Әлем • 01 Қазан, 2018

Ким Чен Ынның екі хаты

605 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Өткен аптада  Америка құрама штаттарының мемлекеттік хатшысы Майк Помпео «Алдағы уақытта Америка және Солтүстік Корея арасында 2-ші саммит өтеді» деп ресми мәлімдеме жасады.

Ким Чен Ынның екі хаты

Аталмыш саммит ядролық қарудан арылуға байланысты жұмыстарды пысықтайтын кезекті саммит болмақ. Қазан айының ішінде Майк Помпеоның Солтүстік Корея еліне сапары ұйымдастыралады. Сол сапарға бүгіннен бастап дайындық жұмыстары басталды.

Осы саммитке қатысты Дональд Трамп «Солтүстік Корея елімен «уақыт ойынын»-«time game» өткізбейміз» және ядролық қарусызданудың уақытын белгілемейміз», деп ресми мәлімдеме жасады. Америка тарапының Солүстік Кореяны ядролық қарудан арылту жөніндегі негізгі ұстанымы айқын. Ол 2021 жылы болатын Американың президенттік сайлауына дейін емін-еркін ядролық қарудан арылтуға қол жеткізуді жоспарлап отыр.

Мемлекеттік хатшы Майк Помпео өткен аптада Нью-Йоркте Солтүстік Кореяның Сыртқы істер министрі Ли Ён Хоны қабылдап, келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Ким Чен Ынның Майк Помпеоға жазған хаты табысталды. Оның арнайы өтінішімен Помпеоның Пхеньянға келіп кетуі сұралған. Кимнің өтініші бойынша Майкл мырза – Пхеньянға қазан айының ішінде барып қайтуы мүмкіндігі қарастырылады. Ол жерде ядролық қарусыздануға байланысты талқылайтын маңызды мәселелер күтіп тұр. Күзгі кезекті кездесудің негізгі мақсаты белгілі. Ол – Солтүстік Корея «соңғы және толықтай ядролық қарусыздануға» байланысты келіссөзді өткізу және «2-ші Америка мен Солтүстік Корея саммитіне» дайындық жасау жұмыстары талқыланады. Осы сапар Майк Помпеоның Солтүстік Корея еліне 4-ші мәрте жасайтын сапары болмақ. Өткен 3-ші сапарды Америка сарапшылары «Құрқол қайтқан сапар» деп айтып, мемлекеттік хатшының мұқияттылығына мін тақты.  Бұл жолғы сапарда «Ол құр қол қайтпау керек» деген пікірлерін алға тартты. Осындай міндерден кейін Майк Помпеоның өзі де бұл сапарға мән бере бастады.

Майк Помпео жеке твиттер парақшасында «Министр Лимен жақсы кездесу өткіздім. Ядролық қарусызданудың шаралары және алдағы 2-ші саммит туралы талқыладық» деп хабарлама таратты. Америка мемлекеттік хатшысы және Солтүстік Корея Сыртқы істер министрімен болған кездесуден соң Дональд Трамп та құр жатуды жөн көрмей «Ким Чен Ынмен өте жақын күндері кездесеміз» деп дүниені одан әрі дүрліктіріп қойды.

БҰҰ-ның 73 сессиясына қатысқан соң Дональд Трамп конференцияда сөз алып «Біз Солтүстік Кореямен уақыт ойынын өткізбейміз. 2 жыл ма, 3 жыл ма, бес ай ала ма, бізге бәрібір» дей келе, «Майкқа айттым, уақыт ойынын жасама дедім»,- деді. Сонымен қатар «Біз Оларды (Бұл жере Солтүстік Кореяны айтады) тоқтаттық. Олар атом, зымыран зауыты мен сынақ  алаңдарын бұзып, басқа да көптеген сынақ лабборатирияларын жойып жатыр. Олар әлі көп бұзады. Сіздер ол туралы әлі көп еститін боласыздар» деп тілшілер қауымын құлағдар етті. Бұл жердегі уақытпен ойнамаймыз дегені Солтүстік Кореямен тым асығыс келіссөздер өткізіп, қателікке бой алдырмаймыз дегені дейді сарапшылар. Киммен компромисске келе отырып, нақты емес қадам жасамауға, ядролық қарудан арылту ісінде қателік жасап және әсте шикілік көрсетпеуге бел буған сияқты. Иә, Солтүстік Кореяның ядролық қарудан арылуы уақытпен ойнап, тез арада бітіре салатын іс емес. Әскери сарапшылардың пікірінше кем дегенде бір елді ядролық қарусыздануға әкелу үшін 5 жыл уақыт керек екен. Ал, бұл аралықта келіссөздер айлап, тіпті жылдап өткізіледі. Нысандарды кезек-кезегімен жауып, оларды құжаттап, рәсімдеп және бекітетін істердің өзі бір төбе.

Тілшілердің алдында Помпеоның пайымдап айтқан сөзі мынадай. «Ким төраға уәде еткендей Дональд Трамптың бірінші президенттік мерзімі ішінде, 2021 жылдың қаңтар айына дейін аяқтайтын Солтүстік Кореяның тезарада ядролық қарусыздану шараларын бастамақпыз». Осы бір Ким Чен Ынның өзекті ойын бұрынырақта тағы бір адам жеткізді.  Ол кім десеңіз, өткен 3-ші Корей саммитіне дейін Оңтүстік Кореяның президентінің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі болып Солтүстік Корея барған Чонхвадэнің қауіпсіздік кеңесінің төрағасы. Олар Пхеньянға барып келген соң «Ким төраға президент Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімі ішінде ядролық қарусыздануды жүзеге асырамын деген ниетін жеткізді» деп мәлімдеді. Осы мәлімдеулерден түйетініміз бір нәрсе. Бәрі Трамптың бірінші президенттік мерзім ішінде деп отыр. Соған қарағанда Трамптың екінші президенттік сайлауға қалу ниеті мен жоспары айқындала бастағандай. Әрі осы сайлауда Солтүстік Кореяны желеу қылатындығы тілге тиек етілуде. Бірақ кейбір Оңтүстік Кореяның сарапшылары Трамптың сайлауда жеңер-жеңебесіне ешкім кепіл бермейді деп алаңдаушылық білдірді. Корей түбегінің күрделі мәселесін әлемдік қауымдастықтың талқысына салуға Трамп таптырмайтын трамплин. Шынын да Трамп кетсе Солтүстік мәселесі тағы тұйықта тіреледі. Себебі – Трамптың бүгінгі Корей түбегіне қатысты саяси бағыты өте тиімді. Бұған дейінгі Америка президенттері мәселені білек сыбана шешкен емес. Сондықтан Трамптың келесі мерзімге қала түсуін корейліктер де қалап отыр десек артық айтпаймыз.

Аптаның соңына қарай «Мен Солтүстік Кореяға бірдеңе көп берді деп айтады. Мен Ким Чен Ынмен кездескеннен басқа, оған берген түгімде жоқ» деп Трамп тілшілерді тағы таң қалдырды. Бұдан бөлек, алдағы Америка мен Солтүстік Кореяның 2-ші саммиті Сингапурдегі 1-ші саммитке дайындалған уақыттан да тым қысқа уақыт ішінде өткізіледі деген Ақүйдің пікірі естілді. Сондықтан күз айларында Солтүстік Кореяға қатысты 2-ші Америка және Солтүстік Корея саммиті болады. Бұл келіссөздің орны әзірге белгісіз. Бәлкім, Сингапурге таңдау қайта түседі. Бәлкім, Оңтүстік Кореядағы Панмунджом үйінде өтеді. Соңғы таңдау - Солтүстік Кореяның астанасы Пхеньянда өткізу қарастырылуы мүмкін. Бәрін жұмбақ түрде ұстауға үйреніп қалған Пхеньянның дипломатиясын құрметтей отырып, Трамптың командасы саммит өткізілетін жерді тақау қалған 3-4 күннің ішінде ғана жариялайды. Бір жағынан Ким Чен Ынның жеке қауіпсіздігі үшін де құпия түрде ұстау аса қажет. ОныАмерика да түсінеді.

Өткен аптада тағы бір үлкен жаңалық болды. Ол Америка президенті Солтүстік Кореяның көсемі Ким Чен ыннан әлі сиясы кеппеген екі жұмбақ хат алды. Қазіргі таңда сол үшбу хаттар бүкіл әлемнің қызығушылығын тудырып отыр. Үшбу хаттар туралы Дональд Трамп ерекше мақтап атап, бағасын беріп тастады. Жоғарыда өткен аптада Солтүстік Кореяның да Сыртқы істер министрі Майк Помпеомен кездесу өткізді дедік. Сол сәтте министр Помпеоға және Дональд Трампқа Ким төрағаның хаттарын табыстады. Помпеоның атына жолданған хат – оны Солтүстікке шақыру. Ал енді Трампқа берілген хаттардың не хаттар екенін әзірге ешкім білмейді. Бұл хаттар біреу емес, екеу. Сондықтан олар туралы түрлі пікірлер айтылып, корей қоғамында қызу талқыға түсті.  Трамптың ол хаттар туралы айтқан мына бір екі сөзі бұқаралық ақпарат құралдарына аптаның соңғы жексенбі күніне дейін тыным бермеді. Трамп ол хаттар туралы не деді? Бірінші хат туралы - «Өнердің ғажайып туындысы» деп баға берсе, екінші хатқа – «Таңғаларлық хат» деп өз ойымен бөлісті. Әлгі хаттар қандай хаттар деген сауалға әлі ешкім дөп басып жауап айта алмады. Ол жайында Трамп әзірге жақ ашпады. Дегенмен бір ойдың шетін қылтитып шығарып қойды. Ол бір сөзінде «Ким Төраға осыны («осыны дегені ядролық қарудан арылуды дегені») аяқтағасы келетіндігіне сенемін» деді. Және, бір хатты Жапония премьер-министрімен кездесу барысында төс қалтасынан алып көрсетті. Сол кезде Синдзо Абэ ол хатқа қарап, «тарихи хат» деп айтып қалды. Жалпы, Трамп осы хаттарды екі-үш күн бойы төс қалтасына салып, бірнеше маңызды келіссөздер мен конференцияларға апарды. «Ким төрағадан ерекше хаттар алдым» деп әлемнен құдды сүйінші сұрағандай жар салып жүрді. Дональд Трамптың айтуынша бұған дейінгі алған хаттармен салыстырғанда қос хат ең әдемі хаттар екен. Өйткені бұған дейін Ким мырза Трампқа төрт рет хат жазыпты. Бұл жолы бесінші рет хат жазып отыр. Бұл хаттардың ішінде 4-ші хаттың мазмұнына қарай – Америка мен Солтүстік Кореяның саммиті өтті. Ал енді бесінші хат қандай мәселені шешер екен деген сауал жауапсыз қалып отыр.

Америка мен Солтүстік Корея арасындағы байналыстарды жақсы білетін сарапшылардың айтуынша бұл екі хаттың бірі ядролық қарусызданудан бас тарту туралы хат, келесі бірі - екінші келіссөз өткізуге  және  Солтүстік Кореяға Трампты шақыру туралы хат болуы мүмкін дейді. Әзірге қос хаттың сыры көпшілікке беймәлім болып қала берді.

Жалпы, бұл хаттарға сипаттама берсек, қайсы болсын Ким Чен Ынның стратегиялық мақсатын арқалап барды. Бірі – достық пен татулықты, әлемнің тыныштығына үлес қосуды көздесе, бірі келесі саммиттің өзекті ойы болып табылатын ядролық қарусызданудың жүйелі процесстерін бас қосып талқылау төңірегінде айтылуы ықтимал. Дегенмен, Ким Чен Ын әрдайым әлем назарында ерекше қадамдарымен АҚШ-тың Ақүйін келіссөзге тартуы аңғарылады. Енді, мазмұны һәм мәні әлі белгісіз хаттар келешекте қандай келіссөздер мен ұтымды саяси шешімдер тудырар екен? Жас көсем не ойлап отыр? Ол мұхиттың ар жағындағы Америкаға аждаһа зымыранын ұшырмаса да, стратегиялық қадам жасап отыр. Оның кез-келген хатының астарында стратегиялық мақсат бар.  Бұдан аңғаратымыз мынау. Ким мырза Америкамен дипломатиялық байланыс орнатуға әбден тыңғылықты дайындалған. Оқшауланып қалған елінің ішінде жүріп ата мен әкенің саясатын бала күнінен көзімен көріп, артығы мен кем-кетігін  бес саусақтай біледі, саясат майданында ширығып, шыныққан. Оқ та көрген, от та көрген. Салмақтап саралап, сауысқандай сақтықты да бойына серік еткен. Сондықтан, Америка сияқты елді жәй құрғақ уәдемен таң қалдыру мүмкін емес. Әкеден қалған кәрі құртаңы көп билікпен Ким де алысқа шаппасын іштей ұғатын сияқты. Сол себепті әлі сиясы кеппеген саяси мақсат-мүдделерді арқалан қос хаттың мазмұны мен мақсаты – Ақүйдің Солтүстік Кореяға деген сенімін арттыра түсуге өз үлесін қосары анық. Ең бастысы әлем үшін қос хат – бейбітшілік пен тыныштыққа, достыққа қосар үлесі мол хат болсын деген ойдамыз.

Дастан АҚАШ,

Арнайы «Егемен Қазақстан» үшін

Оңтүстік Корея

Сеул қаласы

Соңғы жаңалықтар