Қаржы • 11 Қазан, 2018

Маңғыстау облысы мемлекеттік кірістер департаментіндегі түйткілді мәселелер сөз болды

689 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде Маңғыстау облысының әкімі Е. Л. Тоғжановтың, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро департаментінің басшыларының қатысуымен жергілікті бюджет бойынша болжамның орындалуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын, Этикалық кодекс нормаларын сақтау мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті.

Маңғыстау облысы мемлекеттік кірістер департаментіндегі түйткілді мәселелер сөз болды

Соңғы деректерге сәйкес, жергілікті бюджетке салықтар мен төлемдерді жинау 82% - ға орындалды, жоспар бойынша 132 668,2 млн. теңге іс жүзінде 108 843,3 млн. теңге түсті, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш жоғары, яғин өсу қарқыны 103,6% - ды құрады.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Д. Е. Жаналинов баяндама жасады. Баяндамада заңды тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық, жеке тұлғалардан түсетін түсімдер бойынша бюджетке қосымша түсімдердің түсуі мақсатында атқарылған жұмыстар туралы есептер, жеке тұлғалардың берешек сомаларынан қосымша резервтер бойынша жұмыстар, қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемдер бойынша, 2018 жылдың 3-ші тоқсанында ЖТС және әлеуметтік салық бойынша хабарламаларды өңдеу бойынша жұмыстар, онлайн БКМ шеңберінде деректерді өңдеу бойынша жұмыстар айтылды. Бұдан басқа, МКД басшысы облыс әкіміне және қатысушылардың алдында жергілікті бюджетті толықтыру мақсатында салық төлеушілермен жұмыс істеу кезіндегі жоспарлары туралы баяндады.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Н. Жанназарова өз баяндамасында кірістер департаменті қызметкерлері тарапынан Әдеп нормаларының сақталмауы жиі орын алып отырғандығын және тәртіптік жауапқа тартылғандар жайында баяндады. Жыл басынан бері Маңғыстау облыстық кірістер департаментінің 120 қызметкерінің 111 тәртіптік жауапкершілікке, қалған 9 әкімшілік жазаға тартылған. Ал тәртіптік жауапқа тартылғандардың 18 басшылық құрамының лауазымды тұлғалары.

- Кірістер департаментінің қызметкерлері 56 - ескерту, 27 - сөгіс, 5 - қатаң сөгіс, 12 - қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, 2 - қызметінен төмендету, 2 - қызметінен босатылған. Сонымен қатар 5 мемлекеттік қызметші  «теріс» себептермен қызметтен босатылған. Мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімдерін немесе тәртібін бұзғаны үшін кірістер департаментінің кедендік бақылау басқармасының 2 қызметкеріне 72150 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл санылған, деді департамент басшысы Н.Жанназарова. 

Өз сөзінде Е. Тоғжанов мемлекеттік кірістер департаментінің әрбір қызметкерінің функционалдық міндеттерін қайта қарастыру керек екендігін айтты. Себебі атқарылатын қызмет деңгейі бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, жұмыстың сапасыз орындалып жатқандығын байқауға болады. Департамент басшысы мен кеңесте көтерілген мәселелерді ескере отырып, аймақ басшысы уәкілетті органдарға, қалалар мен аудандар әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы