Парламент • 03 Қазан, 2018

Мәжіліс мемлекеттік сатып алуға қатысты заң жобасын мақұлдады

308 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста бірқатар заңнамалық құжаттар мақұлданды,деп хабарлайды Парламенттің баспасөз қызметі. 

Мәжіліс мемлекеттік сатып алуға қатысты заң жобасын мақұлдады

Депутаттар қарауына ұсынылған мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Аталған заңнамалық құжат бойынша жұмыс тобының отырыстарында депутаттар демпингтік бағалар ұсынуға жол бермеуге, отандық өндірушілерді қолдауға, қосалқы мердігерлікке берудің шекті көлемін үштен екі бөліктен үштен бір бөлікке дейін қысқартуға, өтпеген конкурстық рәсімдердің нәтижелері бойынша «бір көзден алу» тәсілімен сатып алу негіздерін жоюға бағытталған түзетулер енгізді

Сонымен қатар депутаттар әскери қызметшілердің тамақтануын қамтамасыз ету бойынша көрсетілетін қызметтерді «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның қолданылу аясынан шығаруға бағытталған түзету енгізген болатын. Оның орнына мұндай көрсетілетін қызметтерді қазір мектептерде оқушылардың тамақтануын қамтамасыз ету процесінде жасалып жатқандай, ерекше тәртіппен сатып алу ұсынылды.

Осы орайда, Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин бұл ұсыныстың әскери мекемелерге лайықты екенін алға тарта келіп:

- Бірақ та, бұл жерде бір үлкен мәселе бар. Ол демпинг мәселесі. Мысалы, тәжірибе көрсеткендей, бірқатар ауруханаларда, мектептерде осы демпинг бағамен алынған тамақтарда ешқандай сапа жоқ. Ертең әскери мекемелерде осындай жағдай болуы мүмкін. Сондықтан, осы мекемелерге (мектептерге, ауруханаларға, әскери орындарға) ешқашан демпинг бағаны қолдануға болмайды,-деді.

Сондай-ақ, Палата Спикері аталған әлеуметтік нысандарды тамақпен қамтамасыз етуде алдымен сапаға, одан кейін, бағаға назар аудару керектігін баса айтты.

Қорытынды сөзінде Мәжіліс Төрағасы заң жобасы мемлекеттік сатып алуларды жеңілдетуге, олардың тиімділігін арттыруға, сонымен бірге, жемқорлыққа жол бермеуге бағытталғанына тоқталды.

-Үкімет мүшелері, депутаттық корпус енгізген өзгерістер қылмыстардың алдын-алуға және осы сұрақтарды талапқа сай жетілдіруге зор ықпал етеді деп сенеміз. Сондықтан, бүгінгі айтылған ұсыныстарды назарға ала отырып, заң жобасын екінші оқылымға жан-жақты дайындауымыз керек,-деді Н. Нығматулин.

Сонымен қатар отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің арасындағы Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Қызыл Крест Комитеті Өкілдігінің мәртебесі, артықшылықтары және иммунитеттері туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы талқыланып, депутаттар тарапынан қолдауға ие болды.

Палата отырысында Мәжіліс 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы 2014 жылғы 23 желтоқсанда қол қойылған шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы Заңының жобасын жұмысқа алып, «Стандарттау туралы» Сенат енгізген толықтырулармен келісті. Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар Б.Смағұл, К. Абсатиров, А. Смағұлов, А. Платонов және Ю. Тимощенко.