Аймақтар • 04 Қазан, 2018

Шығыс Қазақстанда ауыл тұрғындары көп балалы анаға үй салып жатыр

564 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Қарғыба ауылының тұрғыны, жалғызбасты және көпбалалы ана Ардақ Шәкенованың баспана мәселесін айтып, бармаған жері жоқ. Кейінгі жылдары тұрып жатқан үйі құлайтын жағдайға жеткендіктен, оның үстіне шиеттей бес баласын ойлап сарыуайымға салынып жүр еді.

Шығыс Қазақстанда ауыл тұрғындары көп балалы анаға үй салып жатыр

Енді міне жамағаттың жәрдемімен ескі үйінің жанынан жаңа үй салынып жатыр. «Бұл бастама қасиетті Құрбан айт кезінде көтерілді. Ақсуаттағы мешітіміздің жамағаты, іскер азамат Жандос Оразғалиев жалғызбасты, көпбалалы ана Ардақ Шәкеноваға баспана салып беру мәселесін жамағаттың алдына қойды. Бұл бастама қызу қолдау тауып, халық бірден іске кірісті.

Құрбан Айтта тағаны құйылған үйдің бүгінде қабырғасы көтеріліп, төбесі жабылып және шатырланып, пеші салынып қойды. Енді ішкі жөндеу жұмыстары ғана қалды. «Бұйыртса, қыс түспей жаңа үйге кіргіземіз» деді Жандос.

«Қарғыба ауылының халқына да алғысымыз шексіз. Әркім қолдан келген көмектерін көрсетуде. Осындай ұйымшылдықпен басталған сауапты іс қоныстойын тойлауға ұласады деген сенімдеміз», дейді аудандық мәслихаттың депутаты Ержан Құттыбаев.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы