Биылғы Жолдаудың ең басты ерекшелігі қоғам өмірінің барлық саласын қамтуында. Экономика, құқық қорғау, бизнес, білім мен ғылым, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, мәдениет және руханият саласының сан қырлы мәселелері қамтылып, нақты шаралар мен шынайы шешімдер ұсынылды. Ғылым, медицина, денсаулық сақтау салалары да – мемлекеттің ең басты тірегі адам капиталын дамытудың, азаматтардың тұрмыс сапасын арттырудың ең негізгі тетігі.
Алдағы үш жылда ауыл шаруашылығы өндіріс кешеніне жыл сайын 100 миллиард теңгеден қаржы бөлінбек. Жақсы ұқсата білетін, іскер менеджерлердің нақты жобаларына бағытталса, бұл дегеніңіз аталмыш салаға тың тыныс берерліктей қыруар қаржы. Ең алдымен қаражат елімізге заманауи агротехнологияларды тартуға, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті шетелдік мамандарды, яғни «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін енгізуге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыруға бағытталмақ. Аграрлық өнімнің әлемдік нарығында бәсекелестіктің деңгейі аса жоғары. Ал бәсекеге қабілетті сапалы өнімді шығарамыз десек, ғылымға көңіл бөліп, инновациялық технологияларды игеруге ден қойғанымыз жөн. Айналып келгенде өнімнің сапасы да, сол арқылы саланың дамуы да «адамға», яғни кәсіби маманға байланысты.
Елбасы талай жылдан бері күрмеуі қиын күрделі мәселеге айналған ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік проблемасына да тоқталып өтті. Атап айтсақ, ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастыруды ұсынды. Оның ауыл шаруашылығы өндіріс кешенінің дамуына оң ықпал берері анық.
Әлемдік нарыққа ауылшаруашылық өнімін шығару өздігінен бола салатын дүние емес. Өнімді өндіріп шығару – жұмыстың жартысы ғана. Оны нарыққа ұсына білу өз алдына бір ғылым. Қазіргі таңда агроөнеркәсіп саласындағы әр кәсіпкер осыны ұғынуы тиіс. Елбасы әр жылғы Жолдауында осы мәселені баса айтады. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндігі» атты Жолдауда да агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған тың тезистер қамтылған еді.
Өкінішке қарай шаруалар қауымы да жер ыңғайын, малдың жайын тәп-тәуір игергенімен, оны өңделген дайын өнімге айналдырып, нарыққа ұсыну жағын әлі күнге жетік меңгере қоймағаны ащы да болса ақиқат. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығы өндірісі бойынша табысымыз дамыған елдермен салыстыруға да келмейді. Қазіргі таңда елімізде 1,1-ы тонна сүт өндірілсе, оның 21%-ы, 100 000 тонна еттің 12%-ы ғана, бау бақша өнімдерінің 15-20%-ы ғана өңделеді. Мәселен бау-бақша өнімдері және ірімшік бойынша еліміздегі импорттың үлес салмағы 70%, сарымай 37%, шұжық өнімдері бойынша 41%, ет консервісі 15-20%-ы құрайды екен. Бұл көрсеткіштер импортқа тәуелділіктің қауіпті белгілері. Азық-түлікпен өз ішкі нарығымызды қамтамасыз ете алмай отырғанымыз да жасырын емес. Елбасы халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға қолдау көрсету керектігін баса айтты. Ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтып, экспорттық әлеуетті арттыру мақсатына алдағы үш жылда 500 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Үкіметтен қатаң талап, кәсіпкерлерден қайрат-жігер болса, мұндай қыруар қаржының игерілуі ел игілігіне асары ақиқат.
Бұл жолғы Жолдауда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартып, оны жүзеге асыру үшін қосымша 30 млрд теңге бөлу қажеттігі айтылды. 2010 жылы қабылданған бағдарлама осы уақытқа дейін мыңдаған адамның жеке ісін бастап, кәсібін дөңгелетіп, жұмыспен қамтылуына айтарлықтай септігін тигізді. Халық игілігі үшін қабылданған бағдарламаның тағы 5 жылға ұзартылғаны – ерекше қуантарлық жағдай. Бес жыл ішінде қосымша шамамен 22 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Жолдауда еліміздің білім беру жүйесін әлемдік стандарттарға бағыттайтын жаңашыл бастамаларға басымдық берілді. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы қажеттігі айтылды. Назарбаев зияткерлік мектептері – Қазақстанның білім нарығының көшбасшысына айналған бірден-бір бренд. Орта білім беруде әлемнің ең озық әдістемелері осы мектептерде бірнеше жыл бойы сын, тәжірибе тезінен өткізілді. Ендігі кезекте мемлекеттік мектептерде қолданылса, білім сапасының артуына септігін тигізері хақ. Елбасы мектепке дейінгі балабақшалардағы қызметкерлердің еңбекақы жүйесін қайта қарау керектігін де атап өтті. Бұл да білім беру саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған нақты қадам болмақ. Ең бастысы, Елбасының педагог мәртебесі туралы заңды қабылдауға байланысты шешімі еліміздегі ұстаздар қауымы тарапынан зор қуанышпен қабылданып жатқанын атап өтуіміз қажет. Қасиетті мамандықтың қадірін қашырып, ұстаздар қауымын елеусіз қалдырып келгеніміз жасырын емес. Жер-жерлерде билік өкілдері ұстаздарға қосымша жүк артып, оның міндетіне жатпайтын жұмыстарды атқартып, көше сыпыртып, еден жуғызып, үй-үйді аралатып сайлаудың да науқанына салып қоятынын естіп, біліп жүрміз. Бірақ бұл мәселені «жабулы қазан жабулы» күйінде қалдыруға болмайтыны анық еді. Ақпарат ағыны күшейіп, дәстүрлі құндылықтардың құлдырап, қоғамның кейбір топтары ақ-қараны айыра алмайтындай жағдайға жеткен жаһандану дәуірінде қашанда қастерлі миссияны арқалаған қасиетті мамандық иелерінің мәртебесін заңмен бекітіп, қорғауға міндеттіміз.
Жолдауда айтылған келелі мәселелердің бірі – урбанизация. Бұл – жалғыз біздің елімізде ғана емес, бүгінде жалпы әлемде қанат жайған тенденция. Тұрғындар үлкен мегаполистердің төңірегінде тұрақтап, шоғырлануда. Ішкі көші-қонды дер кезінде қолға алмаған мемлекеттер күрделі әлеуметтік, саяси мәселелермен бетпе-бет келуде. Жолдауда Елбасы 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатын 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамудың болжамды схемасын әзірлеуді тапсырды. Шынында да аталмыш құжат қабылданып іске асырылса, елдегі стихиялық көші-қонның алдын алып, урбанизацияны белгілі бір деңгейде жоспарлы түрде жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасы да урбанизациялық үдерістерді бақылап, туындайтын мәселелерді алдына ала болжап, шешуге мүмкіндік бермек.
Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы партиямыздың өңірлік бөлімшелерінде қызу талқыланып, партия белсенділері тарапынан халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолдауға арқау болған экономикалық, әлеуметтік мәселелердің басым бөлігі ауыл тұрғындарының табысын арттырып, тұрмысын жақсартуға бағытталған. Әсіресе «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жоба ел тұрғындарының қырық пайызын құрайтын ауылдағы ағайындардың көңіліне үміт ұялатып, келер күнге деген сенімдерін нығайтар салиқалы бастама болары сөзсіз. Қорыта айтқанда, Жолдауды тәуелсіздігі тұғырлы, ұлттық мұраты айқын, ынтымағы нық, бірлігі берік елімізге тұрмыс сапасын арттырудың Елбасы ұсынған тұжырымдамасы деп қабылдасақ болады.
Әли БЕКТАЕВ,
«Ауыл» ХДПП төрағасы, Парламент Сенатының
депутаты