Аймақтар • 01 Қазан, 2018

Алматыда халықаралық дәстүрлі өнер фестивалі өтті

969 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театры» қала күні  мерекесіне орай ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен бірлесіп «Алатау алабында» атты халықаралық дәстүрлі өнер фестивалін өткізді.

Алматыда халықаралық дәстүрлі өнер фестивалі өтті

Қанаты қатаймаған жас театрдың халықаралық беделді ұйыммен бірлескен іс-шарасы болып табылатын фестивальдің негізгі мақсаты – түркі халықтары мәдениетінің тұтастығын Алматы шаһарының сахна төрінде насихаттау. Бұл мақсат Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың: «Түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен. Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары» деген аталы сөзімен, сондай-ақ түркі әлемінің басын біріктіру идеясымен бір арнаға тоғысады.

Фестиваль Алматының орталығындағы «Жаңа Арбат» аталатын жаяу серуен көшесінде халықаралық дәстүрлі өнер мерекесіне қатысушылардың шеруімен шымылдық ашты. Он бір елден келген өнерпаздардың өз елдерінің туын, елтаңбаларын көтеріп, қосыла ән айтып, би билеп, көшені бойлап театрландырылған көрініс жасап жүріп өтуі, бір жағынан, шараны дәстүрлі өнерді көрнекі түрде паш ететін флеш-мобқа да ұқсатып жіберді. Қонақтар мен театр әншілері алаңда ән айтып, саз шалып, қала тұрғындары мен меймандарына дәстүрлі орындаудан шашу шашты, көрермен қауыммен естелік суретке түсіп, мың бояулы Алматы көрінісін Көктөбеге шығып, тамашалады. Ертеңіне Ықылас атындағы ұлттық аспаптар музейін аралап, мұражай қорындағы түбі бір түркі әлемінің дәстүрлі аспаптарындағы ұқсастықтарды көріп таң қалысты. Мұражай серуені қонақтардың қатысуымен БАҚ өкілдері мен қала жұршылығына алдын ала жоспарланған баспасөз конференциясына ұласты. Шетел өнерпаздары шаһарымыздың бүгінгі тынысы жайында алғашқы әсерлерімен бөлісті, өздерінің этномузыкасына, аспаптарына презентация жасап, пікір алмасты. Осы арада жиналғандарға әр қатысушы өз тілінде ұлттық аспабын дәріптеп, шеберлік сыныбын көрсетті. Осы, негізгі екінші күннің кешінде қала жұртшылығымен жеке дара таныстырып, дәстүрлі өнер өкілдеріне деген ел мерейін асқақтату үшін «Алатау» дәстүрлі өнер театрының» алдына қызыл кілем төселіп, фестиваль қатысушыларын зор құрметпен театрға кіргізу салтанаты өтті. Қошеметпен басталып, қала жұрты көптен күткен фестиваль концертіне жиылған театрдың концерт залы көрерменге лық толды. Алатаулық өнерпаздардың театрландырылған көрінісімен және ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтың құттықтау сөзімен фестивальдің негізгі бөлігі өз жұмысын бастады. Түркиядан арнайы келген Дүйсен Қорабайұлының «Бізді біріктіруші мемлекеттер емес, бізді біріктіріп тұрған – ортақ мәдениетіміз» деген сөзі көңілге түрлі ой салды.

Одан әрі гала концерт басталды. Күллі түркі әлемінің ұлттық өнерін паш еткен додаға еліміздегі әр өңірдің өзіне тән дәстүрлі мектебін насихаттауға —  Қайрат Кәкімов (Батыс Қазақстан), Ұлжан Байбосынова (Сыр өңірі), Саян Ақмолда (Қаратау-Сарысу), Тілеулес Құрманғалиев (Жетісу), Клара Төленбаева (Қарағанды-Семей), Ардақ Исатаева (Арқа), Нұрым Асқанов (Маңғыстау) және «Алатау» дәстүрлі өнер театрының өнерпаздары Жәкен Омаров (Оңтүстік Қазақстан), Қазыбек Әдікей (Алтай-Тарбағатай), Сәулежан Тақзия (Іле-Алтай) шақырылды.

 «Алатау алабында» халықаралық дәстүрлі өнер фестивалінің шымылдығын ашып-жапқан театрдың дәстүрлі әншілері Алатаудың алабын жанды дауыста шырқалған әуезді әнге бөлеп, мың бұралған алатаулық бишілер ән шырайын кіргізіп, жиылған жұртқа мерекелік көңіл күй сыйлады. «Алатау» театрының фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен бишілер тобы әзірлеген сахналандырылған композициядан кейін ортаға қобызшы Саян Ақмолда шықты.

Жалпы фестивальді ұйымдастырушылар алға қойған мақсаттың бірі – жаһандану дәуірінде дәстүрлі өнеріміз жат әсерлердің тасасында қалып, жұтылып кетпеуі үшін Қазақстанның әр өңіріндегі дәстүрлі өнер мектептеріне тән ән-күй мұрасын бір кештің өнбойында көрсету болатын. Осы оймен фестивальдің мәдени бағдарламасында концертті бастау мәртебесі қазақтың кәсіби қобыз музыкасының өрнегін салған дәулескер күйші-қобызшы Ықылас шыққан Қаратау-Сарысу дәстүрінің өкілі Саянға, оның орындауындағы Ықыластың «Жалғыз аяқ» күйіне берілді. Аймақтық дәстүрлер бойынша одан әрі сахнаға Жетісу дәстүрін лайығымен жалғастырып келе жатқан Тілеулес Құрманғалиев көтеріліп, Бармақтың «Мәті дәурен» әнін шырқады. Фестивальде сондай-ақ ежелгі Шығыс Түркістан аймағына тән Іле-Алтай дәстүрін «Алатау» театрының әншісі Сәулежан Тақзия таныстырса, тамырын оғыз-қыпшақ дәуірінен тартатын, сол дәуірге тән ән-жырды көмейден қайыру машығын жоғалтпай сақтаған Сыр бойы дәстүрін Ұлжан Байбосынова ұсынды. Ал аспаптық-айтушылық машық-мәнеріне қарап даусыз танып алуға болатын Маңғыстаудың ән-жыр мектебі қаршығадай ұмсынған Нұрым Асқановтың өнерімен көрінді. Кеште қобыз екі мәрте күңіренді, екіншісінде Алтай-Тарбағатай дәстүрінде Қазыбек Әдікей аталған аспап сүйемелімен халық әнін орындады. Сол сияқты сырнай да екі рет – бірінде Жәкен Омаров айтқан Оңтүстік Қазақстан өңіріне тән терме сүйемелі ретінде, ал екінші мәрте Қарағанды-Семей өңірлік дәстүрінің жарқын үлгісіндей Шашубай әнін Клара Төленбаева орындауында қолданылды. Еліміздің Шығыс, Орталық, Солтүстіке аймақтарын қамтитын Арқа өңірлік дәстүрінің ажарын осы жолы дәстүрлі әнші Ардақ Исатаева одан әрі аша түссе, ән мен жырдың алуан түрлі өрнегін Батыс өңірінен келген Қайрат Кәкімов Мұхиттың көкке тіп-тік шаншыта салатын әнтек ащы, лепті әнімен түйіндеді. Сөйтіп көрермендердің көз алдынан бір мезетте ұлан-ғайыр қазақ даласында ғасырлар бойы жасалған бірнеше музыкалық дәстүр заманауи үлгідегі LED-экранда әрбір орындаушы шығармасына орай әзірленген бейнебаянмен қабысып, құлақ құрышын қандыра тізбектеліп өтті.

Әйтсе де театрдың 724 орынды концерт залына жиналған көрермен қауымның тағатсыздан күткені – өзге бауырлас елдерден келген дәстүрлі ән-күй шеберлерінің өнер көрсетуі еді. Фестивальға барлығы он түркі елінен, жырақ жерден жақын көңілден – Ченгиз Бутун (Түркия), Чинара Гейдарова (Әзербайжан), Равшанжон Юнусов (Өзбекстан), «АКАК» комузшылар ансамблі (Қырғызстан), Альфис Галиуллин (Татарстан), Ишморат Ильбаков (Башқұртстан), Чейнеш Байтушкина (Таулы Алтай),  Юлияна Кривошапкина (Саха-Якутия), Жаргал Омоктуев (Бурятия) сынды өнерпаздар қатысты. Олардың арасынан сахнаға бірінші болып Таулы Алтай өкілі Чейнеш Байтушкина шығып, «Ақ тілек» халық күйін орындады.

Чейнеш – алтай-кижидің көмей әні кайды орындайтын аз санды әйел затынының бірі және бірегейі. Ол көмей әнін қос ішекті топшурға қосылып та, шаңқобыз комустың сүйемелімен де, шоор делінетін сыбызғы аспабымен де бірдей сүйемелдейді. Оның репертуарындағы әндер каркыра, сыгыт, сыбыскы, коомей стилдерімен орындалады. Чейнеш есімі әлемдік этник музыка сүйермендері арасында өте танымал, себебі ол Sayan-Ring 2007 әлем музыкасы фестивалінің лауреаты, «Алтын Ирия» халықаралық байқауының жеңімпазы, ол ол ма, АҚШ-та, Голливудта өткен өнер біріншілігінің «Оригиналдық жанрда аспаптық орындаушы» номинациясы бойынша Абсолютті Әлем чемпионы.

Бурдонның келесі бір көрнекті орындаушысы Бурятиядан келді. Жаргал Омуктуев талантты композитор, әрі өз елінде моңғолдың эвэр-бурээ аспабын бірінші болып игерген, яғни этноорганологияға таласы бар қабілет иесі. «Салхиар Дулагч – 2013» көмей әндері халықаралық байқауының, «Хуурайм наадан» аймақаралық байқау-фестивалінің лауреаты. Фестивальда өнер көрсеткен шығыс түркілерінің және бір талантты өнерпазы сахалық Юлиана Кривошапкина да әнді көмейден қайырумен қатар, түрлі ұлт аспабында ойнайды. Юлиананың Әлемнің шебер хомусшысы дейтін ресми атағы бар, осы хомус сүйемелімен ол бір әнді осуохай, тойук, дэгэрэн, чабырҕах секілді фольклорлық әуендерге салып, тіпті поп стилінде орындайды, тырна болып тыраулайды, түрлі құстардың дауысына салып шықылықтайды, қасқыр болып ұлиды. Алматыда Юлиана осының бәрін көрсетіп, зал толы жұртты таң-тамаша қалдырды. Сірә, саханың вокалист артисінің бір музыкалық жобасы «Түркішоу» деп аталуы тегін болмаса керек.

Юлиана 2012 жылы Ялтада өткен VIII Халықаралық эстрадалық орындаушылар конкурсында Димаш Құдайбергеновпен бірге қатысып, 2-ші дәрежелі лауреат атанған. Ал Димаш жақында ғана Сочиде өткен «Новая волна» әншілер байқауына қонақ ретінде қатысып, «Грешная страсть» композициясының кавер нұсқасын орындаған кезінде вокализде түркінің көмейімен айтылатын әуенін сәтті қолданып, талғампаз ресейліктерді таң-тамаша қалдырған еді. Яғни көмей әні қазақ үшін де әсте жат емес екен. Көрермен қауымның Юлиянаға ерекше құрмет көрсетуінің бір сырын осыдан да іздеу керек шығар. Көмей әнін өзге өңірлердегі түркі жұрты дәл қазақ сияқты қабылдай бермейді, мысалы түріктер, әзербайжандар, тіпті қарлұқ бұтағына жататын өзбектердің дәстүрлі музыкасы да бұдан алшақтау. Дегенмен фестивальда өнер көрсеткен Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі Ровшанжон Юнусовты Юлианамен туыстырып тұрған ортақ бір ерекшелік болды, ол – музыкалық нөмірдегі шоу элементтері. Жеті жасынан дойраның құлағында ойнаған, ұстазы Аббос Косимовтан дойрада ойнаудың тың тәсілдерін үйреніп, жалғастырып келе жатқан Ровшанжонның дүбірлі додада тұяғы қызып, өзін де, өзгені де арқаландырып, еліктіріп әкететін алабөтен артистік қасиеті бар екен. Бұл жолы да зал оның өнерінен қошеметін аяп қалған жоқ, тіпті ол көрерменді елітіп, баурай келе өз орындауындағы «Зарбга-зарб» әуеніне зал шапалағымен қосылып та кетті.

 Бакулік Чинара Гейдарованың фестивальға «үй тапсырмасын» орындап, яғни арнайы дайындалып келгені байқалды. Чинара әзербайжанның ганун аспабында бағдарламада көрсетілген Шуштер стиліндегі импровизациясын «Қамажай» әуеніне ұластырып, бауырлас қазаққа деген ыстық ықыласын музыка тілінде білдіріп, көрермен көзайымына айналды. Оғыз сазы, сондай-ақ Түркиядан келген Ченгиз Бутунның баглама саз аспабымен орындаған «Ата Қорқыт» күйінде жалғасын тапты. Баглама сазы қаншалықты нәзік, мұңлы болса, есесіне Қазаннан келген Альфис Галиуллиннің құлаштай тартқан баянынан төгілген татар халық әуендерінің ойнақы да, өжет табиғаты залға бір уақ ырғақты күй әкелді.

 «Алатау алабында» фестивалі гала концерттің аяғына таман «Қамшы» ақпарат агенттігі Түркі жастарының үлкен құрылтайы қарсаңында әзірлеген жаңа ән — «Түркілер ұранын» (музыкасы Оралхан Сәдуақасовтікі, сөзін жазған Қуаныш Біләл) театр әншісі Қуаныш Алтыбаев орындап, тұсауын кесумен шымылдығын түсірді.

Фольклортанушы, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Берік Мырзалыұлының тікелей бастамасымен театрда алғаш өткізілген «Алатау алабында» дәстүрлі өнер мерекесін жыл сайын тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр. Былтырғы жылы бұл мереке ел ішіндегі дәстүрлі өнерпаздарды біріктірсе, биыл түркі елдері өнерпаздарын бір арнаға тоғыстырып, дәстүрлі өнерді халықаралық дәрежеде насихаттап отыр. Оны ұйымдастырушылардың ойынша, бүгінде жалпы саны 230 миллионның үстіне шығып отырған 40-қа жуық түркі халықтарының руханияты әлем мәдениетінің құрамдас бөлігі болып саналады және соған сай түркі руханиятының сахналық сипаты түркі мәдениетінің қара шаңырағы болып есептелетін Қазақ еліндегі ең ірі мегаполис — Алматы қаласының брендіне айналса қанекей. Оның үстіне қазірде мың бояулы шаһардың біраз бояуы этник музыканың іргелі бір орталығы ретінде де түзіліп қалды, мысал ретінде жылма-жыл өткізіліп келе жатқан ірі The Spirit of Tengri  музыкалық жобасын атасақ та жеткілікті. Мұндай текті жобалар көбінесе дәстүрлі музыканы заманауи музыкаға бөлеп берудің сан қилы жолдарын іздестірумен ерекшеленеді, мұның өзі қажет те, себебі өскен, өзгерген тыңдаушы талғамын ескеру заман талабынан туындап отырғаны белгілі, алайда дәстүрлі музыканың төл табиғатын, өзіне тән бояуын солғындатып, өзгертіп жібермесек болды. Соңғы жылдары әлемдік деңгейде жаңбырдан соңғы қозықұйрықтай қаулап кеткен халықтық және танымал музыканың өзара тонның ішкі бауындай жақындасуы, қайта өркендеген халықтық стильдер (фольк-ривайвл), аралас стильдер қазақ этник музыкасының әлемдік саз мәдениетіне кірігуіне біршама септескенімен, мұндай текті туындыларда эквалайзерлік плагиннен бастап синтезаторда ойналатын сэмплдерге дейінгі аралықтағы алуан заманауи құрылғылар, олардың көмегімен жасалатын қыздырма пиротехникалық және дыбыстық-үндік жарқылдақтар дәстүрлі музыканың негізін шайып жіберуде: этномузыкаға электрондық аспаптарлың араласуы таза күйіндегі бұл ұғымды жоққа шығарады, электроника араласқан музыканың акустик емес музыка қатарына жатқызылатыны да сондықтан. Бұл жердегі гәп екі нәрсенің арақатынасында және әлгі аралас қоспа мәдени өнім ретіндегі этник музыканы қаншалықты толықтырып, байыта алатындығында, тұтас алғанда оның халықтың қазына үлгілерін шығармашылық тұрғыдан қайыра ұқсату ісінде алатын сыбағалы салмағында болса керек. Бүгінде шетелге танылып үлгерген, акустик домбыра мен қобыздан және электронды гитара аспабынан тұратын белгілі этнотоп дәстүрлі қазақ музыкасын заманауи өңдеп, джаз стилінде орындап жүрсе, бұл — этномдерн, яғни көркемдік шешім мен көрермен ынтықтығының арасынан ұнасымды үлгі пішіп шығару жолындағы қарекет. Басқаша айтқанда, мұндай әдіс арқылы музыканың бағытталған ассоциациялары, яғни көркем образ жасалады, десе де, бұл жерде де дәстүрлі орындаушылық өзінің басты ерекшеліктерінің бірі — акустикалық сипатын жоғалтқаны анық. Акустик саз тыңдарманға тура бағытталмайды, ол микрофонсыз, электрсіз, орындалатын опералық партия сияқты аудиторияға, залға түгел шашылып, айналаны түгел орап-шымқап, сөйтіп барып «құлақтан кіріп, бойды алады». Ал дәстүрлі музыканың осындай тәу табиғатын сақтай отырып жаңа тыңдарманның жан-жүрегін баурауға, баяғысынша еш қоспасыз таза ән-күйге балқып, ләзаттануына мүмкіндік беруге бола ма?!

«Алатау алабында» осы сұраққа іс жүзінде жауап берді: болады екен. Және дәстүрлі өнермен сусындай алатын дәстүрлі тыңдармандарымызды да жоғалта қоймаған екенбіз. Ұлы дала өнерін тікелей сахна төрінен, жанды дауыс, нақ аспаппен насихаттау үшін керек нәрсенің көбі бізде сақталыпты. Халықтық музыка мерекесінен жұрт көкейіне түйіп қайтқан ойдың бірі де осы болса керек.   

Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ