Аймақтар • 08 Қазан, 2018

Алтай Көлгінов: Жастар жылы арзан флешмоб емес, мазмұнды да мағыналы істермен өтуі керек

782 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының актив жиналысы болып, онда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мәселесі талқыланды.

Алтай Көлгінов: Жастар жылы арзан флешмоб емес, мазмұнды да мағыналы істермен өтуі керек

Александр КУПРИЕНКО

- Бұл Жолдау – бұған дейін жүзеге асырылып келген стратегиялық құжаттардың заңды жалғасы. Жаңа Жолдау еліміздің, өңіріміздің дамуына тың серпін беретін болды, - деді актив жиналысында сөйлеген сөзінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.  

Елбасы тапсырмасынан кейін қазақстандықтардың едәуір бөлігінің әлеуметтік жағдайы жақсаратын болды. Бұл әсіресе білім саласы қызметкерлеріне қатысты. Өңір басшысының айтуынша, Батыс Қазақстан облысында мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі 3 829 тәрбиеші мен қызметкердің жалақысы өседі.  

Жолдауда отандық өнімді арттырып, экспортқа көңіл бөлу тапсырылды. Өткен жылы ет экспорты бойынша республикалық көрсеткіштің 40 процентін, яғни жартысына жуығын Ақ Жайық өңірі атқарған. 1300 тонна сиыр еті шетелге, атап айтқанда Ресей, Армения, Иран және Ауғанстан мемлекеттеріне шығарылды. Қой етін экспорттау жоспары 2,5 есеге артық орындалып, 500 тоннаға жуық ет шетелге сатылды.

- Біз бұнымен шектелмейміз. Себебі жаңа Жолдау қосымша мүмкіндіктер тудырып отыр. Елбасының тапсырмасына сәйкес өңірдегі ирригациялық құрылымдар жүйесін жаңарттық. 4 ірі жоба жүзеге асырылып, суармалы жерлер 70 мың гектарға кеңейді. Осының нәтижесінде малшаруашылығымен айналысатын қожалықтар көбейе бастады. Шаруа қожалықтарының саны 2017 жылы 5 мың болса, биыл 6500-ден асты - деді Алтай Көлгінов.​​​​​​​

Өңір басшысы өз баяндамасында тоқтап тұрған жобаларға инвестор тартылып, жаңадан тағы 10 мың бас мал бордақылайтын алаңдар салу жоспарланғанын айтты. Бүгінде өңірдегі игерілмей жатқан 1 млн.га жер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның жартысы іскер азаматтарға қайта берілген. Қолға алынған 12 инвестициялық жобаның тең жарымы шетелдіктердің қатысуымен жүзеге асуда. Білім саласында өңірдегі жеке балабақшалардың саны 24-тен 52-ге көбейіп, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту – 100 пайызды құрады. Цифрландыру аясында қаладағы балабақша кезегі толықтай электронды кезек жүйесіне көшірілді. Жыл соңына дейін барлық аудан орталығы осы жүйеге өтеді.

Батыс Қазақстан облысы еліміз бойынша автожолдары ең нашар өңір болып есептелетін. Өңір басшысының айтуынша бұл жағдай өзгереді. «Қазір жыл сайын 500 шақырымға жуық жол жөнделуде. Республикалық маңызы бар Орал-Тасқала-РФ шекарасы бағытындағы жол құрылысы биыл аяқталады. «Нұрлы жол» бағдарламасы қарқынды жүруде. Алдағы уақытта Орал-Орынбор тас жолы жасалатын болады. Өңірге мамыр айында келген Президенттің сапары қорытындысы бойынша, шалғай аудандарға жол тарту тапсырмасына сәйкес қаражат бөлінді, келесі жылы жұмысты бастайтын боламыз. Жолдауда өңірішілік жолдарға аса мән берілді. Сондықтан, қаладағы, аудандардағы жолдарды жөндеу қарқынын төмендетпейміз» - деді Алтай Көлгінов.

Батыс Қазақстан облысының әкімі облыс активі алдында өңірде алда қолға алынатын жобалар туралы кеңінен айтып берді. Мәселен, 2019 жылы 50 елдімекенді таза сумен қамту, Орал қаласы тұрғындарының қауіпсіздігі үшін орнатылатын бейнебақылау жүйесі, биыл жыл соңына дейін 7-20-25 бағдарламасы аясында берілетін 3 мың пәтер, «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша меценаттардың көмегімен атқарылған жалпы құны 200 млн теңгелік 122 жоба – бұл өңірде жүзеге асқан және қолға алынған сан түрлі жобалардың бір бөлігі ғана.

Осы жиында сөз алған «Стройкомбинат» ЖШС директоры Бақытжан Нұрбаев 2019 жылдың қаңтарынан бастап компания қызметкерлерінің жалақысы өсетінін хабарлады. «Президент Жолдауынан кейін біздің ертеңгі күнге деген сеніміміз беки түсті. Өндіріске жаңа технология, озық жабдықтарды батыл енгізіп, еңбек өнімділігі мен табысымызды арттыруға қол жеткіздік. Отандық өндірушілер мемлекет қолдауын анық сезініп отыр. Өңірдегі темірбетон резервуарлардың 90 пайызын біздің компания шығарады. Жылына 2 млрд теңгенің өнімін өндіріп, ел қазынасына 200 млн теңге салық түсімін құйдық. Өңірдегі жол құрылысының дамуы, мемлекеттік 7-20-25 бағдарламасы біздің компанияның жүйелі тапсырыс алып, қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр» дейді Бақытжан Нұрбаев.

«Медициналық орталық» ЖШС директоры Рафхат Истаев өңірдегі медицина қызметкерлері атынан Президент Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға дайын екендігін білдірді. Учаскелік дәрігерлер мен медбикелер жалақасының өсуі, қағазбастылықтан арылу – дәрігерлердің көптен күткен жаңалығы еді. Сонымен бірге өңірдегі медициналық мекемелер осы заманғы ең озық құрал-жабдықтармен жарақтанып жатыр. Енді бұған медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі сай келіп, халық денсаулығы үшін аянбай қызмет етуі тиіс.

Орал қаласындағы №17 орта мектеп директоры Тамара Рудич Президенттің биылғы Жолдауы білім саласы қызметкерлері үшін қуанышты жаңалыққа толы болғанын айтты. «Елбасы өнеркәсіп, құрылыс, денсаулық сақтау, экономика саласы туралы айтса да білім мәселесіне оқтын-оқтын оралып отырды. Екі сағат бойы теледидар алдында жіпсіз байланып қалдық. Педагогтың мәртебесі туралы арнайы заң дүниежүзінің ешбір елінде жоқ екен. Біз мемлекеттің ерекше қамқорлығын сезіне отырып, асқан жауапкершілік жүктелгенін де түсіндік» - деді Тамара Рудич.

Бұдан кейін мінбеге «Сәбит» шаруа қожалығының жетекшісі Ерболат Құрманғалиев, жеке кәсіпкер Саян Баетов шығып, өздері араласып жүрген ауыл шаруашылығы саласындағы іс тәжірибесімен бөлісті. Сөз алушылардың бәрі де Президенттің жаңа Жолдауы ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтеруге тың серпін беретінін баса айтты. Жиын соңында облыс активі жиналысының қарары қабылданды.

- Елбасы келер жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл ұсынысты өңір жастары да қуана қабылдады. Бүгінде облысымызда бірнеше коворкинг орталығы жұмыс істейді. Жас отбасыларға арналған Ақжайық баспана бағдарламасын пысықтау қажет. Бизнес бастағысы келетін жастарға арнайы оқытулар, жеңілдікпен несие алу жағын қарастырамыз. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен білім гранттарын бөлуді одан әрі жалғастыратын боламыз. Жастар жылы арзан флешмобтармен көмкерілмей, мазмұнды да мағыналы жыл ретінде аталып өту керек, - деп түйіндеді сөзін Алтай Көлгінов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы