Аймақтар • 10 Қазан, 2018

«Құлагер» ипподромында Ұлттық ат спортының биылғы маусымы аяқталды

400 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы «Құлагер» ипподромында Ұлттық ат спортының биылғы маусымы аяқталды. Ат жарысына Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының шабандоздары қатысты. Аламан бәйге 24 шақырымға, тоқ бәйге  8 шақырым, ұшқыр бәйге 2, 4  шақырым қашықтыққа арналды.

«Құлагер» ипподромында Ұлттық ат спортының биылғы маусымы аяқталды

Қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің мәліметінше, жүлдеге Ұлттық ат спортына демеуші кәсіпкерлер  3 автокөлік және 2 мотоцикл тіккен.  

Аламан жарыстың қорытындысында  Баянауылдық Әмір Нығмановтың «Мудрый Сократ» атты аты ұшқан құстай алда келді. Бапкері Михаил Жексенбаев, шабандозы-Влад Нинашов.  

Екібастұздық Мирас Тілеуберлі, Шығыс Қазақстан облысының келген Ғадылбек Серікболдың жүйріктері мәреге екінші және үшінші болып жетті. Ұшқыр бәйгенің жүлдесін Болат Қожамсейіттің «Пресанелла» жеңіп алды. Құнан жарысы бойынша,  Ақсақовтың «Обригадасы» мәреге бірінші жетті.  Тоқ бәйгенің жеңімпазы «Байсары» аталатын тұлпар. 

Бұл күні аударыспақ ойындарынан да қызу бәсеке додасы өтті. Ойынның  жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықпен марапатталды. Павлодарлық шабандоздар Астанада өткен «Ұлы Дала рухы» фестивалінде аударыспақтан  екінші орын алыпты.

Облыстық ат спорты жарысының аға жаттықтырушысы Жасұлан Әлиевтің айтуынша, облыста биыл  3 рет  ат бәйгесі өткен. Қазір Айбын Уахитов, Мұрат Ағжан, Бағдат Асқар сияқты спортшылар келесі жылы болатын ат спорты жарыстарына дайындықты бастап  кетіпті.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР

Суретті түсірген : Валерий Бугаев