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қоғамдық бірлестіктер мен жас­тар ұйымдарының жетекшілері мен өкілдері, белсенді жастар және қызығушылық танытқан барша жұрт пен БАҚ өкілдері қатысты.

Осылайша фестиваль аясында қазақ халқының дәстүрлі төл өнерлеріне бағытталған әдеби-сазды танымдық кештер жоғары деңгейде өтті. 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар