Қазақстан • 05 Қазан, 2018

Дәстүрлі діндер диалогына – 15 жыл

943 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл қазан айының 10-11 күндері Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VІ съезі өтеді. Айта кетерлігі, Қазақстан бастамасымен басталған дәстүрлі діндер диалогына биыл 15 жыл толады. Біз съезд қарсаңында дәстүрлі діндер көшбасшыларының сұхбат алаңын құру идеясы қалай басталғанын еске алуды жөн көрдік. Әрине ол үшін 15 жыл бұрынғы оқиғаларды еске түсіреміз.  

Дәстүрлі діндер диалогына – 15 жыл

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев 2003 жылы 13 ақпанда Алма­тыда өт­кен мұ­сыл­ман, христиан және еврей ұйым­­дары қатысқан діндердің, мәде­ниет­тер мен халықтардың жақын­дасуын­да маңызды рөл ат­қарған Ха­лық­аралық бейбіт­шілік пен келісім кон­ферен­ция­сында барлық конфессия өкіл­де­ріне Қазақ­станда Әлемдік және дәс­­түр­­лі діндер лидерлерінің съезін өт­кізу туралы бастамасын жариялады. Бұл ұсыныс бірден қолдауға ие болды. Се­бе­бі бұл Съезд әлемдік және дәстүрлі дін­дерді жалпы адамзаттық бағдарды із­дес­тіруге, бейбітшілікті, келісім мен төзім­ді­лікті адамзат өмірінің айнымас қа­ғи­дат­тары ретінде бекітуге, діндер, конфес­сия­лар, ұлттар мен этностар арасын­да өзара құрмет пен төзімділікке қол жет­кізуге, адамдардың діни сезімдерін қақты­ғыс­тар мен әскери әрекеттерді өршіту мақсатында пайдалануға жол бермеуге шақыратын сұхбат алаңына айналды.

Осылайша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алғашқы съезі 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте Астана­­да өткізілді. Бұл форумның жұмы­сы­на Еуропа, Азия, Африка және Таяу Шығыстың 13 елінен келген дін көшбас­шылары мен құрметті қонақтар қатысты. Осы жиында дінаралық саммитті жүйелі түрде өткізу жөнінде және Съездің жұмысшы ұйымын – Съезд хатшылығын құру туралы шешім қабылданды. Мем­лекет басшысы Н.Ә.Назарбаев келе­сі кездесуді жаңадан салынатын Бейбіт­шілік және келісім сарайында өткізу туралы шешімін хабарлады және ол шешім орындалды да. 

Міне, содан бері әр үш жыл сайын арнайы әлемдегі түрлі дін өкілдерінің басы Бейбітшілік және келісім сарайында тоғысып келе жатыр.

Ислам – әлемдегі түрлі ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп отырған бейбітшілік пен мейірімділіктің діні. Исламда ізгілік жасау, қамқорлық, мейірімділік үстемірек. Зорлық-зомбылық, өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңдарын мойындамау, өзімен пікірлес болмағаны үшін басқалармен араласудан қашу, қоғам мүшелеріне құрметсіздікпен қарау, басқаларды бүлікке шақыру сияқты ұстанымдар еш уақытта болмаған. 

Адамзаттың ардақтысы – Пайғам­бары­мыз Мұхаммед (с.а.у.) ислам дінін қиындатуға, құлшылық мәселесінде асыра сілтеуге, әсірешілікке бой алдыруға болмайтынын артындағы үмбетіне «Расында, дін дегеніміз – жеңілдік. Діннен асып түсем деп тыраштанған адам бәрібір түбінде діннен жеңіліс табады. Ендеше, әр істе тура һәм орта жолды ұстаныңдар. Әр істі мейлінше кемеліне жеткізіп орындауға тырысыңдар. Міне, сонда қуана беріңдер…», деп өсиетін қалдырған болатын.

Демек, діннің атын жамылып, төңі­регін даулы мәселелерге айналдыру «дін­нен асып түсем» деп әлекте­нетін­дер­дің әрекеті ғана… Мұндайда қазақ­тың «Тым қырғыш қазанның түбін теседі» деген нақылы еске түседі. Бүгінде адамзат қоғамын өркениеттің шыңына шықты деп есептеп жүргенімізбен, әлі де бір-біріне дұшпандықтан, жауласу немесе өш алу сезімдерінен арыла алмаған секілді. Бұл мәселе уақыт өткен сайын қайта күрделеніп бара жатқанын аңғаруға болады. Санасында сәулесі бар жандар оны біліп, көріп қана қоймай, «Осы адам баласына не жетпейді?» деген заңды сұраққа жауап іздеп әлек. Адамның жауы – адам болған соңғы жылдары әлемдегі экстремистік және террористік әрекеттерден бейкүнә пенделердің қаны төгілуі кез келген саналы адамды ойландырары сөзсіз. Әлемде дін атын жамылған радикалды топтардың түрі көп. Сондай содырлық тобырдың қатарына қосылуды мақсат етіп, бейбіт күнді тәрк етіп, шекара асып, шалыс басқандардың тағдыры да алаңдатарлық. Өткен ислам тарихына көз салсақ, Мұхаммед пайғамбар да өз уақытында жəне одан кейінгі халифалар да өзіне шабуылдаған жауға қарсы соғысып, Отанын қорғағаны бел­гілі. Алайда түтіні түзу ұшып, ты­ныш өмір сүріп жатқан елге барып қан­төгіс жасамаған. Мұхаммед пайғам­бар мұсылман əскерлеріне үнемі: «Алла атымен аттаныңдар, Алланың жəне Ел­ші­сі­нің дінімен жүріңдер. Қарт адамды, ба­ланы, əйелді өлтірмеңдер…», деген. Ал атақты халифа Əбу Бəкір: «Əйел­ді, жас баланы, қарт адамды өлтір­меңдер. Жеміс ағашын кеспеңдер. Ғимарат­тар­ды қиратпаңдар. Қой мен түйені тек жеу үшін ғана бауыз­даң­дар…», деп, жанды-жансызға түгел аяу­шы­лық сезі­мін білдірген. Адам баласы бүгін­де азу­лы аңдардан, табиғаттың дүлей құ­бы­лыс­тарынан қорықпайды. Есе­сіне, өзінің бауыры – адам баласынан үрей­­леніп өмір сүруде. Қай жерге бар­саңы­з да, үйлердің, мекемелердің бар­лығы дер­лік қарулы күзет арқылы қор­ға­лып тұр­ғанын көресіз. Неге? Себебі адам адам­нан қорқатын заман туды. Біз адам адамды сүю арқылы ғана әлем­де тыныш­тық орнайтынын ұмыт­қан секіл­діміз. Осындайда Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ұлағатты ойы еске түседі. Бұл дана­­лықтан тек мұсылманды сүйіп қою жет­кі­лік­сіз екендігін, барша адамзатты сүю­­дің өзі бір хикмет екенін түсінуге болады.

Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да еліміздегі осы ұстанымды қолдап, түрлі дін және конфессия өкілдерімен елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау жолында еңбек етіп келеді. Бұл – жалпы мемлекеттік ұстаныммен қатар, ислам шариғатының көздеген негізгі мақсаты. Ислам діні атауының өзі бейбітшілікті білдіреді. Ибрахимдық діндер арасындағы тарихта алғашқы үнқатысудың Алла тағаланың жол көрсетуі арқылы, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) заманында, 622 жылы Мәдина қаласында орын алғанын атап өтсек жеткілікті деп санаймыз. Әйтпесе ислам тарихында оның үлгісі өте көп.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі