Әлем • 12 Қазан, 2018

Мағжан Жұмабаевтың таңдамалы туындылары қырғыз тілінде жарық көрді

817 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғызстанның Ош қаласында «Шыңғыс Айтматов мұрасы: жаһандану дәуірінде ынтымақта өмір сүру» атты ІІ қазақ-қырғыз зиялылары форумы өтіп жатыр. Осы форум кезінде  Халықаралық Түркі  академиясының бастамасымен (TWESCO) қырғыз тіліне аударылып, жарық көрген Мағжан Жұмабаевтың шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.

Мағжан Жұмабаевтың таңдамалы туындылары қырғыз тілінде жарық көрді

«Арыстан айбат» деген атпен  жарық көрген  жинақтағы туындыларды қырғыз тіліне  Қырғызстан  жазушылар одағының төрағасы, Қырғызстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халық ақыны Акбар Рысқұлов аударған. Ақынның бәрімізге таныс "Мен кім?" шығармасының қырғыз тіліндегі нұсқасы былай басталады:

«Арыстанмын, айбатыма ким чыдар?

Жолборсмун, мага каршы ким турар?

Көктө - булут, жерде - желмин күүлөгөн,

Жер эркеси - желдин жөнүн ким сурар?»

Кітапқа  Мағжанның 80-ге жуық өлеңі мен «Батыр Баян» және «Қорқыт баба»   дастандары енгізілген.

Естеріңізге сала кетейік,  Түркі академиясы Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін 9 тілге аударып - жинақтап, бір кітап қылып  басып шығарған болатын. Ал,  мамыр айында  Өзбекстанда ақынның өзбек тіліне аударып,  жеке  жинақ  ретінде «Танланған асарлар» деген атпен жарық көрген  кітабының тұсаукесері өтті.

Сонымен қатар түбі бір түркі жұртының азаттығы мен бірлігін жырлаған, Түркістанның тұтастығын аңсап өткен айбынды ақынның туғанына  биыл 125 жыл толып отыр. Осыған орай TWESCO  2018  жылды «Мағжан жылы» деп жариялады.

Академияның Мағжан Жұмабаев шығармашылығының түркі жұртына, әлемге таныстыру бағытында атқарған еңбегі зор. Біртуған xалықты Мағжан жырлары жақындастыра түсетініне сенім мол.

Қарлығаш ҚҰРАМЫС,

«Егемен Қазақстан»