Әлем • 04 Қазан, 2018

Сооронбай Жээнбеков Дүйсен Қасейіновті «Данакер» орденімен марапаттады

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғызстан Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновке «Данакер» орденін табыстады, деп хабарлайды Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі.

Сооронбай Жээнбеков Дүйсен Қасейіновті «Данакер» орденімен марапаттады

Естеріңізге салсақ, Сооронбай Жээнбеков 2018 жылдың 30 тамызында түркітілдес мемлекеттер мен Қырғызстан Республикасының ынтымақтастығына, мәдени және достық қарым-қатынас орнатуына сіңірген еңбегі үшін «Дүйсен Қасейіновті «Данакер» орденімен марапаттау» туралы жарлығына қол қойған болатын.

Қырғызстанның мемлекет басшысы Дүйсен Қасейінов басқарып отырған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының түркітілдес мемлекеттерді жалғаушы рухани көпір болып саналатынын айтты.

Сонымен бірге, президент ТҮРКСОЙ Бас хатшысына 2018 жылды «Шыңғыс Айтматов жылы» деп белгілеп, қырғыз ақындары мен жазушыларының кітаптарын басып шығарғаны үшін ризашылығын білдірді.

Дүйсен Қасейінов Сооронбай Жээнбековке жоғарғы марапаты үшін алғыс білдіріп, 2018 жылды «Шыңғыс Айтматов жылы» деп белгілеу ұсынысын ұйымның барлық мүшесі қолдағанын айтты. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысының айтуынша, қараша айында Қырғызстан Республикасының көмегімен Жапония мемлекетінде Айтматовқа арналған бірнеше іс-шаралар өтпек.