Руханият • 12 Қазан, 2018

Қош, намыс найзағайы!

361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше қазақ жұрты қараорман халқының қамын күйттеп, ұлттың ұлы сөзін сөйлеп өткен аса көрнекті қайраткер, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазадай аяулы ұлымен қоштасты.

Қош, намыс найзағайы!

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев: «Шерхан Мұр­таза қазақ журналистерінің бір­неше буынын тәрбиелеген ұлт­тық баспасөздің биік бәйте­регі еді. Қашанда әділдік пен ақи­қаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шын­дықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты» деп атап айтқандай,  қоштасу­ға қарақұрым ел, Шерағаң­ның шекпенінен шық­қан шәкірттері жиналып, дара тұлғаның туысқандарына, күллі қазақ жұртына қайғырып көңіл айтты.

Алматының Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық драма театрында қаралы митингіні ашқан Қазақ­стан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы ақын Ұлықбек Есдәулет ақиқаттың алдас­паны, шындықтың шырақ­шы­сы болған Шерхан Мұрта­заның Тәуелсіздік  жылдарын­дағы қосқан өлшеусіз үлесі ту­ра­лы айта келіп, қайраткер қалам­гер туралы «Шерағам ел ірге­сін бекітуде Елбасымыз біреу, қалғанымыз тіреу болуы­мыз керек деп қиын-қыстау сәт­терде Елбасының сенімді сері­гі бола білді, ел болашағы үшін Көк байрақтың астына тізе қосуымыз керек деп қа­дап айтты. Оның артында ұр­пақ­қа мирас болып өлмей­тін шығар­малары қалды, арқы­раған айбатты, найзағайдай жарқылдаған намысы қалды» деді.

Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Халықтың Шерағасына» айнал­ған нар тұлғалы қаламгердің, қа­рымды қоғам қайраткерінің ауыр қазасына байланысты мар­құмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын оқып берді. Сондай-ақ қоштасу барысында Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың, Мәжіліс Төр­ағасы Н.Нығматулиннің және Үкімет басшысы Б.Сағын­таев­­­тың көңіл айту хаттары оқылды. 

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Шерхан Мұр­таза туған Жамбыл облы­сы­ның әкімі Асқар Мырзахметов, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов, ақын Нұрлан Оразалин және басқалары сөз сөйледі.

Тәуелсіздіктің елең-алаңын­да жетпіс жылдық тарихы бар партиялық «Социалистік Қазақстанды» нағыз халықтық «Егемен Қазақстанға» айнал­дырған даңқты қаламгер Шерхан Мұртазаның денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына қойылды.

Алаштың аяулы тұлғасымен қоштасуға арналған қаралы митингі Астанадағы  «Қазмедиа орталығының» киноконцерт залында да өтті. Жиынға Ақпа­рат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қазақ телевизиясының ардагерлері Сұлтан Оразалин, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жол­дасбеков қатысып, қаламгердің өмірі туралы жарқын естелік­термен бөлісті. 

Атырау мен Алтай, Ала­тау мен Арқа арасындағы қара­орман қазақпен бірге Әулиеата халқы да ардақты азаматын азалады. Қайраткер тұлғамен Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында Жамбыл жұртшылығы қимай қоштасты. Саябақтағы Шерхан Мұртазаның үлкен портреті салынған баннерге әулиеаталықтар гүл шоқтарын қойып, марқұмның рухына тағзым етті.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ