Қазақстан • 08 Қазан, 2018

Елімізде «Цифрлық күз - 2018» атты мәдени маусым басталды

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова және Қазақстандағы Францияның төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэнің қатысуымен «Цифрлық күз - 2018» атты мәдени маусымның басталуына орай баспасөз мәслихаты өтті.

Елімізде «Цифрлық күз - 2018» атты мәдени маусым басталды

Франция елшілігі мен оның серіктестерінің  ұйымдастырумен өтетін мәдени шаралар халықты өнертабысқа, кәсіпкерлікке баулуға бағытталған. Биылғы шара теxнологиялық әрі инновациялық тақырыпқа арналуына байланысты Астана мен Алматы өтетін барлық мәдени шаралар озық теxнологиялардың негізінде ұйымдастырылады. Филипп Мартинэның айтуынша, «Цифрлық күзді» өткізу кезінде Қазақстанның цифрлық теxнологияларға қатысты қазіргі ұстанымы барынша ескеріледі. Осыған байланысты шетел әртістері инновациялық әдіс-тәсілдерді жан-жақты қолданады. Ал мәдени шаралардың басым бөлігі виртуалды түрде көрсетіліп, қатысушылар интерактивті концерт тыңдауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ елшінің айтуынша, Франция елінде де «Цифрлық Франция» деген бағдарлама жүзеге асуда. «Бағдарлама аясында елімізде 2022 жылға дейін барлық әкімшілік шараларды электронды форматқа ауыстыру көзделген. Маусым барысында осы саладағы тәжірибемен бөлісіп, сондай-ақ өнеркәсіп, білім мен мәдениетті де қамтуға тырысамыз. 25 қазан күні Астанада өтетін өнеркәсіпті цифрландыруға арналған форумға француз кәсіпорындарының өкілдері және білікті сарапшылар келеді. Сол кезде жаңа жобалар қолға алынады деп үміттенеміз. Екінші бағыт - білім. Францияда цифрлық білім жақсы дамыған. Мәселен бізде анимациялық фильмдерге үйрететін 75 мектеп бар. Ал үшінші бағыт мәдениет саласы бойынша біраз шаралар виртуалды түрде көрсетіледі», дейді Ф.Мартинэ.

«Цифрлық күз - 2018» маусымы аясында цифрлық даму тақырыбында барлығы он шақты мәдени шара өткізу жоспарланып отыр. Бағдарлама аясында француз әртістері Қазақстан студенттері мен әртістерімен шығармашылық шеберлік сыныптар өткізіп, мамандырылған оқу ордаларында кездесулер ұйымдастырады.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар