Қазақстан • 10 Қазан, 2018

Роза Рымбаева бастаған өнер жұлдыздары «Өз жүрегіңе құлақ сал» жобасын қолдады

628 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік жүрек күні мен Дүниежүзілік тромбоз күніне (13 қазан) орай Қазақстандағы SANTO компаниясы жүрек-қантамыр ауруларына жұртшылықтың назарын аударту мақсатында әлеуметтік науқанды бастады.

Роза Рымбаева бастаған өнер жұлдыздары «Өз жүрегіңе құлақ сал» жобасын қолдады

Кардиолог-дәрігерлер соңғы уақытта елімізде жүрек ауруларының көрсеткіші геометриялық прогресспен өсіп келе жатқандықтан, бұл дерттің белең алуына тоқтау салу үшін табанды қадамдар жасау қажетттігін алға тартуда.

Компания өтініші бойынша, түрлі жанрда ән айтатын Қазақстанның танымал үш орындаушысы өздеріне беймәлім адамдардың жүрек ырғағына сәйкес композициялар жазып шығарды. Композиция дайын болған соң ғана, бұл әндер кімнің жүрегінің «әуеніне» сай жазылғандығы белгілі болды.

Жобаға тартылған Әли Оқапов былай дейді: «Шынымды айтсам, басында композицияны жазу қиынға соқты. Біріншіден, әуенді бір минутқа сыйдыру қажет. Ең бастысы, музыканы нақты бір ырғаққа келтіру қажет болды. Сондықтан әуенді жылдамдата, не баяулата алмайсың. Бұл дыбыстың не айтқысы келіп тұрғанын барынша сезінуге тырыстым. Нәтижесінде музыка өте тез дүниеге келді. Бастапқыда бұл жүрек кімдікі екенін білмедім. Маған бұл кардиолог-дәрігердің немесе каскадердің немесе ананың жүрегінің ырғағы болуы мүмкін деп қана айтты. Мен сол ырғақты тыңдаған кезде, жүрек дыбысы өте терең, қуатты әрі мазасыз болғандықтан, каскадердің жүрегі деп ойлап қалдым. Сөйтсем, ананың жүрегі болып шықты. Мүмкін бұл қызық естілетін шығар, бірақ бұл дыбыста ерекше бір тылсым күш бар. Соның арқасында өз сезімдерімді музыка арқылы тез жеткізе алдым».

Аталмыш жобаға ана ретінде қатысқан Роза Рымбаева: «Өз жүрегіме алғаш рет құлақ асқан кезде, оның өте терең әрі мазасыздыққа толы екендігін сезіндім. Өмірімнің соңына дейін бұл дыбыстың өте тыныш, бірқалыпты, мейірімге толы болғаны қалаймын. Адамдар өз жүрегіне көңіл бөлуі тиіс, өйткені ол – ағзамыздағы ең басты мүше. Біз көбінесе құлап сүрінген кезде ғана дәрігерлердің көмегіне жүгініп жатамыз. Жылына бір мәрте болса да дәрігерлерге қаралып, денсаулығымызды тексеріп тұру керек» дейді.

Жеребе тарту нәтижесінде JCS тобының музыканттарына жоғарғы санаттағы кардиолог-дәрігер Қайрат Кәрібаевтің жүрек ырғағына сәйкес композицияны жазу мүмкіндігі бұйырды.

– Жүрек ырғағы музыка дыбысына қондырылған кезде, өте қызықты дүниелер өмірге келеді екен. Әрбір адамда, әрбір тірі затта әртүрлі мүшенің, мысалы, бүйрек, бауыр, ең бастысы, жүректің өз биоырғағы болады. Біз жүрекке үнемі құлақ аспасақ та, біздің бүкіл өміріміз оның ырғағына көнеді, осыны естен шығармағанымыз абзал, – дейді дәрігер Қайрат Рахманиұлы.    

– Мен күнделікті науқастармен жұмыс жасаймын. Адамдар ауру белгілерін не остеохондроз, не өкпедегі сырқат деп түсініп, миокард инфарктісінің белгілерін өткізіп алады. Біз ұдайы жүрек ырғағының бұзылғандығына жіті көңіл бөлмейміз. Алайда жүрек – біреу, сондықтан оны күту қажет, – дейді дәрігер.

«Соңғы жылдардағы оңды үрдіске қарамастан, Қазақстанда қан айналым және жүрек-қантамыр аурулары жалпы ауру-сырқаттар арасында көш бастап, өлім-жітімнің көптішігі жағынан бірінші орында тұр. Танымал тұлғалардың қатысуымен түсірілген әлеуметтік роликтер қазақстандықтардың назарын осы мәселеге аудартып, өз денсаулықтарына көңіл бөлуге, дерттің алдын алып, салауатты өмір салтын ұстануға түрткі салады деген сенімдемін», – деді SANTO компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Елена Арышева.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ