Ең алдымен 5-тармақтан тұратын Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары қандай болуы керектігін тайға таңба басқандай айқындап бергенін айтуға тиіспіз.
Осы орайда Ақтөбе облысындағы кеңестің отырысына қатысудың сәті түскені бар. Оған тиісті сараптамалар мен талдаулар жасар болсақ – Әдеп кодексі талаптарын бұзғандар негізінен атқарушы биліктің төменгі буынының өкілдері, яғни, ауыл әкімдері мен ауылдық әкімдікте істейтін мамандар. Оның ішінде ауылдық және қалалық әкімдіктерге қатысты бөлім басшыларының орынбасарлары екенін көреміз. Тәртіптік істердің дені әдеп жөніндегі кеңеске келіп түскен ауыл азаматтары мен тұрғындарының арыздары негізінде қаралған. Бұл орайда оның бәрінің атын атап, түсін түстеп жатудың қажеті шамалы.
Ал олар Әдеп кодексі талаптарымен сыйыса бермейтін қандай теріс іс-қимылдарға жол берген деген мәселеге ойыссақ, бірі азаматтардың орынды қойған сауалына негізсіз реніш білдіріп, тіпті олардың ар-намысына тиетін және шындыққа жанаспайтын жауаптар қайтарған. Әдеп жөніндегі кеңесте мәселесі қаралған екінші бір мемлекеттік қызметші жер мәселесі бойынша өзіне жолыққан адамға дөрекі түрде тіл қатып, әдепсіздік көрсеткен. Үшінші бір жағдайда, ауыл әкімі өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, оның ішінде автокөлікті жеке мақсатына пайдаланған.
Міне, осылай кете береді. Бұдан шығатын түйін, ауыл әкімдері қызметіне лайықты кадрларды тағайындар кезде үстірттікке жол бермеу. Әрі оларды тәрбиелеу мен іріктеу және орналастыру ісіне жаңаша көзқарас қалыптастыру қажеттігі айқын көрінеді. Аудан әкімдері ауыл әкімдерін тағайындаған кезде ең алдымен олардың іскерлік қабілетіне назар аударатыны анық. Департаменттің арнайы кеңесінде облыстық деңгейдегі жетекшілердің тәртіптік істері қаралатын жылдық жағдайлар өте сирек екені байқалады. Сондай тәртіптік іске тоқталар болсақ – 2018 жылдың 15 тамызында Әдеп кодексі нормасын бұзғаны үшін Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Қанағат Ахметовтің тәртіптік ісі қаралды. Ол аса зәру, сирек кездесетін әрі қажет кезінде таптыра бермейтін дәріні Маңғыстау облысында өлім халінде жатқан адамға заңсыз түрде босатқан. Алайда препаратты кейін өз орнына қайтарған. Осы мәселе кеңес мүшелері арасында қызу пікір-талас туғызды. Бірі оған сөгіс түріндегі жеңіл жаза беру керек деп есептесе, екіншісі атқарып жүрген қызметінен шығару жөніндегі қатаң жаза қолдануды ұсынды. Ақыры қол көтеріп дауыс беру нәтижесінде соңғы пікір үстем түсті. Әйтсе де көкейде осы жаза тым артық болған жоқ па деген сауал қалды.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің әдеп жөніндегі кеңесінде соңғы уақытта жергілікті деңгейде биік мемлекеттік лауазымды иеленіп жүрген тұлғалардың әдеп кодексі талаптарымен сыйыса бермейтін істері қаралған жағдайлар есімізге түспей отыр. Талас жоқ, мұның өзі жағымды жайт. Оны лауазымы жоғары мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидаларын мұқият сақтаудың басты бір көрінісі деп бағалауға да әбден болады.
Осы арқылы Ақтөбе облысында ірі мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік бейнесі және іскерлік қабілеттері өте жоғары деп тұжырым жасаудың да жөні бар секілді. Осы сауалды Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Руслан Мәжитовке қойған едік. Ол бұған байланысты үзілді-кесілді жауап қайтара алмайтынын, тек әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметшілердің үстінен түскен арыз-шағымдар бойынша ғана тәртіптік істер қарауға құзыретті екенін алға тартты. Оның мәлімдеуінше, облыстағы биік лауазымдағы мемлекеттік қызметшілердің үстінен мұндай шағымдар түспеген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл тек оң тұрғыдағы құбылыс болып қала бермек. Әйтсе де біз осы арада бүгінгі көтеріп отырған мәселеге орай, Ақтөбе облысындағы екі жылға жуық журналистік тәжірибе барысында көңілге түйген кейбір ой-пікірлерімізді ортаға сала кеткенді жөн көреміз. Айталық, Әдеп кодексінің мінез-құлықтың жалпы стандарттары деген тарауында мемлекеттік қызметшілер орынды сынмен кемшіліктерді жою және өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға тиіс екендігі көрсетілген. Әйтсе де облыстағы кейбір лауазымды тұлғалар оны кемшіліктерді жою мен түзету үшін айтылғанын ескере бермейтіні байқалады. Айталық, газетіміздің биылғы нөмірлерінің бірінде «Ақтөбе вокзалы қаңғыбастар мен маскүнемдерге толы» деген шағын сын мақаламыз жарияланған болатын. Осы материал шыққан күні өңірдегі ішкі саясат ведомствосына жетекшілік жасайтын басшы телефон шалып, қатты ренжігендігін айтты. Оның сын мақалада көрсетілген жайттарды реттеуге ықпал жасаудың орнына өз ренішін білдіргені Әдеп кодексінің жоғарыда айтылған тармағына қайшы келетіні айдан анық. Өйткені сын түзелмей, мін түзелмейді? Міне, департамент пен әдеп жөніндегі уәкіл назар аударатын тұстардың бірі осы арада жатқан секілді.
Сондай-ақ 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген Әдеп кодексінің 5- тармағында көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары белгіленген.
Бүгінгі таңда мемлекеттік мекеме басшыларының атқарып жүрген қызметі жөнінде көпшілік алдында және БАҚ та есеп беруінің ешқандай артықшылығы жоқ, керісінше бұл қазіргі жағдайда істі алға бастырудың тиімді тәсілінің бірі. Әрі бұған ешкім, соның ішінде Әдеп кодексі тармақтары шектеу қоя алмайды. Солай екен деп брифингтер өткізуге шектен тыс құмарлық танытылған кезде нақты іс-қимыл екінші кезекке ысырылып қалып жүрмесіне кім кепіл?
Сондай-ақ көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде мемлекеттік қызметті жүргізіп отырған кейбір ақтөбелік лауазымды тұлғалардың байыпты сараптамалар жасаудың орнына, құрғақ деректерді тізбелеп беруден әрі аса алмай жүргені де қынжылтпай қоймайды. Өңірде брифинг өткізу ісінде тепе-теңдік сақтала бермейді. Жергілікті БАҚ беттері мен экрандарда белгілі бір мемлекеттік орган жетекшісінің өз «қалпағын жиі-жиі қылтыңдата» бергені қарапайым болуды алға тартқан мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп-қағидаларымен және әдептілік нормаларымен үйлесім таба алады деп айтуға да ауыз бара бермейді.
Мемлекеттік басшысының Жарлығымен бұдан 2-3 жыл бұрын қолданысқа енгізілген Әдеп кодексі түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер үшін айқын бағдаршам. Ендеше оның орындалуы мен сақталуы қашанда назарда ұсталғаны жөн. Бұл өркениет көшіне бет түзеудің басты бір жолы болмақ.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ