Президент • 12 Қазан, 2018

Ең бастысы – ел сенімі

509 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында қамтылған өзекті мәселелердің әрқайсысы қоғамымыз үшін зор маңызға ие. Өйткені бұл стратегиялық құжатта барша қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсарта түсуге басымдық берілумен қатар, қоғамдағы құқықтық қатынастар саласындағы бірқатар түйткілдерді оңтайлы шешудің жолдары нақты көрсетілді.

Ең бастысы – ел сенімі

Жұртшылық сапалы өзгерістер күтеді

Жолдауда халықтың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруін қам­тамасыз ету, сондай-ақ тұрғын­дардың құқығын сақтау әрі қор­ғау үшін қажетті шараларды қол­ға алудың маңыздылығы бас­ты басымдықтардың бірі ре­тін­де аталды. Бұл тұрғыда осы стра­тегиялық құжатта құ­қық қорғау органдарының жұ­мы­сына сапалы, сындарлы өзге­ріс­тер­дің қажеттігі орынды қоз­ғалды.

«Қауіпсіздік тұрмыс сапа­сы­ның ажырамас бөлігі болып саналады. Ішкі істер орган­­да­ры­ның қызметкерлері қыл­мыспен кү­ресте «алдыңғы шепте» жү­ре­ді, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайды. Со­нымен қатар қоғам құқық қор­ғау органдарының, ең алды­мен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отыр», деген Елбасы Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жө­ніндегі жол картасын» қа­был­дауды тапсырып, бұл бағыттағы тиісті жұмыстар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолға алынуы қажеттігін атап көрсетті. Нақтылай айқанда, Ішкі істер министрлігінің штат­тық санын оңтайландыру, полицияны өзіне тиесілі емес функ­циялардан арыл­ту, үнем­делген қаражатты поли­цей­лер­дің жалақысын көбей­туге, олар­дың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәсе­ле­лерін ше­шуге бағыттау, полиция қызмет­керінің жаңа стандартын бекіту, мамандарды даярлау мен ірік­теу жүйесін өзгерту, сондай-ақ ішкі істер органдары жа­нында Халыққа қызмет көрсе­ту орталықтарының қағида­ты бо­йынша азаматтарды қабыл­дау үшін қолайлы жағдай жасау сынды бірқатар өзекті мәсе­ле­лер өз шешімін табатын болады. Осы ретте Жолдаудағы поли­ция қызметіне қатысты баста­ма­ларға көпшілік қауым, сондай-ақ сала мамандары зор ықылас танытып отырғаны байқалады. 

«Елбасының Қазақстан хал­қына арнаған кезекті Жол­дауында құқық қорғау орган­дарының жұмысына ерекше көңіл бөлінді. Алдағы уақытта қабылданатын ««Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы»» біздің салаға үлкен серпіліс әкеледі деп үміттенеміз. Сонымен қатар полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту шарасы өз кезегінде полиция қызметкерлерінің жалақысын көбейтуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге жол ашылады. Бұдан бұрын да әлеуметтік мәселелерге тиісті назар ауда­рылып келген. Дегенмен, Жолдауда қозғалған мәселелердің жөні бөлек. Енді аталған жағдаяттарға үкіметтік деңгейде назар аударылатын болғандықтан, қылмыспен күресте алдынғы шепте жүретін полицейлердің әлеуметтік жағдайы тағы бір саты жоғарылайтын болады. Полиция қызметкерлерінің жалақысы өсіп, әлеуметтік жағдайы жоғарылаған соң, олардың арасында жемқорлық жойылады, халықтың құқығын қорғау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс сапасы да көтеріледі. Осындай жаңа үміттер сыйлаған биылғы Жолдау бізге осынысымен құнды», дейді ІІМ Кадр жұмысы департаменті Қызметті өткеруді ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Жахин.

Сонымен қатар көптеген азамат­ ­полиция қызметкерлерінің бәрін қайта аттестаттаудан өткізу, олардың арасындағы үздіктерді ғана қызметінде қалдыру, халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи тәсілдерін енгізу, полиция қызметін бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерту секілді шаралардың жүзеге асырылатынын дұрыс қадам ретінде қабылдауда.

Тағы бір айта кетер жайт, Жолдауда азаматтардың құқығын сақтау, қорғау ісінде сот жүйесін одан әрі жаңғырту мәселелері де тыңғылықты түсіндірілді. «Соңғы жылдары көп жұмыс атқарыл­ды, дегенмен, басты міндет – соттарға деген сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету шешімін таппай отыр. Сонымен қатар құқық үстемдігі – біздің реформаларымыздың табысты болуының негізгі факторы», деген Мемлекет басшысы сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгізуді жалғастыру, уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететін артық сот рә­сім­дерін қысқару қажеттігіне екпін берді. Бұдан бөлек, Елбасы сот жүйесінің са­палы дамуына және кадрларды жа­ңарту, үздік заңгерлерді судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау ісіне назар аудару керектігін жеткізді. Сондай-ақ Президент бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сот арқылы шешілетін дау-дамайды қарау кезінде түсінікті әрі болжамды сот тәжірибесіне сүйену, судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою қажеттігін айта келіп, тиісті орындарға жыл соңына дейін нақты шаралар кешенін әзірлеуді міндеттеді. 

Негізгі күш – тиімді мемлекеттік аппарат

Тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуде, реформаларды нә­тижелі жүзеге асыруда тиімді мемлекеттік аппарат шешуші рөл атқаратыны белгілі. Бұл орайда кезінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында негізгі міндеттер күн тәртібіне шығарылған болатын. Десек те, Елбасы Жолдауында аталған салаға қатысты атқарылуы тиіс шаралар терең талданып, жаңа сипатта қайта пысықталды. Нақтылай айт­қанда, Жолдауда мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арт­тырудың маңыздылығы, мемлекеттік қызметшілердің мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиісті екені көрсетілді. Бұл жерде тұрақты кері байланыс орнату, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелерін жұртшылыққа түсіндіру ісі тыңғылықты жүзеге асырылуы қажеттігі айтылып тұр.

Елбасы осы салаға қатысты келтір­ген деректерге қарағанда, тиімсіз шы­ғындарды оңтайландыру және бас­шылық құрамын қысқарту есебінен төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысы 2-2,5 есе өскен. Мамандардың жұмыстан кетуі қысқарып, біліктілігі жоғары кадрлардың жеке сектордан мемлекеттік қызметке келуі 3 есе артқан. Мәселен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде орталық аппаратқа арналған конкурс бір орынға 28 адамға дейін, ал өңірлік құрылымдарда бір орынға 60 адамға дейін өскенін көрсеткен. Ал қазір Маңғыстау облысының әкімдігіндегі 1 бос орынға 16, Әділет министрлігінде орта есеп­пен 13 адам үміткер болып отыр. 

Сонымен қатар Елбасы еңбекақы төлеудің жаңа моделіне көшу үшін мемлекеттік органдардың басшыларына «бюджеттік-кадрлық маневрді» жүзеге асыруға құқық берілгенін, олар үнемделген қаржы есебінен қызмет­­ші­лердің жалақысын көбейтуге мүмкіндігін алғанын айта келіп, бүгінде көптеген мемлекеттік органдар жаңа модельге көшуді қалап отырғанына тоқталды. 

Озық тәжірибелер қолданылады

Қоғамымыздағы кейбір келеңсіз көріністердің туындауына сыбайлас жем­қорлықтың тікелей әсер етіп отыр­­ғаны жасырын емес. Бұл өз кезегінде халықтың көңіл күйіне жағым­сыз әсер ететіні анық. Осы бір кесірлі үрдіс мемлекеттік қызмет, жер қатынас­тары, құрылыс, кәсіпкерлік салаларында жиі көрініс береді. Сондықтан да Прези­дент өз Жолдауында аталған мәселеге айрықша мән бере келіп, қолға алынуы тиіс шаралар тізбегін атап көрсетті.

«Көрсетілетін мемлекеттік қызмет­тер аясында мемлекеттік қызмет­ші­лердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткіз­ген жөн. Жер қатынастары мен құры­лыс саласындағы бюрократтық рәсім­дер жұртшылықты мазалайтын мәселелердің бірі болып саналады. Бұл салада ашықтық жоқ, халық пен бизнес ақпаратқа толық қол жеткізе алмай отыр. Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын. Осы мәселе бойынша тәртіп орнатып, жерді нақты инвесторларға беру керек!» деген Нұрсұлтан Назарбаев жұртшылық пен бизнес қауымдастығының наразылығын туғызатын басқа да бағыттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізу керектігіне, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 проценті, ал 2020 жылы кемінде 90 проценті электронды фор­матқа көшірілуге тиіс екеніне назар аударды. Президенттің сөзіне қара­ғанда, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңды жедел жаңар­ту, қара­ма­ғындағы қызметкерлер сыбай­лас жем­­қорлыққа қатысты құқық бұзу­шылық жасаған жағдайда бірінші бас­шылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет. 

Елбасы өз Жолдауы арқылы Үкімет пен барлық мемлекеттік органдарға формализм мен бюрократияны азайту қажеттігін ескерткені де халықтың көңілінен шықты деп ойлаймыз. 

Қорыта айтқанда, бұл кезекті Жолдау еліміздің уақыт талабына сай дамуына жол ашып қана қоймай, атқарушы билік пен халық арасындағы байланысты, өзара сенімді одан әрі нығайта түсудің негізгі бағыттарын айқындап берді. Ал халықтың билікке деген сенімінің артуы қоғамымыздағы ортақ проблемалардың еңсерілгенін білдіреді.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»