Аймақтар • 05 Қазан, 2018

Тауық жұмыртқасын Ресейге экспорттау жалғасады

361 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Алтынбек Абдоллаев баспасөз ақпарат құралдарында жарияланған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, жоққа шығарды.

Тауық жұмыртқасын Ресейге экспорттау жалғасады

Кей БАҚ беттерінде  Қызылжар өңірінде Ньюкассл індетінің шығуына байланысты көрші ел тарапынан құс еттері мен жұмыртқа өнімдеріне шектеу қойылғаны жайлы жазылған болатын.

Еске салай кетейік, шілде айында Айыртау ауданы Елецкое елді мекенінде Ньюкассл ауруынан біржарым мың тауық қырылып қалған болатын.

«Індеттің алдын алу шаралары жүргізіліп, екі мыңнан астам тауыққа вакцина қойылды. Қауіпті орындар түгел залалсыздандырылып,бірнеше ауылға дезинфекция жасалды. Ауданда карантин шектеуі қазан айында алынып тасталады. Ресей тарапынан өнімдерді шекарадан шығармау туралы ешқандай ресми құжат түскен жоқ. Сауда-саттық байланысы қалыпты жүріп жатыр. Облыс  Ресейге  тауық жұмыртқасын ғана экспорттайтынын айта кеткен жөн», дейді  аталмыш ведомство жетекшісі А. Абдоллаев.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы