Театр • 03 Қазан, 2018

Әуезов театрындағы республикалық практикум өз мәресіне жетті

385 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Елордамыз  –  Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан театрлар Ассоциациясы ұйымдастырған Шет елдік шеберлердің қатысуымен театр өнері қайраткерлерінің Республикалық практикумы өз мәресіне жетті.

Әуезов театрындағы республикалық практикум өз мәресіне жетті

1 қазан күні Алматы қаласында, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Шет елдік шеберлердің қатысуымен театр өнері қайраткерлерінің Республикалық Практикумының ресми түрде жабылу салтанаты өтті.

Республикалық Практикумның жабылу салтанатына Қазақстанның Еңбек Ері, Кеңестер Одағының және Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстан Театрлары Ассоциациясының Президенті – Асанәлі Әшімов, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының  директоры,  Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы Асхат Максимұлы Маемиров, Қазақстан Театрлары Ассоциациясының вице-президенті, Мемлекеттік Корей музыкалық комедия театрының директоры,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ни Любовь Августовна,  театр режиссурасы бойынша шеберлік сабақтарын өткізуге келген Грузиялық режиссер, Шота Руставели атындағы Тбилиси Мемлекеттік театр және кино университетінің ректоры,  А.С.Грибоедов атындағы Тбилиси Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының бас режиссері – Маргвелашвили Георгий Нодарович, Халықаралық театр фестивалінің «Үздік сценография» номинациясының жеңімпазы, Әлемдік Прага Квадриеннале сценографиясының лауреаты –  Тамара Окихян қатысты.

Шараның ашылу рәсімінде А.Әшімов пен А.Маемиров сөз бастап,  Республикалық Практикум қатысушыларына А.П.Чеховтың «Апалы сіңілілі үшеу» драмасына талдау жасау және қойылымының үзіндісі бойынша жүргізілген шеберлік сабақтарына қатысқандығын растайтын арнайы сертификаттар табыстады.

29 қыркүйек пен 1 қазан аралығында жалғасқан шара барысында қатысушылар «Апалы сіңілілі үшеу» пьесасын негізге ала отырып, драмалық шығарманың қақтығысы мен ерекшелігіне, жаңалығы мен айқындық дәрежесіне, айтар ойының тереңдігіне,  туындыдағы әрекеттің дамуы мен оның фазасына талдау жасай келе, А.П.Чеховтың өзге де драмаларындағы сценографиялық шешімдер туралы  ой қозғады.  Сондай-ақ, жиналған барлық режиссер мен актерлар ерекше қиындықтар туындайтын негізгі мәселелер мен күрделі эпизодтарға (сахналар мен құбылыстар) және де сахналық кеңістіктің пластикасы мен сценографиялық қақтығыстарға айрықша мән берді. 

Республикалық Практикум – Қазақстан театрлар практикасына театрдың заманауи формаларын таныстыру мен енгізуге, еліміздегі барлық драмалық және музыкалық-драмалық театрлардың дамуы мен байланысын нығайтуға, талантты шығармашыл жастарға қолдау көрсетуге, театр режиссерлері мен  өнер қайраткерлерінің кәсібилігін арттыру және тәжірибе алмасуға мүмкіндік  тудыру үшін ғана емес, жалпы алғанда театр өнерінің өркендеуі үшін жасалынып отырған шара.

Практикумға жиналған еліміздің әр облысынан келген режиссер, актер, сонымен қатар Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы студенттері шеберлік сағаттарынан өтіп, рухани сабақ алып, дүниетанымдарының өзгеріп, өнерде өзгеше жол, бағыт бағдар алары сөзсіз.