Президент • 10 Қазан, 2018

Бейбітшілік, әл-ауқат пен молшылық адамзат дамуының негізгі тенденциясына айнала алмады – Елбасы

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі басталды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезін Президент құттықтау сөзімен бастады. 

Бейбітшілік, әл-ауқат пен молшылық адамзат дамуының негізгі тенденциясына айнала алмады – Елбасы

Фото: Ерлан Омар

«Съезге қатысушылар мен меймандар! Сіздерді Қазақстан еліне құрметпен келіп және сіздерді қабылдағаным үшін шын жүректен зор қуанышқа бөленемін».

Президент діни көшбасшыларды қазақ жерінде қарсы алғанына шынайы қуанышты екенін жеткізе отырып, 2003 жылы алғашқы тарихи съездің өткеніне 15 жыл толғанын атап өтті. «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін оның визиткалық картасы деп атауға болады. Себебі біз бұл қаланы елордамыз Астананы барлық мәдениеттерге ашық Еуразияның болашақ қаласы ретінде салдық», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Елбасы саясаткерлер мен діни қайраткерлерді дінаралық және дінішілік қайшылықтар алаңдатпай қоймайтынын айтты.

«Өткен съезден бергі 3 жылдың ішінде Қазақстан елордасында жаһандық деңгейдегі маңызды шаралар ұйымдастырылды. Астанада қабылданған шешімдер халықаралық кең резонансқа ие болды. Өйткені, ол бітімгершілік, серіктестік, толеранттылық және жасампаздық идеяларын сіңірген. Бұл барынша маңызды. Себебі әлем, өкінішке орай, турбуленттік жағдайға еніп отыр. Біздің барлығымызды, саясаткерлер мен діни қайраткерлерді санкциялық текетірестер, дінаралық және дінішілік қайшылықтар, сауда соғыстары, қоршаған ортаның ластануы алаңдатпай қоймайды», деді ол.

 

Сонымен қатар Президент үшінші мыңжылдықта 18 жыл өмір сүргенімізге қарамастан адамдардың ақыл-ойлары мен жүректерінде жатсынушылық күшейгенін айтты.

«Біз үшінші мыңжылдықта 18 жыл өмір сүрудеміз. Бірақ, бейбітшілік, әл-ауқат пен молшылық адамзат дамуының негізгі тенденциясын айнала алмады. Әлемдік қоғамдастық өзара сенімсіздік, жек көрушілік және жанжалдардың зұлымдық шеңберінен шыға алмады. Біз жағдай түзелмек тұрмақ нашарлай түскенін көріп отырмыз. Елдер мен саяси блоктар арасында жаңа қабырғалар, жаңа темір шымылдықтар тұрғызылуда. Бірақ ең қауіптісі - адамдардың ақыл-ойлары мен жүректерінде өзара жатсынушылық күшейе түсуде», деді Мемлекет басшысы.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»