Қазіргі кезде медицинаға жаңа технологиялардың енуі операциялардың бұрынғыдай емес, аз инвазивті өтуіне, сөйтіп пациенттер орнынан тез тұрып кетуіне жол ашқан. Уақыт өткен сайын осы бағыттағы жұмыстарды өрістетудегі ізденістердің жемісі де молая түсуде. Соның бірі – ТМД елдерінде бірінші болып Azurion озық моделін пайдалану. Ол Отанымызда кардиохирургия саласында үздік жетістіктерімен көрініп жүрген Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында алғаш рет жүзеге асты. Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың айтуына қарағанда, жылына елімізде жүрек-қан тамыры ауруларына 16 мың операция жасалады екен. Ал орталықтағы жаңа технология біріктірілген операция жасауға мүмкіндік тудырады. Жаңа құрылғының бұдан да өзге артықшылығы көп. Мәселен, ол арқылы пациентке операцияға дейін жасалған барлық зерттеулер, операция уақытындағы ағзадағы өзгерістер, дерттің қай жерде, қандай дәрежеде екені барлығы айнадай көрініп, оңай басқарылатын сенсор арқылы дәрігердің бақылауында болады. Және бір артықшылығы, қандай бір ауруды анықтауда, диагностикада қажеттілік туатын радиоизотопты сұйықтықты пайдалануды да жаңа озық модель біршама ығыстырады екен. Яғни, ағзаға радиацияның теріс әсерін болдырмайды. Вице-министр жаңа қондырғының таныстырылымында «Жүрекке жасалатын операция ашық және жабық болып бөлінеді, өкінішке қарай, Қазақстанда ашық түрін жасау көбейіп бара жатыр, осы тұрғыда жаңа технологияның көмегімен біріктірілген операция жасау ашық операцияларды азайтады. Бұл әлемдік медицинада дәлелденген әдіс. Себебі ашық түрін жасау анағұрлым қауіпті», дей келе, пациенттер денсаулығын жақсартуда, жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетуде кардиохирургияда үздік әлемдік стандарттарды қолдануды жүрек-қан тамырлары ауруларымен күрестегі сөзсіз артықшылық деген пікірімен тұжырымдады.
Аталған құрылғы арқылы жаңа туған сәбиден, қарттарға дейін операция жасауға болады. АҚ-тың басқарма төрағасы Юрий Пяның айтуынша, жаңа бөлме таныстырылымына дейін Azurion апробациядан өтіп 50-ге жуық операция жасалып үлгерген. Яғни, жаңа технология толық практикалық тексеруден өтті деп айта аламыз. Біріктірілген операция жасау кабинетінде бір уақытта 8-10 қызметкер әрекет етеді. Технологияның тағы бір артықшылығы, бұған дейін жасалып жүрген операцияларға қарағанда уақытты 20%-ға қысқартады.
Орталықтың интервенциялық кардиология және радиология бөлімінің жетекшісі Серік Әлімбаев жүректі тоқтатпастан, кеспей жасау әдісінің науқастар үшін өте жеңіл, әрі дәрігерге де қолайлы екеніне тоқталған. Мұның ең жақсы жері науқастар операциядан соң бір-екі күн ғана жатады. Наркоз берілмейді. Реабилитациялық кезең де өте қысқа. Мұндай операцияларды біз кішкентайларға да, үлкен кісілерге де жасаймыз, тіпті туғанына 2 сағат қана болған сәби мен 93 жастағы қарияға да дәл осы жаңа технология көмегімен сәтті операция жасалды, деген Серік Алмазұлының айтқандарын қондырғыны қолында ойнатып тұрған интервенциялық кардиолог Әбдурашид Мұсаев та құптады. «79 жастағы кісіге жасалған операциядан байқағанымыздай, компьютерлік томография бізге автоматты түрде қай жерге клапан қою керектігін көрсетті. Қазір контраст, яғни радиоизотоптарды қолдану азайды, бірақ операцияның сапасы жоғарылады. Ол осы құрылғының нақты әрі тез әрекет етуінің нәтижесінде мүмкін болды. Сондай-ақ рентген сәулелерінің кері әсері де азаяды», дейді кардиолог Ә.Мұсаев.
Орталық басшысы Юрий Пя бұған дейін жылына 6 мың операция жасалса, енді оның қатары 8 мыңға дейін жеткізуге болатынын айта келе, ол адамдардың денсаулығын жақсартуда да, саланы жетілдіруде де үлкен қадам екенін жеткізді.
Azurion инновациялық ангиографиялық жүйесін елімізге алып келген компания Philips-тің Қазақстан және Орталық Азиядағы бас директоры Гүлнара Себестьен «Біз, Philips-тің өмірді жақсы жағына өзгерте алатынына, әсіресе денсаулық сақтау және денсаулық қорғау саласына нәтижелі жұмыс атқара алатынына сенімдіміз. Қазақстанның емдеу мекемелерімен ынтымақтастық – біздің стратегиялық басымдықтарымыздың бірі болып табылады. Орталық Азиядағы ең үздік кардиоорталықтардың бірі болып саналатын Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығында Azurion орнату тұрғындарға медициналық көмекті көрсетудің сапасын жақсартады деп сенеміз», дейді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»