«Бейбітшілік қабырғасы» жанында құлшылық жасады
Бас қаламызда 2003 жылдан бастап үш жыл сайын өткізіліп келе жатқан жиын бұл жолы жоғары деңгейде өтті деуге толық негіз бар. Съездің алғашқы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің және жекелеген аймақтардың алдындағы жаңа заманға тән қауіп-қатерлерді атап, ғаламды құтқару жолдарын, негізгі қиындықтарды екшеп берген болатын. Съездің екінші күні әрбір сөйлеуші ойларын Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасынан үзінді, мысал келтіре отырып түйіндеді.
Жалпы, Съездің екінші күнін дін көшбасшылары «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің жанында жер бетіндегі бейбітшілік үшін дұға жасаудан бастады. Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығының директоры Айдар Әбуов «Бейбітшілік қабырғасының» Қазақстанның ядролық полигонын жапқанын ғана емес, әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен бас тартқанын айғақтайтыны туралы айтып берді. Монумент тарихтағы қайғылы оқиғалардың зардаптарын ұмытпай, жер жүзіндегі бейбітшілік пен ынтымақты қастерлеуге үндейтіндігін еске салды.
Қорытынды құжат бірауыздан қабылданды
Қазақстан Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы айтулы жиынды қорытындылау сөзін барлық делегациялардың басшылары мен қонақтарына, халықаралық ұйымдардың жоғары өкілдеріне алғыс айтудан бастады. Олардың Съезд жұмысына белсене қатысып, сындарлы үлес қосқанын атап өтті.
– Съездің жалпы және секциялық отырыстарында қауіпсіз әлемді нығайтуға және руханият пен діни дәстүрлердің рөлін арттыруға бағытталған құнды бастамалар көтерілді. Осы сипаттағы қарым-қатынастар өз жалғасын табатынына және нығая түсетініне кәміл сенемін. Съездің түпкі мақсаты да осыны көздейді. Барлық конфессия өкілдерінің белсенділігі мен өзара іс-қимылдары қарқынын жоғалтпауы тиіс.
Форум барысында ашық айтылған мазмұнды ой-пікірлер мен ұсыныстарды терең зерделеп, ой елегінен өткізу қажет. Әлемнің жаңа бейнесіне қатысты ортақ көзқарас пен өзара түсіністік бар екендігіне көз жеткіздік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы Астанадағы айтулы жиынға әлем назар аударып отырғандығын да жеткізді.
– Бүгінде Съездің шынайы алаңы – Астана ғана емес, барша әлем қоғамдастығы. Себебі бүкіл әлемде әр алуан дінді ұстанатын адамдар Қазақстанның елордасындағы кездесуге зор үмітпен көз тігуде. Ұрыс-жанжал мен үрейден қажыған миллиондаған адам бейбітшілікті, тыныштықты, тұрақтылықты қалайды. Халықтар шын мәнінде, бітімгершілікке зәру екені анық.
Бүгін осы залда отырған дін жетекшілері, белгілі саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың басшылары өз мемлекеттері мен халқына VI съездің қорытындыларын жеткізеді деп үміттенемін. Декларацияның негізгі шешімдерін азаматтық қоғамның барлық деңгейдегі институттары арқылы сіздер белсенді түрде насихаттайды деп сенемін. Делегация басшыларына, VI съездің барлық қатысушылары мен қонақтарына бейбітшілік пен жасампаздық жолындағы жауапты қызметтері үшін және Съездің ізгі идеялары мен бастамаларын ілгерілетуге қосқан қомақты үлесі үшін алғыс айтамын, – деп сөзін түйіндеді Қ.Тоқаев.
Бұдан соң VI съездің тарихында қалатын тағы бір оқиға болды. Ол – 20 мың данамен айналымға енгізілетін пошта маркасы. Марканың үлгісін ортаға Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаев пен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов ортаға алып шықты. Маркада Съездің логотипі, Бейбітшілік және келісім сарайы, зәйтүн ағашының бұтақтары мен бейбітшіліктің символына айналған көгершіндер бейнеленген. Сондай-ақ қазақ және ағылшын тілдерінде «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі» деген жазу бар.
Мазмұнды төрт тақырып
Иә, Съездің екінші күні негізгі талқылаулар, баяндаулар, пікірталастар мен сөз жарыстары Тәуелсіздік сарайында қызған еді. Ұйымдастырушылар ұсынған тақырыптардың мазмұнын оның атауларының өзі ашып тұрды.
Мәселен, «Әлем. ХХI ғасыр» манифесі жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде, «Құбылмалы геосаясат жағдайындағы діндер: адамзатты біріктіруге арналған жаңа мүмкіндіктер», «Дін және жаһандану: сын-тегеуріндер мен жауаптар», «Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлер экстремизм мен терроризмді еңсеру жолында». Бұл жиындар өткен атшаптырым залдарда ине шаншар орын болмағандығын да атап өткен жөн. Сөз басында айтқанымыздай, Елбасының бір күн бұрынғы саяси сындарлы сөздерінен қуат алған діни қайраткерлер ойларын ашық айтып, неғұрлым белсенділік танытты.
Қай жағынан қарасақ та қазіргі кезеңде әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық ахуал едәуір өзгерістерге тап болып отыр. Әлемнің көпполярлы құрылымы көптеген геосаяси факторлардың әсерімен қалыптасуда. Халықаралық қатынастарда шиеленістер де үдеп барады. Соның салдарынан қай дінді болмасын халықаралық дауларды өршіту, террористік ұйымдардың әрекеттерін қолдау, адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзу үшін пайдалануда. Қазақстан әлемнің зұлымдықпен шырмалған тұсында қоғамдық-саяси сахнада сын-қатерлерге қарсы тұрудың амалдарын ұсынып келеді. Сондай шаралардың бірі де бірегейі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі.
Православия парламентаралық Ассамблеясының президенті, Ресей Федералдық жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаты Сергей Гаврилов: «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада кезекті рет адамзат баласы үшін тағдыршешті кезеңде бас қосып отырмыз. Шын мәнінде біз қауіп-қатердің небір түрін, нәсілшілдікті, экстремизм мен терроризмнің өктемдігін, босқан босқындарды, миллиондаған аш-жалаңаш адамды көріп отырмыз. Бұл жағдайлар адамзат дамуын ондаған жылға кейін шегеретінін сезінеміз. Оны халықаралық құқықтардың бұзылуының, мемлекеттердің ішкі ісіне араласуының, жастардың күшімен жүзеге асырылып жатқан төңкерістердің салдары деп санаймын. Сондықтан да Астана съезі жоғарыда аталған мәселелерді шешудің тиімді алаңы деп есептеймін. Өйткені дін көшбасшылары – бізге қажетті сенімді қалыптастыра алатын күш. Ал сенім негізінде әлемдік дін көшбасшылары қалыптастырған қоғамның іргетасын нығайта түсуге болады» дейді.
Ал Дүниежүзілік Ислам Лигасы Бас хатшысының кеңесшісі (САК) Мункиз Махмуд Ас-Сакар да әлемдік қоғамдастықтың, оның ішінде дінбасылардың бейбітшілік жолындағы іс-қимылының әлсіздігін ашып айтты.
– Әлемдегі көптеген зұлымдықтың астарын діннен іздейтін жаңсақ, сыңаржақ ойлармен келіспеймін. Жер бетіндегі соғыстар осыдан бес мың жылдай уақыт бұрын басталған. Сол кезде де, қазір де соғыс өрті шикізатқа талас, кек алу, трансұлттық компаниялардың шатақтарынан бастау алып келді. Әрине діндарлар да таза болды деп есептемеймін. Жаңа замандағы қауіп-қатерлерді кешегі отырыста Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев нақты әрі ашық айтып берді. Әлемдік деңгейдегі басшының сөздеріне толық қосыламын. Әлемде қазірдің өзінде соғыс өрті өршіп тұр. Әрбір соғыста мыңдаған адамдар опат болып, мыңдаған адамдар баспанасыз қалуда. Халықаралық қоғамдастық жаңа замандағы жетістіктерге қарамастан, сол соғыстарды тоқтатуда дәрменсіздік танытуда. Ғалымдардың өзі қажетті тетіктерді таба алар емес. Оның үстіне, біз – дінбасылар бейбітшілік жолындағы өз міндеттерімізді, парызымызды толық орындап отырмағанымызды мойындауымыз керек. Қазір адамзатты адамшылыққа жетелейтін рух бере алмай келеміз. Демек енді Астана жиынынан соң біздер әлемді тығырықтан шығарар жолды ұсынуымыз керек. Қазіргі жағдайда тек діни көшбасшылар ғана қиындықтың күрмеуін шешер кілт таба алады, – деді ол.
Сарапшылар жоғары баға берген Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХI ғасыр» манифесі – жауапкершілігі мол мемлекет пен оның саяси көшбасшысының айқын дауысы дейді Бразилиядан келген «UniaoPlanetaria» үкіметтік емес ұйымының президенті, «TV-Supren» телеарнасының жетекшісі Улиссис Ридель де Ресен.
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі бейбітшілікті қалыптастыру үшін белсенді қызмет етіп келеді. Мемлекет басшысының сұңғыла саясаты, бейбітсүйгіштік қасиеті, салмақты қадамы – көп елдерге үлгі. Қазақстан – 100-ден аса этнос өкілінің тату-тәтті тіршілік кешіп жатқан берекелі ел және дінаралық, ұлтаралық татулықтың ұстаханасына айналды, – деді ол.
Улиссис Ридель де Ресен өз сөзінде елімізде 2009 жылы өткен дәл осындай съезге қатысып, нәтижесінде португал тілінде «Рухани экология» атты кітап жазғанын мәлімдеді. Оның ағылшын тіліне аударылған бір данасын Бейбітшілік және келісім сарайының кітапханасына тарту ету үшін ала келген екен.
Жалпы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің нәтижелері әлемдік саяси сахналардан көрініс табады.
Ал бұл жолғы жиын қатысушылардың Бейбітшілік және келісім сарайының опера залында өткен салтанатты концертті тамашалап, «Нұр Әлем» болашақ музейіне баруымен аяқталды.
Келесі съезд 2021 жылы Астана қаласында өтетін болып келісілді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»