Аймақтар • 04 Қазан, 2018

СДУ өнертапқыштары балаларға арналған Zhanuar 4D мобильді қосымшасын ойлап тапты

757 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

СДУ өнертапқыштары балаларға арналған бірегей Zhanuar 4D мобильді қосымшасын ойлап тапты. Бүгінгі таңда жобаның Қазақстанда баламасы жоқ. Жоба авторларының пікірінше, қосымша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, балалардың ақыл-парасатын жетілдіруге едәуір үлес қосады.

СДУ өнертапқыштары балаларға арналған Zhanuar 4D мобильді қосымшасын ойлап тапты

Zhanuar 4D – «KZ жасалған» таңбасымен әзірленген жүз пайыздық отандық өнім. Бұл балаларға арналған шынайылықпен толықтырылған танымдық карточкалар. Жобаның мақсаты  - баланың зейінін аулап, ой-өрісі мен шығармашылығын дамыту. Күнделікті қара-ала кітаптардың бетін парақтау, замануи баланы тез жалықтырады, ал AR технологияларының көмегімен кейіпкерлерге жан бітіп,  баламен тілдесіп, материалдың күрделі жақтарын түсіндіріп, түп-негізін анықтауға көмек көрсетіледі. Augmented Reality (бейне көріністі 3D графика арқылы шынайылыққа өткізу), тәсілдемесі арқылы әлдеқайда қызық әрі түсінікті, деген пікірде стартаперлер.

-  «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасы рухани және мәдени құндылықтарды сақтауға әрі толықтыруға шақырады. Сонымен қатар елімізде үштілділік саясатты дамыту кезеңінде білім беру саласына инновациялық технологияларды енгізу қажеттілігі туындады. Ал, қазіргі таңда бәсекеге қабілетті және парасатты ұрпақ тәрбилеу қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Осылайша, мемлекет басшысының басым тапсырмалары балаларға білім беру құралының туындауына түрткі болды. Біздің бастапқы мақсатымыз – ойын қосымшасы арқылы балаларды тіл үйренуге баулу, сондай-ақ қазақстандық жеткіншектердің патриоттық сезімін ояту, дейді жоба авторларының бірі Әсел Қабылбекова.

Жобаны толық жүзеге асыруға әзірлеушілерге жарты жылға жуық уақыт қажет болған. Құрастыру жұмыстарына отандық аниматорлар мен белді IT-мамандар тартылған.

Айта кеткен жөн, Zhanuar 4D СДУ түлектерінің алғашқы өнімі емес.  2017 жылдың ақпан айында жоба жетекшілері Нұрсұлтан Ажимуратов пен Азамат Төлегенов 8-14 жас аралығындағы жеткіншектерге арналған бірінші IT академиясының тұсауын кесті.  Академия базасында балалар: робототехника, бағдарламалау, графикалық дизайн, бейнемонтаж, аниамация, ойын құрастыру және сайт жасау, 3D моделдеу және т.б.  кешенді компьютерлік білім алады. Осы уақытқа дейін академия тәрбиеленушілері 12 робот түрін, 30 бірегей ойын әзірлеп, 600 бейнеролик монтаждап үлгерген.

- Ең жас  IBM құрастырушысы 13 жаста. 14 жасар оқушының Samoliotik атты ойыны, оған небәрі бір ай ішінде 4500 АҚШ доллары көлемінде қаражат әкелген, сонымен қатар АҚШ-тық 12 жасар жасөспірім жеке ойындарын құрастырып, бағдарламалаудан дәріс береді, - деп бөліседі жоба авторлары.

Өнертапқыш топтың ендігі жоспары - «Көкөністер мен жеміс-жидектер», «Космос», «Казақтың салт-дәстүрлері» атты балалардың ақыл-парасатын дамытатын бірқатар мобильді қосымшаларын құрастыру.  Сонымен қатар отандық туризмді кеңінен насихаттау мақсатында «Виртуалды қазақ үй» атты жоба алдағы уақытта халық назарына ұсынылмақ. Жобаның концепциясына сәйкес, кез-келген қызығушы киіз үйге кіріп,  VR көзілдірік арқылы  17-18 ғысырдағы қазақ қонысын тамашалай алады.

Ал, Zhanuar 4D тұңғыш балалар мобильдік қосымшасының тұсаукесер рәсімі Алматы қаласындағы   SMART POINT коворкинг орталығында өтеді.