Футбол • 15 Қазан, 2018

Станимир Стоилов: Әлеуетін толық көрсете алмай жүрген футболшылар бар

348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Станимир Стоилов Ұлттар лигасы аясында Андорраға қарсы өтетін кездесу алдында баспасөз мәслихатына қатысып, журналистердің сұрағына жауап берді.

Станимир Стоилов: Әлеуетін толық көрсете алмай жүрген футболшылар бар

— Андорраға қарсы кездесуде жас футболшыларға мүмкіндік бересіз бе?

— Топтан шығуға мүмкіндігіміз төмендегенін жасырмаймын. Бірақ біз турнир кестесіне қарамай, бірінші орын үшін күресетініміз анық. Ертеңгі ойынға қай футболшы дайын, сол ойыншыны шығарамыз. Олардың арасында жас футболшылар да болуы мүмкін. Сондай-ақ өткен матчта көзге түсе алмаған футболшылар ертеңгі ойында өзін көрсету керек деп есептеймін.

— Латвиядағы ойында құрамаға не жетіспеді деп есептейсіз?

— Біздің жеңіске деген құштарлығымыз тасып тұрды. Гол соғатын бірнеше мүмкіндік болғанымен, болмайтын жерде қақпамызға гол өткізіп алдық. Футболшылар көбірек сенімді ойнап, әлі де шеберліктерін шыңдау керек. Сенімділік бар жерде жеңістің өзі-ақ келетінін белгілі.

— Жаңа сіз бірнеше футболшының ойыны көңілден шыққан жоқ деп айтып қалдыңыз. Олар не үшін көңіліңізден шықпады?

— Меніңше, олар өздерінің ойынын көрсете алмады. Олар бұдан да жақсы ойнауы тиіс еді. Ертең өзге ойыншыларға да мүмкіндік беріп көрмекшімін. Сондай-ақ әлі толық әлеуетін көрсете алмай жүрген футболшылар да бар.

— Бауыржан Исламхан ертең алаңға шыға ала ма?

— Ол Латвияға қарсы ойында аздап жарақат алып қалған болатын. Бірақ, толық құрамда жаттығу жасап жүр. Бәлкім алаңға шығып қалуы да ғажап емес. Қақпашы Непогодовтың құрамадағы дебютіне әлі біраз уақыт бар. Өйткені, қазір Эричтен асатын қақпашы жоқ.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»