Парламент • 02 Қазан, 2018

Сенат комитетінде халықаралық шарттарды ратификациялау туралы заң жобалары қаралды

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Сенат комитетінде халықаралық шарттарды ратификациялау туралы заң жобалары қаралды

Шекараны шегендеу туралы шартқа 2017 жылғы 25 желтоқсанда Астанада қол қойылған болатын. Шарттың негізгі мақсаты Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекара сызығын шегендеудің құқықтық негіздерін халықаралық-құқықтық бекіту болып табылады.

Шартқа сәйкес Қазақстан, Қырғызстан және Қытай шекараларының түйісу нүктесі шекараның бастапқы нүктесі болып табылады, ал Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі шекара сызығының соңғы нүктесі болып табылады.

Шегендеу нәтижелері бойынша мемлекеттік шекараның ұзындығы 1257,07 км құрады. Шекара сызығында 1055 шекаралық бағана (533 – Қазақстан тарапы, 522 – Қырғыз тарапы) орнатылды.

Осы Шарт күшіне енгеннен кейін тараптар 10 жылда бір рет мемлекеттік шекара сызығының белгіленуіне бірлесіп тексеру жүргізеді.

Тараптардың ешбірі мемлекеттік шекара сызығында осы Шартта айтылмаған, мемлекеттік шекараны белгілейтін шекаралық немесе өзге де белгілерді біржақты тәртіппен орнатпайды. Сонымен қатар әрбір тарап шекаралық белгілерді қорғау жөніндегі шаралар қабылдайды, олардың бүлінуінің, орны ауыстырылуының немесе қирауының алдын алады және оларды күтіп-ұстауды қамтамасыз етеді.

Комитет отырысында сондай-ақ «Қазақстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесінің ауданы туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралды.

Шартқа 2017 жылғы 10 қарашада Самарқандта Қазақстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасында үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесінің ауданы туралы қол қойылған және қазақ, түрікмен, өзбек және орыс тілдерінде жасалған.

Шарттың негізгі мақсаты – үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесінің орналасқан жерін айқындау және түйісу нүктесі ауданындағы мемлекеттік шекараларды делимитациялау.

Тараптар осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын, үш мемлекеттің шекараларының түйісу нүктесінің орналасқан жерінің және түйісу нүктесі ауданынында мемлекеттік шекаралар сызықтары өтуінің сипаттамасын жасады.

Осы Шартты қабылдау Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын ресімдеудің халықаралық-құқықтық процесін аяқтауға, үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі ауданындағы аумақтық даулардың туындауы үшін ықтимал алғышарттарды болдырмауға жағдай жасайтын болады.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.

Сенаттың баспасөз қызметі