Өзінің тұсаукесер кездесуінде жерлесіміз Ирина Бегумен күш сынасты. Әлемдік рейтингте 53 орынды еншілеген Румынияның өкілі Путинцеваға жарытып қарсылық көрсете алған жоқ. Екі сеттік сайыс 6:2, 6:0 есебімен аяқталды. Келесі айналымда қазақстандық теннисші Анастасия Севастовамен шеберлік байқасады. WTA рейтингінде 11 сатыға жайғасқан 28 жастағы Латвияның ойыншысы биыл айды аспанға шығарып, АҚШ-тың ашық біріншілігінде жартылай финалға дейін жеткен еді. Осы бәсекенің жеңімпазы ширек финалға жолдама алады.
Сондай-ақ, бүгін Қазақстанның тағы екі өкілі кортқа шығады. Олар – Михаил Кукушкин мен Александр Бублик. Ерлер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы, АТР тізімінде 73 орында тұрған Кукушкин ресейлік Евгений Донскоймен күш сынасады. Ал Бублик франциялық Пьер-Юг Эрбермен кездеседі.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»