Қазақстан • 12 Қазан, 2018

Экспорттық өнім өндірісін қалыптастыру ерекше маңызды

317 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірде ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің, аудан, қала әкімдерінің, басқарма, департамент басшыларының, депутаттардың, этномәдени бірлестік жетекшілерінің қаты­суымен «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы жан-жақты талқыланды. Актив жиынында облыс әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасап, сөйлеушілер ой-пікірлерімен бөлісті. 

Экспорттық өнім өндірісін қалыптастыру ерекше маңызды

Аймақ басшысы стратегия­лық құжатта әлеуметтік-эко­но­микалық мәселелер жан-жақ­ты қамтылғанын, ел тұрғын­да­ры­ның өмір сапасын жақ­сарту басты басымдық ретінде ай­қын­­далғанын, алға қойған мін­деттерді жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер қарасты­рыл­ға­нын жеткізе келіп, жергілікті жер­­лерде атқарылатын шара­ларға тоқталды. Елбасы тапсыр­­маларының ішінде жаһандық бәсекелестікке қабілеттілікті одан әрі қамтамасыз ете отырып, экспортқа бағытталған экономиканы қалыптастыру өте маңызды. Бұл орайда облыс агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске қосудың мәні зор. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2020 жыл­ға қарай 2,5 есе көбейтуге ла­йық­ты үлес қосу. 

Ірі серпінді жо­балардың мемлекет тарапынан қолдау табуы арқасында аграршылар озық технологияларды кеңінен қолданып келеді. Биылғы күзгі орақ науқаны ұйымшылдықпен атқарылып, гектар берекелігі 18 центнерден айналды. «Бабық-Бұрлық», «Зен­ченко және К», «Шағала-Агро» секілді серіктестіктер әр гек­­тардан 40-28 центнер өнім жи­най білді. Астық өндірісін әр­та­­раптандыру, цифрлық жүйе­ні енгізу бағытында арнайы бағ­дарламалар жұмыс істейді.

Баян­дамашы жер қатынастары сала­сын­да шешімін табатын мәсе­ле­лерге назар аударып, соңғы үш жылда мақсатсыз пайдаланылған 1,3 миллион гектар жер телімінің қайтарылғанын, одан 1 миллион гектары ауылшаруашылық айналымына қосылғанын жеткізді. Өкініштісі сол, «Богви», «Транс Авто» секілді алпауыт компа­ния­­­лардың әлеуметтік жауап­кер­­­ші­лігінің төмендеп кеткені сон­­шалық, жылдар бойы пай үлес­терін бермеуді, жалақы төле­меуді әдетке айналдырған. Өнім­­ділік кеміп кеткен. Жұ­мысшы-қызметкерлер­дің өмір сүру деңгейі оларды қы­зық­тырмайтын секілді. 

Жолдау талаптарының бірі – шағын және орта бизнеске, экспорттаушыларға қолдау көр­сету, қайта өңдеу секторына басым­дық беру, халық тұты­на­тын тауарлардың ауқымын көбей­ту, ішкі нарықты отандық өнім­дермен толықтыру екенін атап көр­сеткен баяндамашы бұл ба­ғыт­тар бойынша атқарылатын іс­тер­дің жай-жапсарын әңгі­меледі. 

Биыл 3400 бас сиырға лайық­талған 8 миллиард теңгенің 7 жобасы іске қосылады. Сонда жылына 17 мың тонна сүт өнді­руге қосымша мүмкіндік береді. Екі ет өңдейтін кешен, құс фабрикасы пайдалануға беріледі. 8 айда 70 миллиард теңгенің ауылшаруашылық өнімдері тереңдетіп өңделді. Экспорт 1,2 есеге ұлғайып, импорт 10,3 процентке азайған. 

Жиынға қатысушылар жер­гілікті бюджет есебінен жеңіл­де­тілген ипотека бойынша алғаш­қы жарнаны субсидиялауға 200 миллион теңге бөлінетіні, бірінші кезекте бюджет саласы қызметкерлері қамтылатыны туралы жаңалықты қуанышпен қабылдады. Мұның өзі «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасына қатысушылар үшін қолжетім­ділікті арттыра түсері сөзсіз. Алқалы басқосуда 43 мың сол­түстікқазақстандықтың, оның ішінде 300 учаскелік дәрігер мен 750 мейірбикенің жалақысы өсетіні, облыс орталығында 1500 орындық 2 білім үйі салынып жатқаны, 120 мектептің жөнделетіні, 4 мың компьютер орнатылатыны айтылды. Сонымен қатар келесі жылы 1500 пәтерлік 12 көп қабатты тұрғын үй бой көтеретіні, медицина мекемелеріне 2,8 миллиард теңгенің жаңа қондырғылары сатып алынатыны, орталық су жүйесіне 29 елді мекеннің қо­сылатыны, мұның бәрі тұрғын­дардың сапалы өмір сүру деңге­йіне қолайлы жағдайлар жасайтыны да аталып өтті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы