Қазақстан • 11 Қазан, 2018

Қостанай қазақ драма театры гастрольге жиі шығуды жоспарлап отыр

604 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы биылғы театр маусымын жаңа басшылықпен бастады. Театр директорлағына Сабыралы Кемелбаев тағайындалды. Ал бас режиссер болып Әлия Баймахан келді. 

Қостанай қазақ драма театры гастрольге жиі шығуды жоспарлап отыр

Театр Астана қаласының 20 жылдығына орай елордада өткен шараларға белсене қатысты. 4-5 жылдан бері республикалық театр фестивальдеріне қатыспаған ұжым, келер байқауларға қойылымдар дайындауды көздеп отыр. Театрдың ашылғанына 20 жылға жуық уақыт болды. Осы жылдар ішінде 15 жыл бойы сахнадан түспей келе жатқан, көрермендер сұранысымен жиі қойылатын шығармалар бар. Дегенмен осы жылдар ішінде сахнадағы ғұмыры ұзақ болмаған, талғамсыз қойылған қойылымдар да болды. Театрға жаңа директор, жаңа көркемдік жетекшінің келуіне байланысты, өнер ордасының шығармашылық ұжымы көрермен көңілінен шығу үшін жұмысты барынша ширатып, жаңаша жоспарлауға, жүргізуге бетбұрыс жасады.

«Театрдың өнер ұжымының шығармашылық әлеуеті жоғары, барлығы да өз ісінің мамандары. Репертуар барлық театрлардағы секілді бізде де іріктеуді, таңдауды қажет етеді. Оны жаңа режиссер алдағы уақытта дамыта түсетін болады. Көрермен көңілінен шығу үшін жұмысты ұйымдастырудың жаңа әдістерін, цифрландыру жетістіктерін, көрермен сұранысын зерттеу секілді жан-жақты жұмыс істейміз. Театр алдағы уақытта гастрольге жиі шығатын болады. Сонда біз көрерменге жақын да боламыз, әрі шығармашылық жағынан шыңдала да түсеміз» деді театр директоры Сабыралы Кемелбаев өңірлік коммуникация қызметінің ақпараттық алаңына келіп, журналистерге берген сұхбатында.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай