Аймақтар • 06 Қазан, 2018

Павлодарлықтар Жолдау жолдарын талқылады

397 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс  орталығындағы  Достық үйінде өткен  жиында Ассамблея және қоғам өкілдері, жиналған қауым «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасының халыққа арнаған кезекті Жолдауын тікелей эфир арқылы көріп, тыңдады.

Павлодарлықтар Жолдау жолдарын талқылады

Жиналған  жұртшылықты Елбасының 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру жөніндегі Үкіметке берген тапсырмасы қуантты.

Негізінен, Жолдаудың басты тақырыбы ел тұрғындарының әл-ауқатын одан әрі жақсартуға арналды. Облыстық «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Арыновтың пікірінше, елдің әрі қарай дамуы үшін- мемлекеттің барлық механизмдері жұмыс істеуі қажет.

Мысалы, Президент өндіріспен айналысатын экономиканың нақты секторын қолдауды міндеттеді. Халық тұтынатын тауарларды шығару қажеттігін айтты. Көптеген тауарларды шетелден сатып алатынымыз да рас. Оған сапаның төмендігі, айналым қаражатының аздығы да себеп болар. Жолдаудан кейін кәсіпкерлік саласына бөлінетін қаражат экономиканың нақты секторына беріліп, нақты нәтиже беруі керек деп есептеймін.

Ербол Арыновтың айтуынша, Кәсіпкерлер палатасы облыстағы шағын және орта бизнестің дамуына  үлес қосуда. Биыл «Бастау» жобасы бойынша облыста 1765 тыңдаушыны оқыту жоспары бар, яғни, нәтижесінде 353 бизнес-жоба жүзеге аспақ. Қазіргі таңда құны 420,8 миллион теңгеге 107 жоба қаржыландырылды. Осы жобалар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады.    Жалпы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнесті қорғау, заңнамаға түзетулер енгізу, бизнес шығындары мен тексеруді қысқарту, бизнес ахуалды жақсарту бойынша жұмыстар атқаруда.

Ал, қалалық мәслихат депутаты, кәсіпкер  Қобыланбек Қожиннің айтуынша, қазіргі кезде көшбасшы кәсіпкерлер өздерінің кәсіпорындарының қызметін әрі қарай дамыту үшін бизнес-жаттықтырушылар шақырып, ғылыми технологияларға жүгінуде.   Ғылым дамымай, бизнес те дамымайды.

Қобыланбек Қожиннің пікірінше, өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша қаражат бөлінсе- бұл экспорттық әлеуетті арттырып,  ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыруға жол ашады.

Қалалық мәслихаттың тағы бір депутаты, Абай атындағы дарынды балаларға арналған №10 мектептің директоры Самал Айтқазинаны айтуынша,  мектепте оқушылардың «Зерде» ғылыми ұйымы, Ғылыми жобалар, Олимпиада шыңы, Инновациялық идеялар, Марафондар мен сайыстар атты жаңашыл үйірмелер жұмыс жасауда. Жан-жақты жаңашыл сабақтар, жаңашыл білім  жүйесі-оқушыларымыздың алдағы болашаққа деген арман-мақсаттарын бүгінгі күннен бастап қалауда.

Бүгінгі Жолдауды  тыңдаған мектеп мұғалімдерін ұжымын  бюджеттік сала мамандары жалақысының 35 пайызға өсуі қуантты.

Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң енгізілуі де қуанышты жаңалық. Көпшілік еліміздің білім беру саласындағы реформалар қашан тоқтайды сұрап жатады. Мысалы,  Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін алып, жалпы білім беретін мектептерінде енгізілсе. Сонда барлық мектептер сапалы түрде, бір бағытта және бір арнада жұмыс жасайды. Сондықтан, Жолдауда балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі аралықта білім берудің жаңа заман талаптарына сай  қол жеткізуге баса назар аударылды.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР