Қазақстан • 16 Қазан, 2018

Жерге жаңаша көзқарас пен қатаң бақылау қажет

320 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаев жақында ғана Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел экономикасының аграрлық саласын қарқынды дамыту қажеттігіне ерекше тоқталды.

Жерге жаңаша көзқарас пен қатаң бақылау қажет

Әсіресе жер ресурстарын тиімді пайдаланып, бос жатқан жерлерді дер кезінде мемлекет құзырына қайтарып, іскер тұлғаларға беру жұмыстарын жандандыруға шақырды. Сонымен қатар өндіріске заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Шетелдік озық технологияларды қолданып табысқа жеткен шаруашылықтарды мысалға келтіре отырып, солардың тәжірибесін кеңінен таратудың маңыздығын атап көрсетті. 

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университетінің соңғы жыл­­дары жүзеге асырып жатқан шара­лары Елбасы Жолдауындағы тапсырма­лармен үндес. Мәселен, бүгінгі таңда университет ғалымдары жерді қашықтан зондылаудың ғылыми әдіс­те­мелері негізінде жер ресурстарын пай­далану барысына мониторинг жасау­ды толығымен игеріп, оны өндіріске енгізе бастады. Қазір бұл жұмыстарды әрбір жер пайдаланушының жер телімдері бойынша жүргізе аламыз. Қолайсыз ауа райына қарамастан, әрбір жер телімінде егілген дақылдың түрін, оның даму кезеңдерін, аурулар мен зиянкестердің әсерінен зақымдалу барысын қадағалап отыруға қол жеткіздік. Біз оны Ақмола облысының кейбір аудан­­дарында жүргізіп, соңғы 2 жыл ішін­де егістікке арналған алқаптардың 7-12%-ының қолданылмай бос жататынын дәлел­дедік. Сондай-ақ жер телімдерін заң­сыз немесе мақсатсыз пайдаланып жат­қан­дарды да анықтап, бұл туралы дерек­­терді жергілікті атқарушы органдарына тиісті шара қолдану үшін бердік. Осын­дай жағдайдың еліміздің негізгі астық өндіруші аймақтарында бар екенін ескерсек, онда республика бойынша шамамен 1,5 млн гектардай жердің өнім бер­мей, бос жататынына көз жеткізуге болады. 

Сонымен қатар жайылымдардағы жағдайды да ғарыштан түсірілген су­­­рет­­терді ғылыми әдістемелер арқылы өң­дей отырып бақылай алатын деңгейге жеттік. 

Егістіктердің топырақ картасын алғашқы рет цифрлы форматқа ауыстыр­дық, ол топырақтың құнарлылық дең­гейін тұрақты түрде бақылау және оны қалпына келтіру шараларын жоспарлау үшін өте маңызды. 

Қазір біз Ақмола, Қарағанды, Қос­­­­­танай және Солтүстік Қазақ­стан облыс­тарының 9 базалық шаруашылы­ғында өндіріске дәлме-дәл егіншілік технологиясын енгізу жобасын жүзеге асырудамыз. Осы жоба аясында аталған шаруашылықтардың маманда­рын оқыттық, техникаларына сараптама жұ­мыстарын жүргізіп, дәлме-дәл егіншілік технологиясына қаншалықты сай екенін анықтадық. Сонымен қатар оларды қосымша опциялармен жабдықтау, сатып алу, орнату және реттеу жұмыстарына нақты көмек көрсеттік.

Дәлме-дәл егіншілік технология­сының талаптары бойынша әр алқаптың топырағының құрамын анықтау жұ­мыстарын жүзеге асырдық. Оны Қазақ­­стан жағдайында алғаш рет «1 гектар­дан 1 сынама» әдістемесі бойын­ша жүргізіп, топырақ құрамының нақты жағдайын анықтап, оны цифрлы форматқа көшіріп, соның негізінде тексерілген алқаптардың агрохимиялық картасын құрастырдық. Осы жерде айта кету керек, жүргізілген талдау топырақ құрамының нашар екенін көрсетті. Мәселен, жеңіл гидролизденуші азот зерттелген алқаптардың 77 пайызында жылжымалы фосфор – 88 пайызында, ал гумус 50 пайызға төмен және өте төмен деңгейде болды. Яғни, осының салдарынан астық сапасының төмендеуі мен егін өнімділігінің азаюы орын алып отыр. Осы кемшілікті жоя білсек, астық шығымын кемінде 5-6 центнерге, жоғары сапалы бидайдың үлесін 3-4 есеге ұлғайтуға, астықтың пісіп-жетілуін 7-8 күнге қысқартуға болады екен.

Сонымен қатар алқаптардың электронды форматтағы фитосанитарлық карталары жасалды. Онда егістік ал­қап­­­­тарында арамшөп басу, ондағы өсім­діктердің ауруға шалдығу, зиянкес­тердің таралу деңгейін көрсететін мәлі­меттер жинақталған. Осындай карта­лар­дың шаруалар үшін құндылығы өте жоғары.

Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүр­гізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жап­пай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн. Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосым­ша кемінде 
100 миллиард теңге қарас­тыруды тапсырамын.  
(Жолдаудан)

Ауыл шаруашылығын цифрландыру мен дәлме-дәл егіншілік технологиясын енгізу жұмыстарын ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер арасында білімді тарату шараларымен қатар жүргізудеміз. Бүгінгі таңда Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерінде 400-ден астам тыңдаушыларды қамтыған 9 семинар өткіздік. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп ауылшаруашылық тауар өндірушілерге қашықтан кеңес беру мақсатында extension.kazatu.kz интернет порталы іске қосылды. Бұл арқылы фермерлер онлайн режімде өндіріс үрдісінде туындаған түрлі мәсе­леге қатысты тегін кеңес ала алады. Интернет-порталға 3 айдың көлемінде фермерлерден 500-ден астам сұрақ түсіп, оған толық жауап берілді. Мемлекет басшысының аграрлық университеттерді ауылшаруашылық білімді тарату орталықтарына айналдыру керек деген тапсырмасын орындауға үлесімізді осылай қосудамыз.

Өндіріске енгізіліп жатқан дәлме-дәл егіншілік технологиясы қолда бар ресурсты тиімді пайдалану арқылы өнім көлемін арттырып, оның сапасын жақсартып, нәтижесінде экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Нақтырақ айтар болсақ, тек егін егу және егістікті күту науқаны кезінде біздің ғылыми басшылыққа алып отырған шаруашылықтарымыз орта есеппен жанар-жағармайдың 8%-ға, минералды тыңайтқыштардың 25%-ға, гербицидтердің 30%-ға үнемделуіне қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ әр гектардан алынып жатқан астықтың түсімі өзгелермен салыстырғанда 5-7 центнерге жоғары. Дәлел ретінде Қарағанды облысы, Осакаров ауданы «Найдоров» ЖШС-ін мысалға келтіруге болады. Осы шаруашылықта біздің ғалымдар енгізген дәлме-дәл егіншілік технологиясын қолданған алқаптардың әр гектарынан 50 центнерден артық бидай жиналуда. Бұл – осы өңір үшін рекордтық көрсеткіш.

Сондай-ақ аталған жобаны жүзеге асыру барысында дәлме-дәл егіншілік технологиясының негізгі элементтерінің басым көпшілігін қазіргі қолда бар техникамен оған қосымша опциялар мен арнайы жабдықтарды орнату арқылы жүргізуге болатынын дәлелдеп бердік. Оған кететін шығынның 1-2 жыл ішінде ақталатынын да анықтадық. Яғни, дәлме-дәл егістік технологиясын тек қана заманауи жаңа техникамен жабдықталған шаруашылықтар ғана қолдана алады деген пікірдің жаңсақ екенін көрсеттік.

Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жолында тежеуші факторлардың бар екенін де айтпасқа болмайды. Цифрлы технология мен оның нәтижелерін іс жүзінде құқықтық мақсаттарда қолдану үшін тиісті заңнамаларды әрі қарай жетілдіру қажет. Мәселен, қолданылмай жатқан жерлерді қайтарып алуды қа­растыру барысында ғарыштық мониторинг материалдарын соттардың ескергені маңызды. Ауылдық жерлерде, әсіресе егістік алқаптарда интернеттің әлсіздігі немесе жоқтығы үлкен кедергі болып отыр. Агрохимиялық зертхана желісінің мешелдігі мен осы бағыттағы қызмет көрсету аясындағы бәсекелестіктің жоқтығы топыраққа агрохимиялық талдау жасау жұмыстарының қолже­тім­сіздігі мен қымбаттығына әкеліп со­ғуда. Ауа райын ұзақ мерзімді болжау мен күтілетін жауын-шашынның мөл­шерін дәл анықтаудың жоқтығы да қолбайлау болып отыр. Соның салдарынан фермерлер егін егу науқанының тиімді мерзімін дәл жоспарлай алмай, оны өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап қолданыста жүрген топырақ қорғау жүйесі бойынша жүргізуде. Яғни, олар осы уақыт аралығында орын алған жаһандық климаттық өзгерістерді ескере алмауда.

Сонымен қатар ынталандыру мақса­тында бастапқы кезеңде дәлме-дәл егіншілік технологиясын енгізу үрдісіне қолдау көрсету қажет. Мәселен, сатып алынатын пилотсыз аппараттардың, техникаға орнатылатын қосымша жаб­дықтар мен опциялардың, сондай-ақ агрохимиялық карталарды құру жұ­мыс­тарының құнына субсидия беру керек.

Тағы да бір өзекті мәселенің бірі – дәлме-дәл егіншілік технологиясы бо­йынша мамандардың жетіспеушілігі. Оқу орнымызда осы технологияға сай келетін құзыреттілігі мен білімі бар жоғары сапалы мамандар бар, алайда олардың саны тым аз. Оларды даярлау уақыт күттірмейтін мәселе. Ең бастысы, осыған сәйкес білім беру бағдарламасын әзірлеу қажет. Оны жоғары оқу орындарының студенттеріне ғана емес, сонымен қатар колледждер мен кәсіптік білім беру училищелеріне де енгізу керек.

Жер – біздің ұлы байлығымыз. Сондықтан да оның іскер диқандардың қолында болып, тиімді пайдалануын қамтамасыз ету ең басты міндеттеріміздің бірі болуға тиіс. Елбасымыздың Жол­дауындағы осындай негізгі талаптар кезек күттірмей жүзеге асырылуы керек.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор