Қазақстан • 11 Қазан, 2018

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде қорытынды тексеру басталды

640 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2018 жылға арналған дайындық жоспарына сәйкес «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде қорытынды тексеру басталды. Ол бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетінің деңгейін бағалау үшін Ақтау, Ақтөбе және Атырау гарнизондарындағы әскери бөлімдерінде өткізілуде.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде қорытынды тексеру басталды

Негізгі мақсаты жеке құрамның машығын, взводтардың, роталардың, құрамалар мен бөлімдер батальондары басқармаларының шынайы деңгейін, бөлімшелердің қысқа мерзімде қойылған жауынгерлік тапсырмаларды орындауға әзірліктерін тексеру, сондай-ақ оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтау, жауынгерлік даярлық жоспарлары мен бағдарламаларын орындау барысында бөлімшелер мен олардың басқару органдарының жауынгерлік даярлығы мен үйлесімділігінің деңгейін бағалау болып табылады.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қаныш Абубакировтың айтуынша, өңірлік қолбасшылықтың Басқарамасы офицерлері құрамынан кешенді комиссия құрылған.

- Олар барлық әскери бөлімдерге жіберілді. Қорытынды тексеріс үш кезеңде өткізіледі деп жоспарланған. Тексеріске штаттық жауынгерлік техникамен жауынгерлік оқ атулар мен тактикалық оқу-жаттығуларды өткізе отырып, түрлер, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтардың, батальондардың (дивизиондардың) барлық басқармалары, взводтар, роталар (батареялар) мен оларға теңестірілгендер тартылды. Оқыту пәндері бойынша сабақтар бөлімдердің ұдайы орналасу пункттерінде және оқу-жаттығу орталықтары мен полигондарда өтуде, дейді  генерал-майор.

Тексерілетін пәндердің қатарында атыс, тактикалық, арнайы дайындық, жауынгерлік машиналарды жүргізу, әскери топография, инженерлік, дене және саптық даярлық бар. Комиссия, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйін, бағынысты құрамаларда жауынгерлік даярлықты басшылыққа алу бойынша лауазымды адамдардың жұмысының ұйымадстырылу жүйесін, жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін тексереді.

Әр әскери қызметшіге жеке дара тәртіпте және бөлімшелер құрамында теория жүзінде ғана емес, сонымен бірге, практика жүзінде емтихандар тапсыруға тура келеді.

Гүлайым Шынтемірқызы,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы