Аймақтар • 12 Қазан, 2018

Сырдария тұрғындары «Ауыл - ел бесігі» жобасынан мол үміт күтіп отыр

332 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасының дәстүрлі Жолдауынан биыл дихандар үлкен үміт күтіп отыр. Бұл туралы Сырдария ауданының әкімі Ғ.Қазантаевтың «Тоқмағамбетов ЛТД» серіктестігінде егіншілермен кездесуінде айтылды.

Сырдария тұрғындары «Ауыл - ел бесігі» жобасынан мол үміт күтіп отыр

– Біздің алдымызда Елбасы қойған ауқымды міндеттер тұр. Ол міндет экономикалық өсуге, ауылшаруашылығындағы инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Ол үшін бізде қажетті мүмкіндіктер мен әлеует бар. Жолдауда Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жыл сайын 30 миллиард теңге бөлінетінін айтып, өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлінеді деді. Қазақстанның қазіргі кездегі экономикалық саясатының басты бағыты – экспортқа шығу. Яғни, ауданымызда егілген өнім өз елімізде ғана емес, шетел нарығына да бағытталуы керек. Бұл бәсекеге қабілетті болуымызға бағдаршам болады,- деді аудан басшысы өз сөзінде.

Жиында сөз алған серіктестік басшысы М.Есжанов «Ауыл - ел бесігі» жобасынан дихандардың мол үміт күтіп отырғандығын айтты. Кеңесте сөз алған басқа азаматтар да шағын және орта бизнеске Елбасының айырықша назар аударып отырғандығын, оны өрістетуге барша мүмкіндіктер жасалып жатқандығын тілге тиек етті.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы