Білім • 05 Қазан, 2018

Ұстаз – ұлттың ұстыны

1725 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ұстаз – ұлттың ұстыны

Ұстаз ұғымы – ұлттың ұстыны мен ұжданы. Тіпті, мұғалімдерді мемлекеттің жүрегі десек те жарасар. Олай дейтін себебіміз, елдің ертеңі мен еркіндігі саналатын келешек ұл-қыздарға алғаш әріп танытып, адам бойында болатын кісілік қасиетке кілт табатын да осы ұстаздар. Ағартушының алдын көрмегеннің адамгершілігі де арзандау тұрады. Бұрынғы қазақ салты болса, баланы «еті сенікі, сүйегі менікі» деп білікті бағбанға бір сөзбен аманаттар еді. Өкінішке қарай қазіргі қоғам осыншалық бедерлі белес биігіндегі бірегей мамандықтың қадіріне жетіп, қасиетін толық бағаламай отырғаны жаныңа жадау күй кештіреді. Кезінде ақын Мағжан «Алты Алаштың басы қосылғанда, төрдегі орын – мұғалімдікі» деп белгілеп кеткен ұстаздың лауазымын бүгінде төрден емес, төменнен көретіндейміз. Қазіргі таңда ұлды емес, ұстазды кінәлау қатты белең алып барады. Жалпы, балаға ұстаз әріпті, ата-ана әдепті үйретсе жөн. Әрине, ұстаздың білікті болуы бірінші талап екені рас. Алайда, мұғалімді сынаушы топ білікті мұғалімнің алдына құлықты шәкіртті өзі дұрыс тәрбиелеп апара алып отыр ма, мәселе сонда!

Ертеде әйгілі патша баласын мектепке оқуға беріп, терең ілімге сусындатпақ болады. Шәкіртке барлық ғылым-хикметті толық үйреткен ұстаз біраз жылдан кейін патшаға баланы аман-есен тапсырып, шәкіртінің білімін сынап көруіне болатындығын айтады. Патша сол заматта үстелде жатқан жұмыртқаның үстіне басындағы тәжді тастай салып, баласынан мұрақтың астында не жатқанын сұрайды. Бала дереу ұстазы үйреткен түгел ілімді қолданып, есеп-қисапқа жүгініп, тәждің астында домалақ, іші сары, сырты ақ зат жатқанын айтады. Патша әлгі жауапқа сонда да көңілі толмай, нақты не зат екенін дәл атауды талап етеді. Сөйтсе әлгі бала «Тәждің астында жатқан Күн ғой деймін» депті. Бұл тәмсілден не түюге болады? Біз кейде ұстаз үйреткен сыртқы пайымнан бөлек, ішкі парасат деген үлкен ғылым барын ескере бермейміз. Бас салып ұстазды ұрғылай бермей, білім – бала бойына қанмен, текпен келетінін де ескергеніміз жөн. 

Тарихтан білетініміздей, ежелгі алып-алып империяларға тұтас әмірін жүргізген атақты қолбасшылардың өзі мемлекет басқару ісінде ұстаздарынан ұзақ уақыт ілім алғаны айтылады. Алғаш­қы ағартушы Аристотель жайлы даңқты қолбасшы Александр Македонский «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыз­дар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Арис­тотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» депті. Сондай-ақ «Патша қанша жерден ақымақ болса да баласының ұстазының алдын кеспейді» дейді ежелгі гректің ғұламалары. Ал ұлы сахарада терең ілімі мен кісілігі кемел екінші ұстаз әл-Фараби мұғалімге «Жаратылысынан жадысы мықты, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің ешқайсысын ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі. Мұғалім жұртқа әділ, ізгілікке жақын, қорқыныш пен жас­­қануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деп баға береді. Қай дәуір­де болсын әрбір ұлы тұлғамен қоса ұлық ұстаздардың есімі қоса аталады. Бір сөзбен айтқанда, мұғалім – мұрат мұрабың, мақсат мінберің. Әрқайсы­мыз­дың алғашқы ұстазымыз партада үйрет­кен ең бірінші сабақ – парасат биігімізге жол нұсқаған ең алғашқы баспалдақ екенін ұмытпағанымыз жөн.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»