Аймақтар • 08 Қазан, 2018

Қарағандыда буктрейлер және эссе сайыстарының жеңімпаздары анықталды

2244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандыдағы Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында «Кітап. Жаңа формат» буктрейлер және «Туған өлкемді мақтан тұтамын!» атты эссе сайыстарының қорытындысы шығарылды.

Қарағандыда буктрейлер және эссе сайыстарының жеңімпаздары анықталды

Аталған байқауда облыстың кітапханашылары мен кітапхана оқырмандары бақ сынады. «Буктрейлер» деген таңсық сөздің мағынасы мынадай: ол – кітап жайлы көркем тілде баяндайтын қысқаша бейнебаян.

– Буктрейлерлер сайысына екі номинация бойынша 20 жұмыс ұсынылды. Барлық жұмастар «Вконтакте» әлеуметтік желісінде жарияланып, сол жерде оларға дауыс берілді. Ал «Туған өлкемді мақтан тұтам!» атты эссе сайысына барлығы 39 жұмыс келіп түсті, – деді Абай атындағы кітапхананың әдіскері Сәуле Жүсіпова.

Сонымен, буктрейлерлер бәйгесінде «Бас алмай оқитын кітап» аталымы бойынша Сәтбаев қаласынан келген Аружан Аяпова бірінші жүлдені жеңіп алды. Сегіз жасар Аружан қазылар алқасының талқысына «Мой любимый поэт и его произведения: А.С. Пушкин» атты туындысын ұсынған болатын.

Сонымен қатар, бұл аталымда қазылар алқасы Бұқар жырау ауданынан келіп қатысқан 15 жасар Нұрлыбек Төкеновтің жұмысына да жоғары баға берді. Ол Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабына буктрейлер жасаған болатын.

«Қазақстанның 2018 жылғы мерейтойлы кітабы» аталымы бойынша бірінші жүлдеге Қарқаралы ауданындағы Аппаз аулының кітапханашысы Бақытгүл Кәкімова ие болды. Қазылар алқасы Бақытгүлдің жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабына жасаған буктрейлер жұмысын үздік деп таныды. Сондай-ақ, осы аталымдағы онлайн дауыс беру нәтижесінде Қаражал қаласының тұрғыны Төрехан Бикен жеңімпаз атанып, оған көрермен көзайымы сыйлығы табыс етілді. 13 жасар жеңімпаздың Александр  Дюманың «Үш ноян» кітабы бойынша жасаған буктрейлері 611 дауыс жинады.

Ал «Туған өлкемді мақтан тұтам!» деп аталған эссе сайысында Бұқар жырау ауадынының Ғ. Мұстафин ауылы атынан қатысқан Юлия Якушева үздік шықты.

Сайыстарды ұйымдастырушы – биыл өзінің 65 жылдық мерейтойын  атап өткен Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапаттады.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ