Аймақтар • 08 Қазан, 2018

Таразда халықаралық сән апталығы басталды 

560 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін тарихи Тараз топырағында "Aspara fashion week" халықаралық сән апталығы басталды.

Таразда халықаралық сән апталығы басталды 

Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында Жамбыл облысы әкімдігінің және "Асыл Дизайн" сән үйінің ұйымдастыруымен "Арай плаза" кешенінде өткен салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова арнайы келіп қатысты. Гүлшара Наушақызы әлемнің 19 мемлекетінен келген қонақтарды салтанатты шараның ашылуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Бұдан кейін Өзбекстан Республикасы Әйелдер істері жөніндегі комиссия төрайымының орынбасары Мукрам Нұрматова тараздықтарға өзбек халқының ыстық сәлемін жеткізді. Қазақ елінде өтіп жатқан сән апталығының маңыздылығына тоқталды. Ал өз сөзінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов ежелден Тараз тарихи қала екенін, осындай бай мәдениетімізді тамашалауға келген шетелдік азаматтарға алғыс білдірді.

Бұдан кейін жуырда ғана Италия мемлекетінің Милан қаласында өнер көрсетіп келген жергілікті дизайнер Айдархан Қалиевтің "Тараз періштелері" сән үлгілері көрсетілді. Италия, Франция, Өзбекстан сияқты көптеген мемлекеттен келген сәнгерлер бұл қойылымды қызыға тамашалады. Жалпы, Тараз қаласында алғаш рет бастау алған сән апталығы бір апта бойы көне шаһарда жалғасатын болады. Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, осы уақыт аралығында шетелдік қонақтар Әулиеата өңірінің тарихи жерлеріне саяхат жасайды. Сонымен қатар, ұлтымыздың ұлттық тағамдарын шетелдіктерге насихаттау мақсатында "Дәмді, "Taraz - food tourism - 2018" ұлттық тағамдар көрмесі өткізілетін болады. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған шарада жергілікті аспаздар келушілерге түрлі тағам түрлерін ұсынып, қазақтың салт-дәстүрімен таныстырады.

Байқауға тағам туризмі саласында еңбек етіп жүрген 100-ге жуық шет елдік және 300-ге жуық қазақстандық турист келеді деп күтілуде. Сондай-ақ, "Көне Тараз" тарихи-мәдени кешенінде тағам туризмін таныту тақырыбында семинар кеңестер, шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Және бір апта бойы шетелдік дизайнерлер өздерінің үздік сән үлгілерін көрсетеді.

 

Хамит Есаман,

"Егемен Қазақстан"

Жамбыл облысы