Аймақтар • 03 Қазан, 2018

Ақтөбе облысында осы күзде 40 мыңнан аса ағаш отырғызылады

268 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе облысындағы қалалар мен елді мекендер аумағындағы саябақтар мен гүл бақтарын абаттандыру жəне көгалдандыру мәселелері қаралды.

Ақтөбе облысында осы күзде 40 мыңнан аса ағаш отырғызылады

Жиын жұмысына мемлекеттік органдар өкілдерінен өзге орман тəлімбақтары мен басқарушы компаниялардың басшылары қатысты.

Осы жылғы көктемде облыс аумағында 101 мың көшет отырғызылды. Табиғи ресурстар жəне табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жүргізген тексеріс көктемгі көшеттердің ұласып өсуі 73% құрағанын көрсетті. Бұл туралы жиын кезінде басқарма басшысы Нұржан Аққұл баяндады. Ол сондай-ақ, күзде көшет отырғызу кезінде облыстың жасыл қоры 41 мың көшетке толығады деп жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Баяндаманы тыңдап шыққан облыс әкімі бірқатар тапсырмалар берді.

- Егер 73 пайыз – нақты цифр болса, онда бұл едәуір көрсеткіш. Ағаштардың ұласып өсуін мұқият қадағалап, сонымен қатар, гүлзарлар мен көгалдар алаңын үлкейту жұмыстарын жалғастыру керек, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Ол сондай-ақ, жақын маңдағы аумақтарды көгалдандыру жұмыстарына атмосфералық ауаны ластаушы кәсіпорындарды тартуды тапсырды.

Бұдан басқа, өңір басшысының тапсырмасымен Ақтөбеде жаңа саябақтар мен гүл бақтарын құру жұмыстары жалғасатын болады. Бүгінде қалада 66 саябақ пен гүл бақтары бар. Олардың 48-і кем дегенде үш жылдың ішінде  мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің, түрлі кәсіпорындар қызметкерлерінің және бей жай қарамайтын азаматтардың күшімен «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жабдықталып, ашылды. Саябақтар мен гүл бақтары аумақтарын суару жағдайын жақсарту үшін биыл сорғылары бар 11 су ұңғымасы бұрғыланды, - деп жеткізді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.

Жиын соңында өңір басшысы Ақтөбе қаласының тұрғындары мен ұжымдарын қоғамдық сенбіліктерге қатысуға шақырды.

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»