Қоғам • 05 Қазан, 2018

Уақытпен үндескен өңір

334 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Құрылғанына 90 жыл толған Амангелді ауданы алдымен түрлі тарихымен таңдандырады, табиғатымен тамсандырады. Бұл жердегі ежелгі дүние тарихы тарихшылар мен археологтердің айтуынша, әлі зерттеле қоймаған, тіпті оның соңғы жаңалықтары әлемді ойландырып отыр. 

Уақытпен үндескен өңір

Қостанайлық археолог Андрей Логвиннің Торғайдан ежелгі мәдениет ашу арманы бекер емес. «Торғай геоглифтері», Жыланшық өзенінің бойынан жиі табылатын зілдің сүйектері археологтерді ғана тартпайды, әлемнің әр шалғайындағы туристердің де аңсары болар әлі... 

Ал енді бергі тарихқа келсек, Аман­гелді ауданының өткені бүкіл қазақтың тағдыры деуге болады. 1928 жылғы 17 қаңтарда Қазақ Ке­ңестік Социалистік Республикасы Ат­қару комитеті президиумының жар­лығымен Батпаққара ауданы құ­ры­лады. Аудан құрылғанда 14 ауыл­дық кеңестің құрамында 32802 адам бар екен. Малмен күнелткен қазақтың қорасында 19281 жылқы, 25972 бас ірі қара, 83881 уақ мал, 5157 түйе болыпты. Көп ұзамай, 1932-33 жылдары қушеке Голощекиннің қолымен ұйымдастырылған даланы есеңгіреткен ашаршылықта осы адамның тең жартысы қырылды, ал төрт түліктен тұяқ қалмады. 1936 жылы ауданға 1916 жылы бостандық үшін бұлқынып, ұлт-азаттық көте­рілісін бастаушылардың бірі Аман­гелді батырдың есімі беріледі. Мере­ке­дегі жәдігерлер мен құжаттар көр­ме­сі өңір тарихынан ерлік пен ең­бек­тің де қызықты мәліметтерін ұсынды.

«Мың өліп, мың тірілген» халық­тың тегі емес пе, амангелділіктер қай­та тұрды, барлығын елмен бірге көріп, уақытқа ілесті. Бейнетпен бір­ге жаралған аталарымыз қолмен қа­зып, бөгеттер салды, егін екті, мал өсір­ді. Даланың төсінде қайтадан мал мыңғырды. Кешегі нарық кезінде де шаруашылықтар ыдырап, қиындық­тар болғанымен, ел іргесі сөгілген жоқ. Қазір тек аудан орталығында ғана халық саны 9 мыңнан асады. Бұл – облыстың ең шалғайда жатқан ауда­ны үшін шүкірлік етер көрсеткіш.

Ауданда шағын және орта бизнес дамып келеді, яғни 793 шағын және орта бизнес нысандары жұмыс істеп тұр. Оларда 2 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Олар жыл басынан бері 918 миллион теңгенің өнімін өндіріп, қызметіп көрсетіп, 96 мил­лион теңгеден аса салықтық түсім­дер түсірген. Амангелділіктердің өз ­шаруасын ашып, дөңгелентіп дамытуы үшін несие алуы да жиілей бастады. Соңғы айларда мал шаруашылығы мен егін шаруашылығында үш жоба жүзеге асқан. Амангелді ауданының құрылғанына 90 жыл толуы мере­ке­сі күндері аудан орталығында «Тұр­мыстық қызмет көрсету үйі» ашылды. Ғимарат ауданда өндірілген кірпіш­тен осы жаз айларында салынып, да­йын болды. Онда халық қажетін өтей­тін шаштараз, сұлулық салоны, тігін­шілер, етікші, тұрмыстық техника жөндейтін шебер бөлмесі орналасқан. 

– Қос қуанышқа ие болып тұрмын. Ауданымызда көптен күткен мереке. Оның үстіне, мен осы күнге де­йін үйде тігін тігіп, ақша тапқан едім. Енді мына жарық та жылы бөл­ме­де жұ­мыс істейтін болдым. «Бас­тау» бағдарламасы бойынша бизнес жүр­гізу ісін оқимын, несие алып, тігін машинамды жаңалаймын, – дейді тігінші Данаш Сұлтанова. Ісін енді бастап отырған кәсіпкерлерге мына ғимарат тегін ұсынылған, олар тек коммуналдық төлемін ғана төлейді. Мереке күндегі Амантоғай, Жалдама ауылдарына ауыз су берілді. 

– Биыл осы аудандағы жолдарды жөндеуге 130 миллион теңгедей қар­жы бөлінді. Төрт ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2 миллиард тең­ге жұмсалды. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында ауданда құны 112 миллион теңге болатын 11 әлеу­меттік жоба жүзеге асырылды, – дейді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

«Уақытпен үндескен өңір: Тарих. Тұлға. Тағылым» атты ғылыми-прак­ти­калык конференция той мазмұ­нын аша түсті. Оған академиктер Кенжеғали Сағадиев, Сайлау және Сәбит Байзақовтар, жазушылар Сәбит Досанов, Қайсар Әлім, тағы басқалар қатысты. Конференция алдында Амангелді ауданы өңіріндегі киелі, сакральды орындар туралы арнайы дайындалған фильм көрсетілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтыл­ған жас ұрпақтың туған жерге деген патриоттық сезімін тәрбиелеу ата­мекендегі бабалар мұрасы мен тарих мирастарын танудан басталмақ. Академиктер Кенжеғали Сағадиев, Сайлау Байзақов, жазушы Сәбит Досанов, тағы басқалардың тілегі де осыған сайып жатты. Бұл орайда аудан әкімі Әмірхан Асановтың басшылығымен көптеген жұмыс жүріп жатыр.

Амангелдіде той қызығын ақын­дар бастаған. Республикаға белгілі ақындар Жадыра Құтжанова, Әлфия Орманшина және Хамитбек Мұсабаев қазылық еткен аймақтық айтыстың мәресіне төрт ақын жетті. Олардың жыр сайысынан кейін 3-орын қара­ған­дылық Айтбай Жұмағұловқа бұ­йыр­ды. Қостанайдан келген Салта­нат Өтелбаева 2-орынға ие болды. Ал 1-орынға шымкенттік Қажымұқан Аб­залов шықты. Жеңімпаздардың бар­лығына ақшалай сый-сияпат жа­сал­ды. Ал айтыста алдына жан сал­ма­ған Айбек Қалиев бас жүлдені иеле­ніп, авто­көлік мінді. Спорт жарыс­та­ры, ат бәйгесі той қызығын еселей түсті. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Амангелді ауданы 

Соңғы жаңалықтар