Аймақтар • 15 Қазан, 2018

Заңсыз мұнай тасымалының зардабы көп

614 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы Атырауда 42,3 млн тонна мұнай, 20,9 млрд текше метр ілес­­пе газ өндірілді. Өкі­ніш­­тісі оңай олжа тап­қысы келетіндер осы саланы көп төңіректейді. Мұ­най өнімдерінің заң­сыз айналымы бойынша келтірілген залал құны биыл 52 млн теңгеге жет­кен және бұл тек анық­тал­ған қылмыстарға ғана қатысты болып отыр.

Заңсыз мұнай тасымалының зардабы көп

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі берген мәлі­мет­ке сүйенсек, 2017 жылы мұ­най және мұнай өнімдерін жым­қыруға байланысты, сон­дай-ақ оларды заңсыз сақтау, тасы­малдау және сатуға қа­тыс­ты 35 қылмыс тіркеліп, оның 18-і сотқа жолданған. Ал биыл­ғы алты айда осы санатта­ғы қылмыстардың саны 14 болды, бесеуі сотқа жолданды. 

Прокуратура жүргізген талдау қылмыстық істерді тергеу барысында мұнайдың немесе мұнай өнімдерінің шыққан жерлері анықталмайтынын көр­сеткен. Тергеу тек тасымал­дау­­шыларды анықтау дең­гейі­мен шектелуде. Ал ши­кі­зат­тың бастапқы жөнелтушісі бүр­кемеленіп, жабулы қазан жабулы күйінде қалып келеді. Осыған орай облыстық прокура­тура қыл­­мыс­тық жолмен табыл­ған қар­жыны анықтауды және кіріс­ті заңдастыруға қарсы іс-әре­кет жасауды құқық қорғау орган­дарының назарына берген. Бұл туралы Атырау облыстық прокуратурасында «Мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы саласында заңдылықтың жағ­да­йы, соның ішінде осы санаттағы қылмыстардың профилактикасына, анықталуына, тергелуіне тиімді шараларды қабылдау» тақырыбында өткен үйлестіру кеңесінде айтылды. Шарада Бас прокуратура жанындағы құқық қорғау академиясының өкіл­дері «Мұнай және мұнай өнім­дері саласындағы қылмыстар­ды анықтау және тергеу» ғылыми-тәжірибелік кешенін таныстырды. Өнеркәсіп саласындағы көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің нәтижелерін арттыруға бағытталған кешен іс жүзінде тиімділігін көрсетсе игі. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ