Қоғам • 12 Қазан, 2018

Мақсат – айқын, меже – белгілі

386 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға арналған облыстық актив жиналысы өтті. Алқалы жиынға облыс және аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттердің және жоғары оқу орындарының басшыларымен қатар, түрлі сала өкілдері қатысты.  

Мақсат – айқын, меже – белгілі

Мыңға тарта адам қатысқан жиында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов баян­дама жасап, басты құжат аясында Әулиеата өңірінде атқа­ры­лып жатқан және алдағы уа­қытта атқарылатын жоспарлы жұмыстар туралы xабарлады.

– Бірінші басымдыққа сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап 101 мыңға жуық қызметкер үшін ең төменгі жалақыны 28284 теңгеден 42426 теңгеге дейін өсіру үшін облыстық бюджеттің кірістері мен шығыстары қайта қаралатын болады. Бұл бюджеттен төленетін төлемдер бойынша. Осыған орай, бизнес өкілдері де бұл шешімді қуаттау үшін, еңбек өнімділігін арттырулары қажет. Екіншіден, Жолдауда бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау қажеттілігіне басымдық берілген. Сондықтан кәсіпкерлік басқармасы мен аудан, қала әкімдері қабылданған шаралардың ауқымын кеңей­тіп, бағытталған жұмысты күшейтетін болады.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылуын ескере отырып, келесі жылға осы мақсатта жоспарланған 1,2 миллиард теңгені кемінде 2 есеге ұлғайту қажет. Бұл жаңадан ашылатын кәсіпкерлік пен кәсібін кеңейтетін бизнестің үлесін 30 процентке арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Даму» қорымен бірлесе қаражат бөлу принципімен 2018 жылы облыстық бюджеттен 500 миллион теңге, «Даму» қорынан 1 миллиард теңге қарастырылған. Ал ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1 миллиард теңге бөлініп, жалпы сома 5 миллиард теңгеге жетті. Келесі жылы бұл қаржылардың көлемін барынша көбейтетін боламыз, – деді әкім. 

Асқар Мырзахметов өз сө­зінде Жолдау аясында Жамбыл облысында әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның ішінде баспана, сапалы білім, денсаулық сақтау салалары туралы да айтып өтті. 

– Жолдауда агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту міндеті тұр. Жыл басынан 1,8 мың тонна ет экспортқа шығарылды. Бүгінде облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 183 кәсіпорын жұмыс істеуде. Бірақ сапалы, терең өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың саны аз. Олардың санын көбейту үшін осы жылы жүзеге асатын 4 жоба өңірдің арнайы картасына енді. Бұдан бөлек, құны 8 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық бастама қолдау тапты, – деді әкім.

Өңір басшысы, сондай-ақ Елбасы Жол­дауындағы мін­дет­тер мен талаптарды жұ­мыла орын­дауға барша жамбыл­дық­тар­ды шақырып, ел дамуына елеулі үлес қосу әрбір қазақ­стан­дық­тың мерейлі міндеті екенін баса айтты.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

ТАРАЗ